Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы капсула қонақүй жұмысын бастады

0
1739

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Т1 терминалында Caps Lock футуристік стильдегі капсула қонақүй ашылды. Жапон технологиясы бойынша әзірленген соңғы үлгідегі капсула қонақүйде жуынып, шайынып, ұйықтап тынығу үшін барлық жағдай жасалған.

Ең алғаш рет Жапонияда пайда болған капсула қонақүй кейіннен туристер арасында кеңінен танымал болды. Бүгінде осындай демалыс орындары әлемнің көптеген әуежайларында бар.

Қазақстандағы әуежайлардың ішінде капсула қонақүй тек алғаш рет Астана әуежайында жұмысын бастады. Қонақтардың осы жерде еркін демалуы үшін smart-TV, жеке сейф, түрлі түсті LED жарықтары, розеткалар, USB жүйесі, оқуға арналған үстел, желдеткіш, ауа баптағыш, өртке қарсы жүйе, оятқыш және ең бастысы, таза төсеніштері мен жеке гигиеналық құралдары бар жанға жайлы ортопедиялық төсек те қойылған.

Қонақүйде барлығы келушілерге берілетін магниттік SMART карта арқылы басқарылады. Оnline режимінде қонақтар өздеріне қажет рейстерді қолдарына берілетін планшет арқылы біліп отырады. Шағын қонақүйде жуынатын бөлмелер мен әжетхана бар. Оянғаннан кейін қонақтар кофе немесе шай ішіп, шағын бардың көмегіне жүгіне алады.

Қонақүй 10 адамға арналған. Оның пайдалану құны қолжетімді. Бірінші сағаты 1500 теңге, қалған сағаттары 1000 теңгеден. 7 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен қонақүй қызметін тегін пайдаланады. Енді Астанадан ұшатын жолаушылар әуежайда жайлылықпен демалатын мүмкіндікке ие болды.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here