Таяуда Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысында болып, өңірде индустриялық-инновациялық жобалардың іске асуына талдау жасады.
Қарағанды облысы елімізде индустриялық даму бойынша көшбасшы аймақ болып табылады. Аймақта 84 жоба іске асып, инвестицияның жалпы сомасы 252 миллиард теңгеден асқан. 6,4 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Жаңа өндірістерде 700 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімдері шығарылды.
Қ.Тоқаев елімізді аумақтық тұрғыда дамытуға байланысты жаңа әдістер енгізу қажеттігін атап өтті.
– Әкімдер аймақтардағы ең өткір мәселелерді шешуге баса назар аударуы керек, ол үшін қажетті қаржы ресурстары бар. Негізгі қаржы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталуы тиіс. Қаржыны үнемдеуге ерекше назар аударудың маңызы зор. Мойындауымыз керек, біз осы кезге дейін шамамызға қарамадық. Енді бізге өмір көрсетіп отырған жаңа жағдайға бейімделу керек. Қымбат қызмет көліктері, жоғары лауазымды шенеуніктердің атшаптырым кабинеттері мен басқа да үстемдік көрсеткіштері көненің көзі секілді тарих қойнауына кететін кезі алыс емес деп ойлаймын, – деді Парламент жоғарғы палатасының басшысы.
Қ.Тоқаев азаматтар тыныс-тіршілігінің сапасын арттырудағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де еске алды. Оның пікірінше, ол ең алдымен, «Арселор Миттал Темиртау» секілді аймақтағы жүйе құраушы кәсіпорындарға қатысты болып отыр. «Еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігі, қызметкерлер еңбегін лайықты жалақымен қамтамасыз ету ірі бизнестің күн тәртібінен түспеуі тиіс» деді Төраға.
Төраға сөзінде Жолдаудағы тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, азаматтар қауіпсіздігін арттыру секілді салалар бойынша міндеттерді іске асыру мәселелері де қамтылды.
Қ.Тоқаев алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек сапасын сынға алды. «Қазір дәрігерлер есеп беруден қолдары босамайтынын мойындау керек. Олардың пациенттермен айналысуға уақыттары қалмай барады. Компьютерге телмірген дәрігер мен ешкімге керегі болмай қалған емделушінің көрінісі қазір жиі кездеседі» деді Төраға.
Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған идеялар әңгіме арқауына айналды. Қ.Тоқаев өз сөзінде Елбасының отандық білім беру жүйесінің алдына қойған жаңа міндеттерге жан-жақты талдау жасады.
Атап айтқанда, цифрландыру, Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістемелерін енгізу, білім беру ортасының сапасын арттыру, жайлы әрі қауіпсіз оқытуға арналған жағдайды қамтамасыз ету туралы айтылды. «Барлық мектептер мен бала бақшалары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі, мектеп психологтарының жұмысы күшейтіледі. Салалық министрліктер мен әкімдіктер осы маңызды жұмыстарға кірісуі тиіс» деді Төраға.
Жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы оқу ордасының білім сапасын бағалаудың басты талабы ретінде енгізу туралы Президенттің тапсырмасы туралы айта келіп, Қ.Тоқаев еңбек нарығына мұқият мониторинг жүргізу және сұранысты зерделеу қажеттігін атап өтті. «Болашағы бар кәсіптер мен нарықтың сұраныстарын зерделеу жөніндегі жүйелі жұмыстарды қалыптастырып алу, одан кейін ол мәліметтерді әрбір түлекке жеткізу маңызды болып отыр» деді Сенат Төрағасы.
Қарағандыға сапар аясында Сенат басшысы «Луч» жүйке ауруларынан сауықтыру орталығында, тұрба мен сапалы полимер өнімдер шығаратын «ҚазПласт» кәсіпорнында, сондай-ақ «Нәтиже» сүт фабрикасында болды.