Шаруасы ілгері басқан Іле ауданы

0
3289

Алматы облысындағы жерінің түгін тартсаң майы қосы шығатын аймақ – Іле ауданы. Бүгінде Іле ауданы жазық та, жазиралы 7,8 мың шақырым аумақты алып жатыр. Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең далаға тың игеру жылдары түрен салынып, бос жатқан жерлер толығымен игеріліп, егістік алқаптарына айналды. Қазіргі таңда Іле ауданы – тек қана ауыл шаруашлығымен ғана емес, өркендеген өндірісімен де елдің назарын өзіне аударып отырған іргелі аудан. Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр.

 

Аудан қалай құрылды?

Өткенге көз салсақ, осыдан тоқсан жыл бұрын топырағы құнарлы, суы мөлдір, ауасы таза ен далада ақшаңқай зәулім үйлер бой көтеріп, «Қаскелең», «Іле» атты екі кеңшар өмірге келген болатын.

Бертін келе осы екі шаруашылықта бидай, жүгері, арпа сияқты дәнді-дақылдардың жоғары сорттары өсіріліп, астық өндірісі қарқындай түсті.

Іле ауданы экономикасын ілгерлетуде «Қарой» алқабында 160 мың гектар жердің үлесі зор. Кеңес заманында аталған жердің 100 мың гектарына дәнді-дақыл, 60 мыңына көп жылдық мал азығы егілді. Мұнымен қоса ірі қара, қой, шошқа шаруашылығы мықтап қолға алынғанын тарихтан білеміз.

Сонымен қатар топырағы құмдауыт келген Жетіген өңірінде «Рассвет» кеңшарының негізі қаланып, мұнда қауын, қарбыз сияқты бақша өнімдері өсіріле бастады. Жесең дәмі аузыңнан кетпейтін қарбызды өсіру арқылы «Рассвет» кеңшары аудан, облысты былай қойғанда, республика көлемінде де жоғарғы жетістіктерімен алдыңғы қатардан көрінгені белгілі.

Іле ауданының аумағында сонымен қатар қант қызылшасы, жеміс-жидек көптеп өсірілді. Мәселен, «Комсомол» кеңшары, «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымдық шаруашылығы тәтті тамыр өсіруге маманданса, М.Түймебаев атындағы жүзім кеңшары алма, жүзім, құлпынай өсіріп үнемі озық жетістіктермен көзге түсті. Ауа райы қолайлы болған жылдары ауданда жылына 150 мың тоннаға дейін дәнді-дақыл, 150 мың тонна қант қызылшасы өндірілді. Сол кезде әр гектардан 400 центнерден қант қызылшасы, тәлімі жердің гектарынан 13-14, ал суармалы жерден 40 центнерден өнім алынғанын сол кездегі еңбеккерлер жыр қылып айтады.

 

Ауыл шаруашылығы әлеуеті

Жалпы алғанда 1975-1985 жылдары аудан мемлекетке 200-250 мың тоннаға жуық көкөніс, 100 мың тоннаға жуық ет, 250 мың тонна сүт, 30-35 миллион пұт астық өткізетін іргелі аймаққа айналды. Сөйтіп, Кеңестік дәуірде ауданның агроөнеркәсіптік кешені барынша дамыды.

Мал шаруашылығы да сол жылдары қарқынды дамып, 1980 жылдардың аяғында 10 мың бас сауын сиыры, 100 мың бас шошқа, 20 мың бас қой болған. Құс шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінді. Алматы бройлерлі құс, Чапай құс фабрикасында және Жетісу асыл тұқымды құс зауытында 7 миллионнан астам құс өсірілген болатын.

Кеңес заманында ауданның ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласы да қатар дамыды. Бұл кезде аудан аумағына 16 өнеркәсіп, кәсіпорындар орналасқан-ды. Машина құрылысы, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс индустриясы жан-жақты жетілдірілді. Осылайша Іле ауданы аз ғана уақыттың ішінде көпсалалы аудан деген атаққа ие болды.

Еліміз өз алдына отау құрып, егемендіктің көк байрағын желбіреткен тұста да аудан тұралап артта қалған жоқ. Егемендікпен бірге келген шаруа қожалықтары, серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар көптеп ашылып, қызу жұмысты бастап кетті. Бұрынғы өнеркәсіп зауыттары мен ұйымдары өздерінің атауын заман талабына сай өзгертіп, бүгінгі күннің сұранысындағы тауарлар өндіруді көптеп қолға алды.

Ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тығыз байланыс орнатуға айрықша көңіл бөлінген болатын. Мұның өзі шаруалардың жұмыс барысында туындаған кедергілерді дер кезінде шешуіне, кәсіби бағытта сапалы ұсыныстар мен кеңестер алуға мүмкіндік береді.

Ауданда астық және май дақылдарының жоғары өнімді сорттарын пайдалану, суарудың жоғары технологиялы әдісін іске қосу, минералды және органикалық тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, ауылшаруашылық техникасын жаңарту арқылы егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға қол жеткізілді. Сонымен қатар ауылшаруашылығы малының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін асыл тұқымды аналық мал басын көбейту арқылы мал шаруашылығы өнімдерін арттыруға күш жұмсады.

Өндіріс саласы алға басып, ауыл шаруашылығы қарқынды даму жолына түсті. Алдағы жылдарға арналып бекітілген аграрлық және азық-түлік бағдарламасы, сондай-ақ ауылшаруашылығын алға бастырудың 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы экономикалық қайта құрылымдардың жаңа тетігін іске қосу, аудан территориясында тұратын тұрғындардың көп бөлігін жұмыспен қамтып, елдімекендердің тиімді инфрақұрылымын жасақтауға мүмкіндік туды.

 

Өркендеген өндіріс

Алматының дәл іргесіндегі Іле ауданында 80 жылдардың өзінде 16 өнеркәсіп кәсіпорны, 38 құрылыс, 5 жол жөндеу және оны пайдалануға беру ұйымдары, 5 автотранспорт кәсіпорны, 1 автобус паркі, 4 теміржол стансасы және Боралдай авиакәсіпорны орналасты. Ал 1987 жылы Алматы ГРЭС-і «Қазмрамор» комбинаты, Алматы қант зауыты, «Жөндеу құрылыс техникасы» өндірістік бірлестігі, «Ротор» зауыты сияқты ірі-ірі кәсіпорындар 157 миллион сомның жалпы өнімін өндірсе, құрылыс кәсіпорындары 38 миллион сомның қаржысын игерді.

Ал тоқсаныншы жылдардың орта шенінде өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың саны 41-ге жетті. Осы кезеңде 172,5 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген болатын.

Бүгінгі күннің деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ілгерілеу бағыты басымдық танытуда. Ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған ауданның бұл саладағы негізін шығарылатын барлық өнеркәсіп өнімдерінің 90 пайызын қамтитын 8 ірі және 69 орта өндірістік, 1 597 шағын кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істейді.

Қазір орта және ірі кәсіпорындар ауданға 182 миллиардан астам қаржы салған. Инвестицияның негізгі көлемі «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия», «Вило Централ Азия», «Филип Моррис Қазақстан», «Первый пивзавод», «Абди Ибрахим Глобал фарм», «Дольче», «Джей Ти Ай Казахстан», «АДСК», «СТК «Сокол» сынды серіктестіктері арқылы игерілуде.

Сонымен қатар 20 инвестициялық жобаны іске асыратын Өтеген батыр кентінде қайта өңдейтін «Аметист», М.Түймебаев ауылында металл өнімдерін өндіретін «Метиндастри», Боралдайда құрылыс қоспаларын шығаратын «Ақ барс» және пластик құбырларын өндіретін «Ера Алматы», КазЦик елді мекенінде пластик терезелерін шығарумен айналысатын «Форрест» серіктестіктерінің құрылысы салынуда. Жақын арада Байсерке ауылдық округінде тез тағам дайындауға қажетті шикізаттар өндіретін «Фуд таун Алматы», «Метропроект» сияқты кәсіпорындар ашылмақшы.

Жалпы алғанда ауданымыз темекі өнімдері, фармацевтика, алюминийден жасалған профильдер, шыны ыдыстар шығарудан жетекші өндіруші болып табылады.

 

Шаруашылық саласындағы жетістіктер

Соңғы уақыттары ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 8,7 млрд. теңгені немесе 101,3 пайызды құрады. 59,6 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді.

«Нұрлы жер» бағдармасы бойынша Өтеген батыр кентінде жалпы көлемі 402 шаршы метр болатын 50 несиелік тұрғын үстіміздегі жылы пайдалануға берілді.

«Алматы–Талдықорған газ құбырының құрылысы» жобасы бойынша жұмыстар аяқталды, нәтижесінде, 6 мыңға жуық тұрғыны бар Күрті ауданының Ақши ауылы газбен қамтамасыз етілді. Ауданда 9 ауылдық округ газдандырылған, Алматы–Қапшағай газ қоймасын салудан кейін Жетіген ауылын газдандыру күтілуде. Облыстың көлік жолдарының жалпы ұзындығы – 384 шақырым (соның ішінде республикалық деңгей 222 шақырым).

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын дамытуда 4 елді мекеннің инженерлік-коммуникациялық секторы қолға алынып қайта күрделі жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде, КазЦИК, Чапаев, Боралдай, Қоянқұс ауылдарындағы 2 500 аула немесе 10 мың адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Коянқұс және Ынтымақ ауылдарында сапалы сумен қамтамасыз ету жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, 250 метрлік қысым коллекторын ауыстыру арқылы Боралдай әуежайының қону және ұшу алаңындағы кәріз-құбыр станциясын жөндеу жұмысы аяқталды.

Аудандық жылу желісінің ұзындығы 33,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде ішкі жылу жүйесі – 21,7 шақырым, магистральді бөлігі 12 шақырымды құрайды. Өтеген батыр, Боралдай, Чапаев және Көктерек ауылдары Жылу электр орталығының жылу желілері арқылы орталықтандырылған жылу беру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда барлығы 11 қазандық бар, оның ішінде 9-ы – табиғи газ, 2-і қатты отын. Жылу тарату желілерінің саны – 36,3 мың шақырым, қосалқы станциялар – 9 бірлік және трансформаторлық қосалқы станциялар – 997 бірлікті құрайды. Боралдай кентіндегі жаңақұрылыс ықшам ауданында 7 шақырымнан астам электр беру желілерін жеткізетін жаңа электр тарату орталығы салынды.

 

Әлеуметтің әл-ауқаты

Аудандағы еңбек нарығында тұрақты ахуал қалыптасқан. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар «2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асып келеді. «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» еңбекпен айналысудың және бұқаралық кәсіпкерліктің өнімділігін дамыту бағдарламасы» 4 275 адам жұмысқа тартылды. Ауылдық жерлерде тұратын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт қызметкерлері жыл сайын бес айлық есептік көрсеткіші (2 405 теңге) көлемінде отынды сатып алуға 3 691 адамға 44,8 мың. теңге өтемақы алады.

Ауданның денсаулық сақтау саласына да айтарлықтай жетістіктер бар. Ауданда 31 денсаулық сақтау мекемесі болса, оларда 645-тен астам дәрігер және1522-тан астам медбике жұмыс істейді. 10 мың адамға шаққандағы дәрігерлер саны 32,0 пайызды құрайды. Ауданның медициналық мекемелерін санитарлық көліктермен қамтамасыз ету 100 пайызды құраса, медициналық мақсаттағы жабдық пен жабдықтардың деңгейі 76,18 пайызды құрайды. Орталық аудандық аурухананың ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталды. 150 әйелді қабылдауға мүмкіндік беретін 125 төсектік перзентхананың құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Жалпы ауданда тәулік бойы жұмыс істейтін 1 053 төсек бар.

«Қазақстан Республикасындағы 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. 2017-2018 оқу жылында 6 мектеп пайдалануға берілсе, 2018-2019 оқу жылында тағы екі мектеп ашылды. № 12 орта мектепке жапсарлас ғимарат салынды. Өткен жылы және биыл № 5, 7, 13, 15, 38 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №34 мектепке 300 орындық жапсаржай құрылысы жүргізілді.

47 мектеп кеңжолақты интернетке қосылды, 22 химия кабинеті, 27 физика кабинеті, 27 биологиялық кабинеті жабдықталынып, 560 компьютер сатып алынды. 224 интерактивті тақталар орнатылды, 26 мектеп лингафон кабинетімен жабдықталынды. 40 мектепте «ON-line» режимінде сабақ өткізуге мүмкіндік жасалынды. 48 мектеп «Kundelik.kz» режиміне қосылған. Аудан мектептерінде 4 460 компьютер бар.

Биыл орта мектепті 1 636 түлек аяқтап, 143 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 63 бала үздік аттестат алды. ҰБТ-ның орташа балы аудан бойынша 89,2 пайыз болды.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1 900 орындық 22 жеке балабақша ашылды. Жалпы ауданда 8 873 баланы қамтитын 102 мектепке дейінгі мекеме бар, бұл 96,6 пайызды құрайды.

 

Айгерім Сансызбайқызы, Іле ауданы Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here