Атырауда тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік бағдарламалар қарқын алған сайын баспана бағасы төмендеп келеді.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 45 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Алғашқы 34 үй жаңа жылға дейін пайдалануға берілмек.

Енді екі жылда Атырауда 3900 отбасы баспаналы болады. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынған «7-20-25» бағдарламасына түскен 91 өтініштің 61-і мақұлданыпты.
Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша қолжетімді баспанаға өтініш берген 53 мың салымшы бар. Олардан жинақталған жарна 25 миллиард теңгеден асады. Демек, пәтер болса, қаржы дайын.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, келесі жылы салынып жатқан 44 тұрғын үймен қатар 70 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтау жұмысы жүріп жатыр. 2019 жылы 50 үйдің құрылысын аяқтау жоспарда. Биыл 5 ауданда көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр.

Жыл аяғына дейін Атырауда 34 көпқабатты үйді тапсыру жоспарланып отыр. Мұның сыртында коммерциялық ұйымдар салып жатқан 19 көпқабатты үй бар.

Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы аясында облыста 91 өтінім түскен болатын оның қазіргі таңда 61-і мақұлданып, 41 пәтер нақты берілді. Бұл мақсатқа 1 млрд 145 млн теңге қаралған.

Бұдан бұрын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

– Біз бұл істерді әрі қарай жалғастырамыз. Халықтың арасында, соның ішінде жастар арасында осы бағдарламаның тетіктерін қолдану ниеттері өте жоғары. Оның сыртында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  Елбасының тапсырмасына сәйкес бір типті жер үйлерді салу бағытында  60 үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз, – деген болатын.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жаңа  үйлер құрылысы нарықтағы бағаға да әсер ете бастады. Бұл пәтерлердің әр шаршы метрі 180 мың теңге шамасында. Ал коммерциялық бағыттағы жеке компаниялар салған пәтер бағасы 370 мың теңге көлемінде. Яғни Президент ұсынған жаңа бағдарламалар тұрғын үй нарығын реттеуге мүмкіндік берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here