Тараз қаласында лаңкестік шабуылдан ажал құшқан ҰҚК қызметкерлеріне ескерткіш қойылды
Еліміздегі Ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында Тараз қаласында бейбіт тұрғындардың өміріне ара түсіп, жазықсыз жандарды ажалдан арашалап қалған ҰҚК қызметкерлері Сергей Касьяненко мен Мұхтар Қалиевке ескерткіш орнатылды.
Тараз тұрғындары Өзгелерді құтқару жолында өз өмірлерін құрбан еткен батырларға осылайша құрмет көрсетті.
Айта кетелік, осыдан 10 жыл бұрын қаладағы лаңкестік шабуыл кезінде террористің тырнағына іліккен азаматтардың арасында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандары болды.
Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко діни экстремизмге қатысы бар деген күдіктінің ізіне түсіп, оған сырттай бақылау жүргізген болатын. Лаңкестің қыр соңына түскен жедел-іздестіру тобының қызметкерлеріне террорист тұтқиылдан шабуыл жасап, ажал құштырған еді.
Батырлардың есім-сойы бұдан былай қаладағы ҰҚК мекемесінің іргесіндегі саябақта орналасқан монументте мәңгіге сақталатын болады.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Бұдан бөлек, аймақ прокуроры Нұрғалым Әбдірұлы, облыстық ҰҚКД бастығы Марат Ирменұлы, жергілікті полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов және қаза тапқан қызметкерлердің ағайын-туыстары қатысты.
Бердікбек Сапарбаев өз сөзінде ҰҚК-ның құрылғаны күні қарсаңында ашылған қос батырға арналған ескерткіштің символикалық маңызы бар екенін атап өтті.
«Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау жолында өз өмірлерін пида еткен ҰҚК қызметкерлері – мемлекет ісіне шынайы берілген, халқына адалдықтың анық үлгісін көрсете білді. Бүгінгі буын мұндай батырларын ұмытпай, олардан үлгі алуы тиіс! Осы саябақты абаттандырып, батырларды еске алатын орынға айналдырғаны үшін облыстық ҰҚКД басшылығына алғысымды жеткізгім келеді», – деді аймақ басшысы.
Ескерткіштің ашылу салтанатында батырлардың жақын туыстары да сөз алып, шараға жиналған қауымға алғысын айтты.
Мұхтар Қалиевтің әкесі Ермекбай Хали бұл ескерткіштің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Ұлттық қауіпсіздік
саласы қауіп пен қатерге толы. Ұлтына, еліне азаматтар мемлекет мүддесі үшін соңына
дейін күреседі. Ең бастысы, бұдан былай елімізде мұндай дүрбелеңдер болмасын.
Аспанымыз әркез ашық болсын, бейбіт тіршілігіміз бұзылмасын», – деді ол.