Бүгінде дұрыс діни ақпаратты тарату өте маңызды. Тоқсаныншы жылдардың басында діни ақпараттың дұрыс таралмауынан жастарымыз түрлі ағымдардың жетегінде кетіп, еліміздің тыныштығына қауіп төнгені белгілі. Ол кезде ел арасына дұрыс діни ақпаратты жеткізетін мамандар мен ақпарат құралдары болмады. Ал қазір жағдай түбірімен өзгерген. Бүгінде дін саласы бойынша халыққа дұрыс ақпарат тарататын ақпарат құралдары күн сайын дамып келеді. Күні кеше ғана OTAU TV ұлттық спутниктің телевизия жүйесіне Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының MUNARA TV телеарнасы хабар таратуды бастады.

Еліміздің спутниктік телевизия саласында 49-арна болып тіркелген MUNARA TV арнасы ел аумағында дұрыс діни ақпаратты таратып, ислам дінінің Ханафи масхабына сай келетін ақпараттарды жұртшылыққа жеткізіп, көрермендердің діни сауаттылығын арттыруға өз үлесін қосатыны айтпаса да түсінікті.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының базасында жасақталған жаңа телеарнада елімізге аты мәлім білікті теолог мамандар өз ойларын ортаға салып, жамағатқа дұрыс жолды нұсқайтын болады. Сонымен қатар қоғамдық ортада діни экстремизм мен терроризмге қарсы төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға өз үлесін қоспақшы.

Жалпы, ел арасында діни алауыздықты жойып, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанған Ханафи масхабын жан-жақты насихаттау еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Бүгінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы дұрыс діни ақпаратты таратып, халықты бөтен діни ағамдардан сақтандыруда жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп келеді. Діни басқарманың өзінің телеарнасы мен радиосын ашу 2020-2025 стратегиялық даму бағдарламасында тайға таңба басқандай анық жазылған. Жаңа телеарнаның ашылуы бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен іске асып келе жатқанын дәлелдей түседі. MUNARA TV телеарнасында жұмыс істейтін әріптестерімізге шығармашылық табыс тілейміз.

«ҚмД» ақпарат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here