Ол Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясымен сәйкесе ме?  

“Бұл халық үшін қабылданған заң, ендігі жерде шенділерді тәртіпке шақыратын арнайы жүйе жұмыс істейді”, – дейді осы орайда Қанат Мусин. 

Шілде айынан бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Сот саласы мамандарының аузымен айтқанда “жаңа сала – әкімшілік әділет жүйесі” жұмыс істейді бастайды. 

Шыны керек, мемлекет болғаннан кейін күнделікті қабылданып жатқан заңдар жетіп артылады. Ендеше, бұл кодекстің ерекшелігі қандай? Нені көздейді? Нені мақсат тұтаты? Мемлекетке, қоғамға қандай пайда әкелмек? Осы тарапта жаңадан ашылатын әкімшілік соттардың қызметі қалай жүргізіледі? 

Қазақтілді аудиторияны мазалаған осы және өзге де сауалдарға Қазақстан Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат МУСИН егжей-тегжейлі жауап берген екен. 

Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс туралы мол мағлұмат берген маманның пікірі оқырманға да қызықты болар деген ойдамыз.

“Бұл Президент Тоқаев айтқан саяси реформалардың аса маңызды қадамы. Шілде айынан бастап осынау кодекс күшіне енді. Жалпақ тілмен айтқанда, әкімшілік әділет жүйесі іске қосылды. 

Бұған дейін елімізде сот ісін жүргізудің 3 түрі, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзушылық тараптары болды. Бұдай былай сот ісін жүргізудің жаңа, 4-түрі – әкімшілік соттар белсенді жұмыс істейтін болады”, – деді Қанат Мусин. 

Жарайды, бұл түсінікті делік. Бұл кодекстен халыққа қандай қайыр бар? Әкімшілік соттар қарапайым халыққа қай кезде қол ұшын созады? 

Қанат Мусиннің атап өткеніндей, “әкімшілік әділет жүйесі” дамыған елдерде ерте кезден бері жұмыс істейді. Әкімшілік соттар халықтың сөзіне құлақ аспайтын кердең шенеуніктердің тәртібін тезге салу мақсатында арнайы құрылған жүйе деп саналады. 

“Ағылшын тілінде “administrative justice” деген түсінік бар. Қазақша аударсақ, әкімшілік әділет деген білдіреді. Әкімшілік соттардың басты миссиясы – билік органдарымен арадағы дау-жанжалда әлсіз тарапқа араша түсу. Мысалы, біздің елде көбіне-көп тұрғындар мен әкімдік арасында келіспеушіліктер туындап жатады. Біреу “акиматтың” шешімімен келіспеуі мүмкін. Сондайда қайда барады, кімге жүгінеді? Әлбетте, сотқа жүгіреді. Өздеріңіз білетіндей, судьялар мұндай дауды осы кезге дейін Азаматтық процестік кодекстің ережесі негізінде қарап келді”, – дейді ол. 

“Қала мен Дала” осы орайда тәжірибелі заңгер Нұршат ҚАЗБЕКОВАНЫ әңгімеге тартып, Азаматтық кодекстің әлсіз тұстары туралы сұраған еді. 

“Бұл Кодекстің ең басты шарты, сотқа жүгінген екі тарапты тең қарасты, ешкімді бөліп жармайды. Сот процесі пікірталас, жарыспалы негізде өтеді. Кімнің дәлелі дәйекті, кімнің дәлелі өтімді, кім сотты өз сөзіне сендіре алды, ақыр аяғында сол азамат дауда басым түседі. 

Ал енді ойлап қараңыз. Сіз өзіңіз тұратын қаланың немесе ауданның әкімін сотқа бердіңіз делік. Шенеуніктің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде қара терге түсіп арыз иесінің өзі дәлелдеп шығуға тиіс. Қарапайым адамның қолында мұндай мүмкіндік бар ма? Ашығын айтқанда, сіз бен біз қолында билігі бар әкімдікпен айқаса алмаймыз? Себебі меморганның бір емес, бірнеше заңгері бар, сіз бен бізге қарағанда басым түсу мүмкіндігі көп.

Осы себепті тұрғындар мен әкімдік арасында туындаған дау-дамайдың көпшілігі әкімдіктердің пайдасына шешіліп жатады. Бұл шамамен 85-90 пайыз. Бұдан кейін жұрттың да еліміздің сот жүйесінен көңілі қалады”, – деді “Қала мен Далаға” пікір білдірген заңгер.


Қанат Мусиннің атап өткеніндей, бұдан былай жаңадан қабылданған Кодекске сай еліміздегі дау-дамайлар мүлде басқа қағидалар бойынша қаралады.

Бұдай былай қарапайым адам мен әкімдік өзара тең емес. Әкімшілік соттар билік органының немесе белгілі бір шенеуніктің үстінен арыз берген азаматқа барынша көмектеседі. 

«Ілгерідегі әріптесім айтып өткендей, ендігі жерде әкімдіктің шешімі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын арыз беруші дәлелдеп әуреге түспейді. Сол шешімді қабылдағанда әкімдік неге сүйенді? Ол қаншалықты заңды? Елдің пікірін есепке алды ма? Оның қоғамға пайдасы қаншалықты болады? Әкімдік осының бәрін негіздеп дәлелдеуге міндетті болады!”, – дейді Қанат Мусин.

 Қазақстан Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы  бұл Кодексе Тоқаевтың саяси реформаларының жалғасы деп баға беруі бекер емес. Осынау құжатқа қол қойған Президент Тоқаев заңның ертелетіп іске кірісуіне мүдделі болды. 

Бұл туралы Мемлекет басшының баспасөз-хатшысы Берік Уәли де өз пікірін білдірген. 

“Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс билік пен халық арасындағы диалогты, қарым-қатынасты біржолата өзгертеді. Қарапайым тұрғындардың ар-намысы мен кәсіпкерлерді қорғаудың жаңа механизмдері сот жүйесіне кіріктіріледі. Шенеуніктер, әкімдіктердің үстінен жазылатын арыз-шағымдар бұдай былай «әкімдіктердің кінәлі немесе кінәлі еместігін айқындау» принципі негізінде қарастырылатын болады. 

Ең басты өзгешелік, арыз беруші емес, әкімдік өз шешімінің заңдылығы мен дұрыстығын судьяның алдында нақты дәлелдеуге тиіс. Бұрынғыдай сыдыртпа, сырғытпа жауаптар мен арыз берген қарапайым тұрғынды әуре-сарсаңға салатын әрекеттері үшін билік органы ғана емес, шешім қабылдаған тұлға да жауап беретін болады», – деп жазған еді Берік Уәли. 

Оның пайымдауынша, аталған құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асырудың маңызды бөлшегіне айналады. 

Айта кетелік, қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірлерінде жалпы саны 21 жаңа әкімшілік сот ашылды. Жоғарғы Сотта және облыстық соттарда әкімшілік істер бойынша сот алқалары құрылып үлгерді.

Аяулым ШАЙМАРДАН

 Жаңа әкімшілік кодекстің 7 басымдығы 

  1. Арыз-шағым берілген күннен бастап іс сотта қозғалған болып саналады.
  2. Арыз берген тұрғын талап-арызының заңдылығын, әділдігін дәлелдеп жатпайды. Бұл міндет мемлекеттік органның мойнына жүктеледі. Егер де билік органы өз шешімінің дұрыс әрі заңды екенін негіздеп, дәлелдей алмаған жағдайда ол іс бойынша сотта жеңіледі.
  3. Судья мәлімделген талаптармен ғана шектелмейді. Әкімдік жұмысына көңілі толмай арыз берген азамат әуел бастан әлсіз тарап болып есептеледі. Сот азаматқа арыз-шағымындағы аргументтерді дұрыс көрсетуге, оның түр-сипатын өзгертуге дейін қол ұшын созады. Кодекс бойынша арыз-шағымның – даулау, мәжбүрлеу, іс-әрекетті жасау және де тану туралы 4 түрі бар. 
  4. Ендігі жерде судьялар тараптарға көмек ретінде бірқатар құқықтық түйткілдер бойынша алдын ала өз пікірін айтуға құқысы бар.
  5. Кодекс билік органын немесе белгілі бір шенеунікті тәртіпке салады. Заң аясындағы мәжбүрлеу шарасының бірі ретінде ақшалай құн өндіріп алу енгізілетін болады.  
  6. Билік органдарымен дау-дамай кезінде тараптардың тіл табысу мүмкіндігі қарастырылған.  
  7. Судья өз шешімінің орындалуы барысын бақылайды және толық қамтамасыз етеді.   

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here