Қазақстанда азаматтық қоғам үрдістері қалыптасып, жемісін беруде

0
503

Азаматтық қоғам белсенділігін дамытудың маңызы зор. Бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, күні кеше ғана ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сараптамалық диалог алаңына қатысушылары елдегі азаматтық қоғамды дамыту индексі бойынша жүргізілген талдамалық зерттеудің нәтижелерін жұртшылыққа таныстырып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.  

Осы ретте Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жұмыстарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бағдаршам болып отыр. Маңызды құжатта азаматтық қоғам мен оның институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау, азаматтарды мемлекет пен қоғамның негізгі міндеттерін талқылауға тарту туралы мәселелер көтерілген болатын.

Бұған дейін елімізде азаматтық қоғам мәселелерімен негізінен, шетелдік ұйымдар айналысып келген еді. Олардың қатарында USAID, Еуропалық Одақтың DCI, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры сынды іргелі ұйымдар болғаны белгілі. Ал қазір ел ішінде азаматтық қоғам өміршеңдігін қалыптастыру ісіне «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жан-жақты айналысып, бұл бағытта қызу жұмыс істеп жатыр.

Алқалы басқосуда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметов:

– Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы орайда дәл қазір азаматтық қоғам дамуының қай кезеңде тұрғанын анықтап алуымыз маңызды. Үкіметтік емес ұйымдардың қандай проблемалары барын сараптап алған жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде бар-жоғы 10-20 ғана ҮЕҰ болған, ал қазір елде 17 мыңдай белсенді ҮЕҰ бар. Ал тіркелгендерінің саны 22 мыңнан асады. Бұл тұрғыда елдегі азаматтық қоғамдардың даму индексін зерттеп, саралап, соған сәйкес әрі қарай жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстар мемлекеттік мекемелер үшін ғана емес, ҮЕҰ дамуы үшін де маңызды, – деді комитет төрағасы.

Иә, өздеріңізде байқаған шығарсыздар еліміз тәуелсіздікке ие болған жылдары елімізде қоғамдық ұйымдарды саусақпен санап алуға болатын еді. Сол сияқты олардың жұмысына баға беретін критерийлер де өте қарапайым болды. Бұл ретте комитет жанындағы Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшысы Бауыржан Төлегенов ол кезде қоғамдық ұйымдардың жұмысы нормативтік-құқықтық актілерді саралау мен сараптамалық пікірлерді өлшеу тұрғысынан ғана баға беріліп келді. Ал қазір жағдай түбегейлі өзгерген. Заман алға жылжып, жаңа технологиялар дамыған сәтте қоғамдық ұйымдардың жұмысын өлшеу әдістері де өзгеріп, жетіле түскенін байқауға болады. Айталық, қазіргі таңда елімізде түрлі салаларда жұмыс істейтін азаматтық қоғам институттарының жұмысына азаматтық қатысу, ұйымдастырушылық ресурстар, құндылықтар мен ұйымдастырушылық мәдениет, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар проблемаларды шешуге ықпал ету әлеуеті сынды тың тәсілдермен баға беруге болады. Қазіргі таңда қазақ қоғамында азаматтық қоғам қалыптасып үлгерді деп нық сеніммен айтуға болады.

Бүгінде орталық атқарушы биліктен бөлек жергілікті жерлерде қоғамдық ұйымдар ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл үшін арнайы гранттар бөлініп, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Пандемия кезінде елімізде қалыптасқан қоғамдық ұйымдардың күшімен көптеген жұмыстар атқарылғанына куә болдық. Көптеген қайырымдылық шаралары, оқу мен білімді жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар өз жемісін берді деп нық сеніммен айтуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандырып, оларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетудің маңызы зор. Өз кезегінде азаматтық қоғам белсенділері бұл бағытта қалай жұмыс істеуге қатысты ойларын ортаға салып, пікірлерін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here