Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі отбасы құндылықтарын нығайту мәселелерін талқылады

0
1220

Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында онлайн режимде Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиналыстың модераторы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова болды.

Кеңейтілген отырысқа аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлім басшылары мен қызметкерлері, аудандық, қалалық, ауылдық округтердің аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Аналар кеңесінде жас ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау мәселелері талқыланды. Әр ауданның Аналар кеңесінің төрағалары өздерінің атқарылған жұмыстарына есеп берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі еліміздегі маңызды қоғамдық ұйымға айналып келеді. Жалпы, Аналар кеңесінің құрылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылдың 4 сәуірінде өткен XX сессиясында сөйлеген сөзі себепші болғанын айта кетуіміз керек. «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасынан кейін Ассамблея жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Елбасының Қоғамдық келісім кеңестерін құру жөніндегі тапсырмасы сол ұйымдардың Аналар кеңесі деген атаумен қоғамдық бірлестік ретінде ресімделуі үшін негіз болды. Қазіргі таңда Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы жанында жұмыс істеп жатқан Аналар кеңесі Жетісу жерінде отбасылық құндылықты насихаттап, жастардың бойына отаншылдық сезімді дарытып келеді.

Қазіргі таңда Алматы облысындағы Аналар кеңесінің құрамында көпбалалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар. Қоғамдық ұйымның алқалы басқосуында сөз алған Алматы облысы бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева сөз сөйлеп, көкейде жүрген ойын ортаға салды:

– Бүгінде Жетісу жерінде құрылған Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан Аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысуда. Еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандыра түсуіміз керек, – деді.

Бүгінде аналар облыста болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Айталық, елде төтенше жағдай енгізілгенде көпшілік үшін үлкен сынақ болды. Алғашқыда адамдардың сасқалақтап, абыржып қалғаны рас. Дәріханаларда маскалар жоқ деп, ашу шақырғандар да болды. Міне, осы кезде белсенді сурылып шығып, жергілікті теле-радио арналар арқылы сөйлеп, әлеуметтік желілерде посттар жазып, сабырға шақырды. Ал Алакөл ауданының Аналар кеңесінің мүшелері округтік аналар кеңестеріне үндеу жариялап, маскаларды өздеріміз тігейік деген бастама көтерді. Бірден жедел топтар құрылып, маскалар тігіле бастады. Олар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына тегін таратты. Алакөл аудандық Аналар кеңесінің бастамасы бүкіл облысқа тарады. Осылайша, Алматы облысының алтын құрсақты аналары карантин кезінде өздерінің жұмысын жандандырып, көпшіліктің ортасынан табыла білді.

Іс-шараның соңында әр ауданнан нәтижелі жұмыс атқарған, белсенділік танытқан ауылдық округтер марапатталды.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here