Этносаралық үндестік – достықтың кепілі

0
838

Бірлік пен тірлік ұштасқан, татулық пен тыныштық қалыптасқан елде береке мол. Атап айтқанда, біздің елімізде ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміздің маңдайы жарқын, мәртебесі жоғары. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дала даналығы. Дана жұртымыз мұны тегіннен-тегін айтпаса керек.

Қазіргі таңда Алакөл ауданында 16 ұлт өкілдері жергілікті халықпен етене араласып, тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруде.

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығы. Айтулы мерекеге орай Алакөл ауданында бірқатар шаралар атқарылуда.

Солардың бірі – көктем шыға салысымен бірге келетін «Алғыс айту» мерекесіне орай, Алакөл ауданы, Еңбекші ауылдық округі тұрғындарымен қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен кең көлемде шара өткізілді. 

Шараның шымылдығын ашып, алғашқы болып сөз алған ауылдық округ әкімі Қуаныш Сағымбеков жыл сайын көктем мезгілінің осындай ізгілікті мейрамымен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.

– Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның ашық белгісі, – деп атап өтті.

Мерекелік шарада ауыл өнерпаздары дайындаған адамның көңіліне ой салатын, жан тебірентер, тәрбиелік мәні зор сахналық қойылымдар қойылып, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, Абайдың әуезді әндері шырқалды.

Сонымен бірге ауылда қоныстанған өзге ұлт өкілдері де өз өнерлерімен жиналған жұртшылықты тәнті етті.

Шара соңында ауыл тұрғыны, шешен ұлтының өкілі Зайра Усманова: «Мен үшін бұл мейрамның негізгі мағынасы – бейбітшілік, мейірімділік, махаббат. Өзім шешен ұлты болсам да жүрегім қазақ», – деп барша ұлт пен ұлыстардың атынан Қазақ еліне алғысын білдірді.

Сондай-ақ ауданда «Алакөл-Экосистема» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  «Қазақстан – бірлігі бекем, тағдыры ортақ, Мәңгілік ел» атты онлайн фестиваль байқауы өткізілген болатын.

Байқауда этносаралық үндестік пен өзара сенімділік, татулық пен бірлікті, этностардың салт-дәстүрін, тілін және мәдениетін насихаттап, дәріптеу мақсатында қатысушылардың бейнероликтері  қабылданған.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Лепсі ауылдық округінен Д.Валиева, А.Абдухаликова, К.Абдухаликова, Ф.Мухаметшина, Р.Вишнякова және Р.Пушкарева иеленсе, ІІ орынға  Лепсі ауылдық округінен Ж.Абдухаликова, Жағатал ауылдық округінен Ф.Юсупова ие болды. Ал І орынды Лепсі ауылдық округінен А.Абузиярова жеңіп алса, бас жүлдені Ынталы ауылдық округінен Б.Кожакапан қанжығасына байлаған.

Айта кету керек, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Алакөл ауданы бойынша өткізілетін жұмыстар мұнымен тоқтамай, өз жалғасын табатын болады.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here