Шамахун НҰРЫМОВ: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан»

0
1122

Отты жылдардан бері Отанымыздың өркендеуі жолында талай тарихи шешімдер қабылданды. Әлімсақтан «татулық – табылмас бақыт» екенін негізге алған дана халықтың ізімен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құрған еді.

Сол кезеңнен бастап, тілі бөлек болса да тілегі бір, жүзі бөлек болса да жүрегі бір түрлі ұлыстар Тәуелсіз Қазақстан жерінде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті  тірлік кешуде.

Дүниежүзінің алтыдан бір бөлігін алған Кеңес Одағы тарағаннан кейін этнос өкілдерінің алдында екі түрлі таңдау тұрды. Бірі өздерінің тарихи Отанына көшсе, екіншілері жылы орнынан жылжымай қазақтай жайсаң елмен бірлесе өмір сүрді.

Солардың бірі Ұйғыр аудандық этно-мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары Шамахун Нурумов. 1990 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылған сәттен бастап әртүрлі ұлт өкілдерінің басы қара шаңырақтың астына жиналғанын тілге тиек еткен ол, қазақ-ұйғыр халқы әуел бастан бірге келе жатқанын айтты. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан ұйғыр халқы дүние жүзіндегі ең бақытты ұйғырлар деуде. 

Баршаға мәлім, Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде этнос өкілдерінің құқығын теңестірді. Соның арқасында әр ұлттың өз тілінде білім алатын оқу ордасы, газет-журналы, театры бар. Бұл мемлекеттің көрсеткен қолдауы десек артық айтқандық емес. Осы ойымызбен Шамахун Нурумов та келісуде.

– Мемлекетті құраушы қазақ халқының бізге деген қолдауын жақсы білеміз.  Еш жерде ұлтты бөліп жарған емес. Қоғамның қай саласында еңбек етем десеңіз жол ашық. Өсу, өрлеу өзіңіздің қабілетіңізге байланысты. Бар мүмкіндікті қарастырған, құқығымызды теңестірген одан артық не керек. Сол үшін Үкіметке, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіреміз, – дейді ол. 

«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  мәлемдемесінен кейін ұлтаралық татулықтың мәңгі салтанат құратынына шүбә келтіруге болмас.

Ұйғыр ауданында 66 мыңнан астам халық өмір сүреді. Бұл аудан халықының 57,8%-ын құрайды. Сонау жылдардан бері Қазақ жерін мекен етіп келе жатқан ұйғырлар мен қазақтар бауырмал туыстай болып, ауызбіршілікте тіршілік кешуде. 

– Елімізде  ең жақсы дәстүр сақталған. Ол – халықтар достығы. Біздегі ұлттың қыл өтпес қарым-қатынасын көре алмайтын дұшпандарымыз бар. Солардың арандатушылығына тап болмасақ екен. Жаратқаннан тілейтінім де – осы, – деп тілеуін жеткізді Шамахун Нурумов.

Жоғарыда айтылған тұтастық пен татулықтың діңгегінің берік болуына Ассамблеяның мұрындық болып отырғаны сөзсіз. Бір жүйеге бағынатын бір ұйымның құрылуы аса бағалы жауһарымыз – тыныштықты сақтауға мүмкіндік береді.

Дәл сол ұйымның құрамдас бөлігі этномәдени орталықтар болса әр халықтың дүние танымын насихаттау жолында аянып қалмақ емес. Әрбір орталық өздерінің ғана діні мен ділін насихаттап қоймай, қазақ халқының қаймақтары атқарған ісінің келелі екендігін кеңінен көрсетуде.  Мәселен, бір ғана «Абай күнін» күллі жұрт болып атап өтудің өзі сөзімізге дәлел.

Өзге де орталықтармен қоса Ұйғыр этномәдени орталығы «Аталар сөзі», «Ұлы халықтың ұлы ақыны» сынды Абай Құанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай шара өткізді. Бұл да аталған ұлттың қазаққа деген құрметі деп білуге болады. Біздің шағын отанымыз ауыл екені анық. Осы тұста «Менің туған ауылым» атты сурет байқауының жалауын желбіретуі де орынды-ақ. Осы және өзге де шаралар қай ұлттың болмасын перзентінің  жүрегіне Қазақ жеріне деген махаббатты ұялататыны сөзсіз.

– Қазақтардың мемлекетті құраушы халық екенін жастарымызға түсіндіруден жалыққан емеспіз. Елбасының өзі айтқандай, біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Сол туған үйімізді танып білуден, оның сайын даласын сүюден асқан бақыт жоқ. Қазақстандық патриотизмнің бар екенін ұмыт қалдырмау керекпіз. «Бір мүдде, бір мақсат» жолында тағдыры тоғысқан барша этнос өкілдері Қазақстан үшін еңбек етуі тиіс. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтар достығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуымыз қажет, – деді Ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің барлығы ұлтаралық татулық пен келісімнің арқасында  бел-белесті бағындыруда. Сол себепті де конфессияаралық келісім мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет дамуының басты қағидаты ретінде үлкен маңызға ие.

Шежірелі тарихымызға үңілсек, өзара қырқысқан ел ешқашан ұзақ өмір сүрмеген. Бұл – біз үшін үлкен сабақ. Сондықтан бірлігі жақсының, тірлігі тапшы болмайтынын, достықсыз даму болмайтындығын әрдайым есте сақтауымыз керек.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here