Жетісудың кәрістері қазаққа қалай құрмет көрсетті?

0
2079

Жанға жайлы Жетісу жүздеген жылдан бері киелі достықтың алтын бесігіне айналды. Алдағы уақытта да Алматы облысы бірнеше ұлт өкілдерін бауырына басып, қазақтың меймандос халық екенін әйгілей беретіні анық. Біздер бұл жолы Алматы облысында мекендеп, мемлекеттің негізін құраушы ұлт қазақпен ынтымақты жағдайда өмір сүріп келе жатқан кәріс ұлты жайында сөз қозғауды жөн санап отырмыз.

Жетісуда құрылған іргелі ұйым

Жалпы, Жетісуға кәрістер қуғын-сүргін кезінде келіп, қазақ жеріне қазығын қаққанын білеміз. Міне, содан бері табаны күректей бір ғасырдан астам уақыт өтті.

Еліміз тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдардан бастап Жетісу жерін мекендеген кәрістер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Ал бұған дейін Кеңес заманында елімізді мекендегін өзге ұлттар өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін дәл қазіргідей насихаттауға мүмкіндігі болмады. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жаңғыруына кеңінен жол ашқаны белгілі.

1991 жылы Жетісу жеріндегі кәрістер алғаш рет бас қосып, Корей мәдени орталығының негізін қалаған болатын. Ол кезде Жетісу өңірінің ресми атауы Талдықорған облысы деп аталатын.

Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұйымдастырылған алғашқы құрылтай жиында Талдықорған облысындағы Корей мәдени орталығының жетекшісі болып Валентина Ин сайланған-ды.

Осылайша, еліміздегі алғашқы Корей мәдениеті орталығы Жетісу жерінде жұмысын бастады.

Кәрістер көп қоныстанған Талдықорған, Текелі, Қаратал және Көксу ауданында Корей мәдени орталығының бөлімшелері ашылып, жергілікті жерлерде ұлтаралық татулықты дамыту мақсатында өз жұмыстарын бастаған болатын.

Сол кезде орталықтың басты жұмыстары ретінде еліміздегі ұлтаралық татулықты нығайту, Қазақстандағы кәрістердің тарихын терең зерттеу, материалдық база қалыптастыру, қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысу және халықаралық байланыстарды дамыту сынды маңызды бағыттар айқындалған болатын.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде экономикалық дамуға жетісулық кәрістер көп еңбек сіңірді. Олар ауыл шаруашылығы саласында жан-жақты еңбектеніп, Тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға барынша атсалысқанын жұртшылық жақсы біледі.

Корей мәдени орталығының 1995 жылы ұйымдастырылған екінші конференциясы өтті. Бұл басқосудағы басты жаңалық ретінде Алматы облысындағы корей орталығының Республикалық Қазақстан кәрістері қауымдастығына біріккенін атап айтуға болады.

Әлемге танылған «Ачимноуль» ансамблі

1995 жылы өткен конференцияда жетісулық кәрістер кәріс тілін оқып-үйрену, төл мәдениетін дамыту, қазақ мәдениетін тану сынды маңызды бағыттарды басшылыққа алып, жұмыс істеуге бет бұрғаны есімізде.

Міне, содан бері көптеген жұмыстар атқарылды.

Осы ретте «Қазақстан – Корея қоғамдық достығы» аймақтық қоғамдық бірлестігі құрылып, Жетісу жерін мекендеген кәрістердің қазақ мәдениетін танып, білу жолында көптеген жұмыстар қолға алынды. Қоғамдық бірлестік Алматы облысындағы кәрістердің Қазақстандағы қоғамдық өмірге белсене араласып, жұмыс істеуді ту етіп көтергені белгілі.

Аталмыш ұйым 2005 жылы Алматы облысы аумағында Корей мәдениеті күндерін ұйымдастырып, корей халқының салт-дәстүрін кеңінен насихаттады.

Ал 2006 жылы облыс аумағында поэзия кештерін ұйымдастырып, айтулы кеште қазақ, кәріс, орыс, ұйғыр, дүнген, украин, грек тілдерінде өлеңдер оқылып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Алматы облысындағы корей мәдениетін дамытуда Татьяна Намның ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Жалпы, Татьяна Нам өткен ғасырдың 60-жылдарында Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында жұмыс істеп, корей халқының мәдениетін насихаттауды бастаған болатын. Жетісулық кәрістер Татьяна Намның өнерін Қазақстан мен Ресейдің  Қиыр Шығыс аймағын мекендейтін кәрістер жоғары бағалайтынын алға тартады. Ол корей халқының әуезді әні мен әсерлі биін кеңінен насихаттап, қазақ жерін мекендеген кәріс жастарының ұмытпауы үшін айрықша еңбек сіңірді.  

Татьяна Нам Алтай мемлекеттік университетінің «Орыс биінің хореографиясы» бөлімін тәмамдағаннан кейін Қазақстанға өндірістік тәжірибеден өтуге келіп, қазақ жерінің меймандостығын қатты ұнатып қалады.

Өнер иесі оқуын аяқтағаннан кейін Талдықорған қаласындағы мәдениет ошағынды жұмыс істеуге жолдама алады. Міне, содан бері Қазақстан кәрістің қайсар қызының екінші Отанына айналады. Татьяна Нам Жетісу жерінде жұмыс істеп жүріп, «Ачимноуль» деп аталатын корей халқының ансамблін құрып, оның дамуына жан-жақты күш салды. Осылайша, ол Қазақстанда дәстүрлі корей халқының өнерін барынша дамытты. «Ачимноуль» ансамблі республикалық байқауларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болған. Айталық, Алматы қаласында өткен 8 фестивальге қатысып, 7 рет жүлделі орынға ие болып, өздерінің мықтылығын дүйім жұрттың алдында талай рет танытқан болатын.

Осылайша, Жетісу жерінде құрылған «Ачимноуль» ансамблі Тэгу, Пуссан, Боратола, Сеул, Пхеньян, Суанбо, Москва, Красноярск, Ташкент, Душанбе, Берлин сынды дүниежүзінің ірі қалаларында өнер көрсетіп, корей халқының мәдениетін насихаттады.

Кезінде КСРО мен КХДР арасындағы достықты насихаттап,  Пхеньян қаласында өнер көрсеткен болатын. Ал соңғы рет 2010 жылы Алматы облысының Оңтүстік Корея мемлекетіндегі күндері аясында Сувон қаласында өнер көрсетіп, меймандос қазақ халқының өзге ұлт өкілдерінің өнері мен мәдениетін дәріптеуге барынша жағдай жасап отырғанын «Ачимноуль» ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерімен дәлелдеп қайтқан еді.

Осылайша, 40 жылдан бері «Ачимноуль» ансамблі Қазақстанда корей халқының мәдениетін дамытып отырған іргелі өнер ордасына айналып отыр. Мұны жетісулық кәрістер мақтанышпен айтады.

Кәрістер қазақтың бауырмалдығына дән риза

Алматы облысына қарасты Қаратал ауданындағы Р.Қошқарбаев атындағы орта мектепте корей этносының қалай қалыптасқаны, Қазақстан жеріне кәрістердің қалай келгені жайында сыр шертетін арнайы сынып жасақталған. Осылайша, жетісулық кәрістер жастардың ой-санасына корей халқының тарихын, басынан өткерген зобалаңын, қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы жер аударылған кәрістерді қалай қарсы алғаны сіңіруде.

Жалпы, Алматы облысындағы кәрістер қазақ халқының доспейіл көңіліне дән риза. Қазақстандағы корей қауымдастығы 2012 жылы мамыр айында кәрістердің қазақ жеріне жаппай депортацияланғанына 75 жыл толуына орай Қаратал ауданына қарасты Бестөбе ауылында қазақ халқына алғыс ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнатып, еліміздегі кәрістер мемлекеттің негізін құраушы қазақ ұлтына құрмет көрсеткен болатын.

Жалпы, Алматы облысын мекендейтін кәрістер жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Осы ретте жергілікті кәрістер Алматы облысы мен Корей мемлекеті арасындағы экономикалық байланыстарға дәнекер болып отырғанын да айта кетуіміз керек. Бұл сөзімізге Қапшағай қаласы іргесінде еліміз бойынша теңдесі жоқ көкөніс өндіретін жылыжай жұмыс істеп тұрғанын атап айтуға болады.  

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here