Қазіргі таңда Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жаңа екі жоба іске асырылуда. Бұл жерде сөз «Самұрық-Энерго» АҚ-ға қарасты компаниялар құрылысын бастаған Алматы және Ақмола облыстарындағы жел электр станциялары (ЖЭС) туралы болып отыр.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт жел электр станциясын салу ісі қолға алынды. Станция жиынтық қуаты 60 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысы және қосалқы станциядан электр беру желілеріне орналасады.

Қазір нысанның өндірістік алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрамындағы «Энергия Семиречья» серіктестігі жүргізіп жатыр.

 ЖЭС-тің құрылысы кезінде 300 жұмыс орнын, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты түрде 14 жұмыс орнын ашу көзделген.

ЖЭС жылына 225 750 мың кВтсағ электр энергиясын өндіретін болады.

Компания мамандарының сөзінше, жел энергетикалық қондырғыларын суық континенталдық климат (–30…+43 С), сейсмикалық белсенділігі 10 балл және желдің жылдамдығы – II класс жағдайында пайдалануға болады. Жел турбиналары IEC 61400-series «Жел турбогенераторлық жүйелері» халықаралық стандарттарына сәйкес келетін техникалық және экологиялық талаптарға ие.

Екінші жел электр станциясы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласының маңында орналасқан. Ол жердегі желдің әлеуетін ескеріп, станцияның алаңында немістің «ENO Energy GmbH» фирмасы жасап шығарған. әрқайсысының қуаты 4,8 МВт және белгіленген жиынтық қуаты 50 МВт болатын 11 ЖЭҚ орнату жоспарланған.

Нысанды салу барысында жергілікті тұрғындардан 100 адам жұмысқа тартылған. Пайдалану кезінде станцияға 16 адам қызмет көрсететін болады. Жобаны «Самұрық-Энерго» холдингіне қарасты, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр энергиясын өндіруге маманданған  «Ereymentau Wind Power» ЖШС іске асыруда.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның жаңартылатын көздерді пайдаланудағы әлеуеті зор және атап өтілгендей, «жасыл» энергетикаға  көшу, «жасыл» технологияларды енгізу – бұл жаһандық экономиканың өсіп келе жатқан векторы.

Мәселен, Алматы облысында, «Самұрық-Энерго» мамандарының бағалауынша, электр энергиясының негізгі көздері – Алматы ЖЭО-лары, Қапшағай және Алматы СЭС-інің каскадтары, Есік СЭС-і, Мойнақ СЭС-і, Қаратал СЭС-інен өндіріледі.

Өзінде өндіруші қуат көздері жетіспегендіктен, облыстың электр энергиясына деген қажеттілігі қолда бар энергия көздерімен 50%-ын ғана жабады. Жел энергиясы ресурстарының әлеуеті жоғары өңірде ЖЭК-тің кезекті нысанын пайдалануға беру, қоршаған ортаға тигізетін әсерін неғұрлым азайтып, электр энергиясына деген тапшылықты ішінара шешуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ЖЭК нысандары – күн электр станциялары (КЭС), жел электр станциялары (ЖЭС), биогаз станциялары (БГС), шағын СЭС-тер 2019 жылы 342,5 млн кВтсағ. электр энергиясын өндірді. Бұл Қазақстанда ЖЭК-терді пайдалана отырып өндірілген электр энергиясының жалпы көлемінің 14,3%-тін құрайды, ал компанияның «таза» электр энергиясын өндірудегі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2019 жылғы үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 1,2%-ке ұлғайып, 2 924,2 млн кВтсағатты құрады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here