Жаңа маусымда мемлекеттік телеарналарда сериалдар мен ойын-сауық мазмұнындағы бағдарламалар азаятын болады, олардың орнына қазақстандықтарға мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы көрсетілмек.
Мемлекеттік телеарналарда жаңа маусымда түрік сериалдары әдеттегіден аз көрсетіледі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.
Қазақстан Президентінің теле-радиокешені министр Аида Балаеваның сұхбатын жариялады. Ол жерде министр жаңа маусымда телеарналарда қандай өзгеріс болатынын айтты. Балаева министр лауазымына тағайындалғаннан кейін мемлекеттік телеарналардың жұмысына қатысты көптеген ұсыныс пен сын-пікір айтылғанын мәлімдеді.
«Азаматтардан арналарда ойын-сауық пен сериалдардың көп көрсетілетіні жайлы көптеген шағым түсті. Осыған байланысты жаңа маусымнан бастап шетелдік ойын-сауық мазмұнды бағдарламалар мен сериалдарды сатып алуды 30%-ке қысқартамыз деген шешім қабылданды.
Алайда түрік сериалдарын түгелдей алып тастауға болмайды. Бір аудиторияның қамын ойлап, екінші аудиторияны елеусіз қалдыра алмаймыз.
Бір аудитория оны қалап, күтіп отырады. Апаларымыз әр сериал кейіпкерінің тілеуін тілеп отырады. Солармен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Ол аудиторияның мүддесін таптай алмаймыз», – деді Балаева.
Министрдің айтуынша, енді телеарнадан отандық өнім көбірек көрсетілетін болады. Елдің әлеуметтік-экономикалық өмірін, мемлекеттік органдардың қызметін, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың іске асырылуы көрсетілетін бағдарламалар көбейеді деп күтілуде.
«Пандемия экономикалық жағдайға әсер етті, сондықтан біз «әл-Фараби» телеарнасын іске қосудан бас тарту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін екі жаңа арнаның іске қосылатыны хабарланды.
Бұл бастама жағдай оңалған уақытқа шегеріліп отыр. Қазір қолданыстағы арналардың мазмұнын жақсарту туралы шешім қабылданды. «Еларна» мәдени-білім арнасы ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ Kazakh TV арнасына ребрендинг жасалады», – деді Балаева.
Отандық сериалдар мен деректі фильмдерді экранға шығару мақсатында «Қазақфильмнің» негізгі серіктесі болу да министрліктің жоспарында бар.
Сонымен қатар Балаева министрлікте мемлекеттік тапсырыс жүйесіне талдау жүргізілгенін айтты.
«Қазір мемлекеттік бағдарламаларды кеңірек жария етуге, талдау материалдарын көбірек жасауға бағытталған нақты пікірлер бар. Бұл мемлекет саясатын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Белгілі бір бағдарламаларға немесе бастамаларға қатысты сараптамалық пікір әрқашан маңызды. Келесі жылдан бастап жаңа форматта жұмыс істейміз», – деді Балаева.
Тақырыпқа тұздық
Нұртөре Жүсіп: «Қазаққа керек хабарлар «рейтингі төмен» деген сылтаумен эфирден алынып тасталады…»
Қазақы көрермен мен оқырманның талғамы шынымен де шоу деңгейіне төмендеп кетті ме? Жоқ, әлде бұл мәселеге басқа да әлеуметтік жағдаяттар себепші болды ма?
Осыдан бірнеше жыл бұрын сол тұста «Айқын» газетін басқарып тұрған белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке «Қала мен Дала» газетінің тілшісі ілгерідегі екі сауалды көлденең тартқан еді. Қазір Сенатта отырған Нұртөре Жүсіп бұған былай деп жауап қатқан:
– Бүгінде телеарналарды шоу-бағдарламалар басып қалды. Журналистикада еңбек етіп келе жатқаныңызға 35-40 жыл болды. Қазақы көрермен мен оқырманның талғамы шынымен де шоу деңгейіне төмендеп кетті ме? Жоқ, әлде бұл мәселеге басқа да әлеуметтік жағдаяттар себепші болды ма?
– Телеарналардағы шоу сипатты бағдарламалар адамды ойландырмау үшін жасалып жатқан нәрсе ме деп ойлаймын. Қазақ көрермендері мен оқырмандарының талғамы төмендеп кеткен жоқ. Төмендетуге ұмтылатын күштер бар.
Кезінде «Қазақстан» арнасын Ғалым Доскенов басқарып тұрды. Сол кезде қандай тамаша хабарлар дүниеге келді. Телеарна – ұлтты тәрбиелеудің құралы. Біз осы құралдың пәрменін жоғалтып алдық.
Қазіргі таңдағы қаптаған үнді, түрік, корей сериалдары қазаққа ештеңе бермейді. Үнді сериалдарының көбеюінің ар жағында не істерін білмей отырған қазақ жастарының кришнаизмге кіріп кету қаупі тұр. Шоу-бағдарламалар рейтингті көтеру үшін жасалады. Ал сол рейтингті түзетін, жасайтындар кімдер?
Бұл ыңғайда қазақ көрермендерінің таным, талғамы қаперге алынып отырған жоқ. Мәселен, елімізде «Мәдениет» арнасы ашылғанда мен «Өркениет» деген бағдарламаны жүргіздім. 100-ге тарта хабар түсірдік. Соның қай-қайсысында болсын қазақтың негізгі мәселелерін көтердік.
Кейін «Мәдениетті» «Хабарға» қосты. «Түсіретін кран жоқ» деген желеумен әлгі хабарымыздың қарасы батты. Ел әлі күнге дейін сол хабарды іздейді. Мен бұл арада керемет тележүргізуші болдым немесе телеарнада тау қопарып тастадым деп айта алмаймын. Алайда қазаққа керек хабарлар «рейтингі төмен» деген сылтаумен эфирден алынып тасталады. Ұлттың сөзін сөйлеген хабарлардың ғұмыры ұзақ болмайды.
Мұның астарында қазақты ойлантпау, «Неге», «Неге бұлай» деген сауалдарды қойғызбау пиғылы жатқан жоқ деп айта алмаймын. Бірыңғай шоу арқылы біз ұлтымызды тәрбиелей алмаймыз. Шоудың арты қашан да шуға ұласпай тұрмайды…