Ғажайып домбыра (ертегі)

0
1583

Баяғы заманда Бөрлі тау төңірегінде бір топ ұры өмір сүріпті. Ұрылар кедейлердің дәнін, үйіндегі дүние-мүлкін, жайлаудағы малын ұрлап, мазасын алады екен. Сол ұрыларды қолға түсіріп, кедейлердің кегін алып беретін бірде-бір адам табылмапты. Осылайша, жыл артынан жылдар, күн артынан күндер өте береді.

Бір күні жасы он екі-он үштерге таяп қалған Диханбай деген кедейдің баласы әкесіне:

– Әке, сол ұрыларды іздеп тауып аламын. Олардың ұрлығын қойғызайын, маған батаңызды беріңіз, – депті. Әкесі баласын жібергісі келмейді. Ұрылар өте көп болатын. Әрі түрлі қарулармен қаруланған. Еркінбек әкесінің батасын алып, ұстаға қылыш, қанжар, найза соқтырып алып Бөрлі тауда жасырынып жүрген қарақшыларды тауып алу үшін бір өзі аттанады.

Ол таудың адам жасырын жүретін жақпарларын іздеп келе жатып, ақ боз ат мінген ақсақалды, қолында домбырасы бар бір қарияға кездеседі.

– Ассалумағалейкум ата, – деп Еркінбек атынан түсіп, қарт жолаушыға сәлем береді.

– Мен мынау таудың арғы жағын мекендеген Қазақ елінен келемін, – дейді қария, осы маңда қалың ел бар деп естіп едім, сол елді іздеп келе жатырмын.

Еркінбек қарияға өзінің қандай мақсатпен жүргенін айтып, ақыл сұрады. Жұмбақ қария күлімсірей қарап.

– Мені сол қарақшылар мекеніне алып бар, – дейді.

– Сіз үлкен қонақсыз, қарақшылар жазым қылып жүрер, – дейді бала.

– Жоқ, балам, қарақшылар көп, сен жалғызсың. Елің үшін үлкен істі тындыруға беттепсің, мен саған көмек бергелі тұрмын, – дейді қарт. Осылайша, қария мен Еркінбек тау етегіндегі Қаратерең көлін жағалап келе жатып үлкен жартасқа кезігеді. Олар жартастың жанындағы сарғыш құмнан адам ізін байқайды. Ізді қуалап, шамалы жүрген соң терең үңгірге кезігеді.

– Балам, мұнан ары жүруге болмайды, – дейді қария. – Олар осында. Қазір қарақшылармен кездесеміз.

Кенет ақ боз атты қария атынан түсіп, домбырасын қолына алады. Қарияның қолындағы домбыра күй төгіп қоя береді. Қазақтың күмбірлеген ғажайып күйі. Алтын домбырадан төгілген ғажайып күйдің әсерінен Қаратерең көлінде жал-жал толқындар пайда болады. Толқынмен жарысып, әртүрлі балықтар су бетінде ойнай бастайды. Тау етегінде әртүрлі жеміс ағаштары өсіп, шыға келеді. Ақ боз атты қарияның мұндай құдіретіне қайран қалған Еркінбек оның тегін адам емес екенін сезді. Ол, ол ма? Үңгір ішінен қарақшылар төбе көрсете бастады. Сиқырлы күй оларды өз еркіне жібермей тізе бүктірген сияқты. Қарақшылар үңгірден толық шыққан соң, қария күй тартуды тоқтатып, орнынан тұрды, домбырасын қолына ұстап.

– Біз сіздерді іздеп жүрміз. Мақсатымыз қару жұмсап, соғысу емес. Сөйлесіп, мәселені шешу, – дейді қария. – Сіздер мына көл жағасында отырған тұрғындардың мазасын алып, дүние-мүлкін ұрлап, тыныштық бермейді екенсіздер. Бұл өнегелі кісінің ісі емес. Елге қосылыңдар. Мен елден кешірім алып беремін.

Қарияның бұл сөзіне қарақшылардың басшысы қара сақалды қара кісі қарқылдап күліп жіберді. Көзі қанталаған ол түсін суытып:

– Дереу шалды да, мына әумесер баланы да ұстап, қол-аяғын байлаңдар. Домбыра бізге сыйға қалсын. Мұндай оңай олжа үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейді, – деп бұйрық беріпті.

Қарақшылар шапшаң қимылдап шалды да, баланы да байлап тастайды. Еркінбектің қол-аяғын байлап, қару-жарақтарын көлге лақтырады.

Өрбіп бара жатқан қауіпке жаны төзбей күдіктене қараған Еркінбекке қария:

– Еркінбек балам, қорықпа. Қазір бұларды көлге біз лақтырамыз, – дейді.

Қарақшының бірі қарияның жанында жатқан домбыраны ұстай бергені сол еді, домбыра аққуға айналып ұшып кетті. Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай жер тарпып тұрған ақбоз ат секіріп кеп, қаба сақалды дәл маңдайынан дәлдеп теуіп жібереді. Басы екіге бөлінген сұмырай қарақшы айқайлауға да әлі келмей, басы қанға боялып құлап түседі. Қарақшылар домбыраның аққуға айналып кететінін, ақбоз аттың мұндай күші барын білмей қатты сасып, жан-жаққа тырағайлап қаша бастайды.

Ғайжайып домбыра аққуға айналысымен қарияның байлаулы қол-аяғы босап шыға келеді. Ол Еркінбектің қолын шешеді.

– Енді қарақшылардың басына күн туды, – дейді қария. Кенет әуеде ұшып келе жатқан аққу көрінді. Ол қарияның қолына қонып, қайтадан домбыраға айналды. Аққу домбыраға айналған соң, ақбоз ат қарияның жанына келеді. Тірі қалған қарақшылар қариядан кешірім сұрап, енді ұрлық істемейтіндерін, елден кешірім сұрап, халыққа қосып кетуін өтініш етеді.

Ақ боз атты қария тірі қалған қарақшыларды елге қосып, ауылдың жасы үлкендерінен кешірім алып беріпті.

Халық аз боз атты қарияны он күн, он түн жіберемей ғажайып күйлерін тыңдапты. Кетерінде астына тұлпар мінгізіп, үстіне шапан жауып еліне аттандырып салыпты. Содан бері Бөрлі тауы мен Қаратерең көлі маңында қарақшы деген атымен болмапты.

Меңдібай ӘБІЛОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here