Мойнақ

0
2148

Бір күні мамам маған бір кішкентай, сүйкімді күшік әкелді.

Күшіктің әдемілігі сондай, маған қатты ұнады. Өзі қоп-қоңыр тек мойнында, аяқтарында ақтары бар. Мен бірден оған «Мойнақ» деп ат қойдым. Сол күннен бастап біздер жақсы дос болып кеттік. Оған «қолыңды бер», «таяқты алып кел», «бар, жат» деген бұйрықтарды үйрете бастадым. Ол бәрін де білетін. Тек бір қызығы, ешқашан да піспеген шикі тамақты жемейді. Басқа иттерге ұнайтын ет, сүйекке әсте жоламайтын. Сонда не жейді дейсіңдер ме? Кәмпит пен пірәндік. Менің мамам қонақтан келген сайын, сарқытынан өзіме және Мойнаққа аламын. Солай үйреніп кетті.

Кәмпит қағазының шытырлағанын естісе болды, кеудеме секіріп ойнақтай жөнеледі. Жаздыгүні есіктің алдындағы үлкен астауға шомылдырып алатынмын. Бірде сүт құйып берейін деп, күшігімнің ыдысын іздеп таппадым. Содан кейін өзін шақырып алдым да: «Ыдысыңды алып кел» десем арсалаңдап кетіп барады. Бір кезде аузына өзінің ыдысын тістеп, маған қарай келе жатыр. Құйрығы бұлғаңдап кетіпті. Оның үйшігінің ішін күнде тазалап отыратынмын. Үлкен киім киіп алып, «шпион» болып қашып та ойнайтынмын. Ырылдап тісін батырмай, киіп алған тонды жұлқылайтын, келіп. Достарым мен туысқандарыма дейін оның кәмпит жейтінін біліп алған. Үйге келерде кәмпиттің қағазын аршып, Мойнақтың алдына лақтыра салатын да үйге жүгіріп кіріп кететін.

Бұрын Алыпсоқ деген итім болған, бірақ оны ауылға келген ит атушылар атып, машиналарына салып әкетіп қалды. Сонда «Алыпсоқ» деп айқайлап, машинаның артынан жүгіріп едім. Бәрібір жүйткіген машина жеткізбей, мені шаңға көміп кеткен еді.

Ал Мойнақтан ойда жоқта айырылып қалдым. Әдеттегідей кішкене ойнасын деп шынжырынан босатып жібергем. Содан кейін келмей қойды. Бірақ қайда екенін әлі күнге дейін ешкім білмейді. Бір балалар айтты: «Сенің Мойнағыңды машинаға салып, басқа жаққа алып кетті» деп. Мен оған сенбеймін. Қазір менің Құтжол деген итім бар. Ол да жақсы. Мойнақ бір жерден шығып қалар деп күтіп жүрмін.

Әсет Есімбеков, 7-сынып оқушысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here