Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Тоқаев еліміздегі су ресурстарына байланысты мәселе көтерген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қазақстанда су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде.

Бұл жайында Үкімет басшысы Асқар Мәмин мәлімдеп, су қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік деңгейде атқарылатын жұмыстың барысын баян етті.

«Еліміздегі су ресурсын басқарудың алдағы 10 жылға мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу үстіндеміз. Бағдарлама талаптарына Парламентте айтылған ескертулер мен ұсыныстарды енгіземіз.

Дәл қазіргі мақсат Қазақстан су ресурсын сақтау және мұны үнемді, ұтымды пайдалануға тіреліп тұр. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында «Гидротехника құрылғыларының қауіпсіздігі туралы» заң әзірленетін болады», – деді Мәмин.

Депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы еліміздегі бұлақтардың сандық әрі сапалық сипаттамасын нақты анықтау үшін гидрологиялық зерттеулер жүргізу ауадай қажет екенін айтқан.

 Оның пікірінше, қазіргі қолданыстағы Су кодексінің 13-бабының 4-тармағына сай, Қазақстандағы бұлақ атаулы жерасты су нысандарына жатады. Себебі олар жер қойнауында атмосфералық су есебінен жинақталады.

 Оның атап өткеніндей, қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстарының аудитін жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс алдағы жылы аяқталуы керек.

«Осы шараның аясында далалық зерттеу жұмысын жүргізуге басымдық беріледі. Неге? Себебі осы жұмыстың нәтижесі негізінде өзен-көлдер, соның ішінде бұлардың қалыптасу аумағындағы бұлақ көздеріне қатысты мәлімет жинап, оларды ортақ базалық дерекке жүйелейтін боламыз.

Бұл мәлімет мамандар тарапынан зерттеліп, өңделеді. Бұлақ көздері бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге байланысты ортақ шешімге келеміз. Соның негізінде қазіргі қолданыстағы заңнаманың олқылықтарын толықтыруға болады», – дейді Мәмин.

Ал министр Мырзағалиев не дейді?

Бұдан бұрын «Қала мен Дала» тілшісінің сауалына жауап бергенЭкология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев болашақта Қазақстанда су тапшылығы тууы мүмкін екенін жасырмаған.

«Қазақстанда сумен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер бар екені бәрімізге белгілі. Су саласындағы халықаралық деңгейдегі сарапшылардың зерттеуі бойынша 2038-2040 жылдары еліміздегі суды тұтыну көлемі 55 пайызға өседі екен. Тұтыну өскен сайын тапшылық пайда болатыны – заңдылық. Сарапшылар пікірінше, сол уақытта Қазақстандағы су тапшылығы 12 текше шақырымға жетуі мүмкін», – деген еді министр.

Ал мұның себебі неде?

Қазақстанда су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы су тапшылығы мәселесін түбегейлі шеше ала ма?

«Елімізде су тапшылығы туындаса, оның бір ұшығы көрші мемлекеттерге байланысты болады. Олардан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. 2030 жылға дейін жүзеге асатын бағдарлама Қазақстандағы су мәселесін белгілі бір деңгейде шешу үшін қабылданады.

Қазір еліміздің жыл сайынғы жерүсті су қоры шамамен 100 текше шақырым. Мәселе неде? Мәселесі мұның 45 пайызы елімізден тыс аймақта қалыптасады. Бұдан бөлек, жерасты суымыздың мөлшері 15 текше шақырымды құрап отыр», – дейді министр.

Министр айтқан 100 текше шақырымды түгелдей пайдалана алмаймыз. Сарапшылар пікірінше, мұның 50 текше шақырымы Қазақстандағы экологиялық баланс сақтауда аса маңызды. Жерүсті суларының 24 текше шақырымнан астамы экономика саласының мұқтаждығына жұмсалады. Соның ішінде шамамен 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына, 30 пайыздайы өнеркәсіп саласына және өзгесі тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталады.

Министр Мырзағалиевтың айтуынша, Қазақстанды сумен қамтамасыз етуде 3 топтан тұратын келесідей мәселелер бар.

Біріншісі – Қазақстан азаматтары үшін:

  • Халықтың сапалы ауызсумен қамту;
  • Егіс науқаны кезіндегі су жетіспеушілігі, бұл мәселемен Оңтүстік аймақтарда жиі бетпе-бет келеді;

Екіншісі – Қазақстанның экологиялық ахуалы үшін:

 – Жерүсті суларына келген экологиядағы балансты сақтау (Балқаш, Жайық, Зайсан);

– Еліміздің су мәселесіне келгенде көрші елдерге тәуелділігі, бұл экологиялық жағдайды толықтай бақылауда ұстауға мүмкіндік бермейді, су көздерінің ластануы;

– суды есепсіз, мақсатсыз пайдалану кесірінен су ресурстары нысандарының сарқылуы.

Үшіншісі – ел экономикасы үшін қауіп-қатер:

  • Қазақстандағы су шаруашылығымен байланысты инфрақұрылымдардың тозуы;
  • Тасқын судан әрі су тапшылығынан тиісті деңгейде қорғалмауы;
  • Отандық өндірістегі су рецеркуляциясының (қайта өңделген) төмен мөлшері.

Министр мәліметінше, Қазақстандағы су каналдарының 80 пайызы әбден тозығы жеткен, олардың 18 мың шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ең басты мәселе  немесе бағдарлама неше бағыттан тұрады?

«Ең басты мәселе инфрақұрылымның басым бөлігі тозығы жеткен. Елімізде су үнеммен пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар тапшы. Су инфрақұрылымы ескіргендіктен қаншама суды далаға кетіріп жатырмыз.

Бұған тариф есептеудегі тетіктердің әлсіздігін, осы саланың білікті мамандарға мұқтаждығын, көрші елдермен су бөлісуде туындайтын проблемалардын қоссаңыз бұл мәселенің аса өзекті екеніне көз жеткізесіз.

 Қазақстанда су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мәселелерді шешуге бағытталатын болады», – дейді министр Мырзағалиев.

Бағдарлама аясында Үкімет 7 мәселені шешуге басымдық бермек.

Бұлар:

1) 2030-жылға дейін еліміздегі су көлемін 100 текше шақырым деңгейде сақтау. Бұл кезге дейін су ресурстарына қажеттілік артатындықтан 5-7 текше шақырымға дейін жаңа суқоймаларын салу. Еліміздегі су есеппен пайдаланып, үнемдеу көрсеткішін 5 текше шақырымға дейін жеткізу.

Жерасты суын пайдалануды 15 текше шақырымға дейінгі аралықта ұстап тұру;

2)  Жалпы ішкі өнім бірлігіне қажетті судың көлемін 91,2 доллардан 73 долларға дейін, яғни 73 текше метрге дейін төмендету;

3) 2030 жылға дейін 26 жаңа гидротехника құрылғылары құрылысын жүргізу;

4) Республикалық деңгейдегі – 182, аймақтық деңгейдегі 300-ге тарта гидротехника құрылғыларын қайта жаңарту;

5) Суармалы жер көлемін 1,7 млн-нан 3 млн-ға дейін үлкейту үшін жаңа суару жүйелерінің құрылысына кірісу. Әзіргі қолданыстағы ұзындығы 3400 шақырымды құрайтын магистральді және тарату каналдарының желісін 19 мың шақырымға дейін ұлғайту;  

6) Еліміздегі бассейн инспекцияларының техникалық және материалдық базасын 100 пайызға жаңарту;

7) Қазақстандағы орманды алқаптардың ауқымын қазіргі 1 мың га-дан 200 мың га-ға дейін ұлғайтуға басымдық беру. Бұл өз кезегінде шөлейтті жердің азаюына алып келеді.

Министр Мырзағалиевтың айтып өткеніндей, бағдарлама тек министрлік мамандарының көзқарасымен ғана әзірленген жоқ. Жобаны дайындауға танымал ғалымдар, қоғам белсенділері және еліміздің су саласын жетік білетін мамандар атсалысқан.

«Мақсатымыз Қазақстанның судан тапшылық көруіне жол бермеу. Сонымен қатар халықтың суды пайдаланудағы сауатын арттыруға көңіл бөлемін. Суды үнеммен пайдалану экономикаға да, экологияға да оң әсерін тигізеді», – дейді министр.

Әзірлеген Толқын Садырова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here