Қазақстанда деструктивті ағымдар санасын улаған адамдарды оңалтудың өзіндік жолы қалыптасқан

0
941

Бүгінде елімізде Үкіметтің дер кезінде қабылдаған іс-шараларының арқасында діни экстремизмге қарсы халық арасында қорғаныстық қабілет қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады. Жұрт діни экстремизмнің қоғамның тұрақты дамуы үшін қаншалықты қауіпті құбылыс екенін барынша түсініп келеді. Бірақ «осындай нәтижеге жеттік» деп әсте тоқмейілсуге болмайды. Алдағы уақытта деструктивті ағымдардың арбауына түсіп, опық жеген жандарды қатарға қосу үшін маңызды жұмыстарды атқаруымыз керек.

Күні кеше ғана құзырлы орындар «Жусан» операциясын ұйымдастырып, лаңкестік жайлаған Сирия жеріндегі отандастарымызды елге әкелді. Радикалды діни ағымдардың қақпанына түсіп, санасын улаған азаматтардың ой-пайымын өзгерту үшін біраз уақыт керек.

Бүгінде олардың туған-туыстары Үкіметтің қабылдаған іс-шаралары мен реабилитациялық жұмыстары қалыпты өмірге енуіне септігін тигізеді деп айрықша үміт артып отырғаны белгілі. Осы ретте санасын деструктивті ағымдар улаған әйел азаматшаларға психологиялық көмек көрсетіп келе жатқан білікті маман Гүлназ Раздықоваға көкейде жүрген біраз сауалдарымызды қойып, тұшымды жауап алдық.

– Гүлназ Мақсұтқызы, маман ретінде айтыңызшы, әлемге танылған радикалды ұйымдар неге әйел азаматшаларды арбап, оларды қатарына тартуға тырысады?

– Сұрағыңыз өте орынды. Айталық, ислам мемлекеті сияқты радикалдық ұйымдар әлеуметтік мәселелері асқынған, эмоцияға берілгіш және діни сауаты кем ортадан өзінің арбауына көнетін адамдарды іздейтіні анық.

Ал психологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қоғамда пайда болған кез келген құбылысқа әйелдер бірінші кезекте көңіл бөліп, оған қарсы реакция беретіні белгілі. Мұны радикалды топтар жақсы біледі. Кез келген елде әйел адам отбасының ұйтқысы. Сондықтан олар бірінші кезекте әйелдің назарын өздеріне аударуға тырысады.

– Жақсы, енді газетіміздің оқырмандарына радикалдық топтарда әйелдердің атқаратын қызметі жайында айтсаңыз?

–  Бүгінде әлемде қоғамды радикалдандыру, лаңкестік әрекетке бару ер адамдардың ісі болып саналуда. Ал әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны, қамқорлыққа зәру бейкүнә жан ретінде сипатталады. Бір сөзбен айтсақ, радикалды ортадан шыққан әйел ер адамдар сияқты қауіпті әрекетке бармайды деген ұғым-түсінікпен өмір сүреміз.

Иә, егер статистикаға сүйенсек, лаңкестік әрекетке бару жағынан әйелдер ер адамдарға қарағанда әлдеқайда аз екенін байқаймыз. Яғни қоғамға әйелден келетін қауіп аз деп ойлаймыз. Шындығында, бұл қате ой. Біздер осы ретте радикалдық топтардың идеологиясы әйел адамдар арқылы жүретінін де естен шығармауымыз керек.

Іс-тәжірибеме сүйеніп әңгіме айтатын болсам, психологиялық тұрғыдан жұмыс істеуде ер адамдарға қарағанда әйелдермен жұмыс істеу өте қиын. Оларға ақиқатты айтып жеткізу қиынға соғады.

Әдетте ер адамдар қателікті тез мойындаса, әйелдерге ақтың – ақ, қараның қара екенін түсіндіру үшін біраз уақыт қажет. 

Дүниежүзінде әйелдердің қатысуымен орын алған ірі лаңкестік әрекеттердің тарихына үңілсеңіз, тараптардың ортақ мәмілеге келуі өте қиын болғанын, тіпті ортақ келісімге келмегенін байқауға болады. Бұдан біз әйелдердің деструктивті ағымдардың идеологиясын қаншалықты терең қабылдайтынын бағамдаймыз. Сол себепті бөтен ағымдардың жетегінде кеткен әйелдермен жұмыс жасау өте ауыр әрі реабилитациялық жұмыстарға ұзақ уақыт керек.     

– Түсінікті. Бүгінде құзырлы орындар халықаралық алаңдарда Сириядан елге әкелінген азаматтарды репатриациялау мен оңалтудағы іс-тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жиі айтып жүргенін білеміз. Осы саланың басы-қасында жүрген маман ретінде айтыңызшы, елімізде шынмен де деструктивті ағымдардың қақпанына түскен азаматтарды оңалтудың өзіндік іс-тәжірибесі қалыптасты ма?

– Иә, қалыптасты. Қалай десек те, бұл бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі әлемде қалыптасқан классикалық реабилитациялау тәжірибесімен салыстырғанда өзіндік айырмашылығы бар.

Бүгінде біздің елімізде Сириядан келген азаматтармен жұмыс істеу ісі үш бағытта жүреді. Олар теологиялық реабилитация, психологиялық реабилитация және әлеуметтік реабилитация болып жіктеледі. Бұдан басқа, біздер Сириядан келген әйелдерге қосымша медициналық және құқықтық көмек көрсетеміз.

Өзіңіз де білесіз, өзге ағымның соңында жүрген кейбір адамдар қарапайым екпеге қарсы шығып жатады. Мұндай азаматтардың арасында медициналық тұрғыдан ағартушылық жұмыстарды жүргізудің маңызы зор. Сол сияқты реабилитациялық жұмыстан кейін санасы тазарып шыққан жандардың құқықтық тұрғыдан қандай да бір қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Егер адамның құқықтық сауаты кем болса, тағы да жапа шегетіні белгілі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстанның деструктивті ағымдардың соңына түскен адамдары оңалтудың өзіндік кешенді жолы қалыптасқан деп нық сеніммен айтуға болады. Біздер Үкіметтің бұл бағыттағы жұмыстарымен мақтана аламыз.

Адамның радикалды ағымның жетегінде кетуіне көптеген контексті және жекелген факторлар әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Сол себепті адамның радикалдануы қоғамдық құбылыс деп қарастырған жөн.  

– Ақпарат құралдарында оңалту орталықтарынан бірқатар әйелдердің қоғамдағы өмірге бейімделіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алғаны жайында ақпараттар жарияланды. Сіздердің жұмыстарыңыз қаншалықты нәтижелі болады деп ойлайсыз?

– Мен сізге психолог маман ретінде айтсам, оңалту орталықтарынан өткен әйелдердің екінші рет радикалды ағымның жетегіне кетуі мүмкін тәуекелі өте төмен деп айтар едім. Десек те, оңалту орталығынан шыққан әйелдер 100 пайыз оңалып кетті деп айту қиын. Мұндай адамдарға айналасындағы жақын-туыстарының, таныстарының қолдауы ауадай қажет. Біздің қоғамда қателікке ұрынған адамдарды кешіріп, олардың кемшілігін бетіне баса бермейтіндей орта қалыптасуы керек. Сол кезде оңалту орталықтарының жұмысы анағұрлым нәтижелі болады. 

Сұхбаттасқан Қуаныш СМАҒҰЛ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here