Қазақстанда осы кеселмен күресетін жоба бар

Сенесіз бе, былтырғы жылы Қазақстанда кәмелетке толмаған 180 бала суицид жасаған. Балалар 351 рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

«Қала мен Дала» тілшісі жасөспірімдердің күйзелісін жеңілдетіп, өзіне қол жұмсаудан сақтандыратын арнайы жоба ойлап тапқан алматылық психологтардың жұмысымен танысып қайтты.

Бұл бағдарлама бірінші кезекте мектептегі психологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталмақ. Сонымен бірге осынау жоба әке-шеше мен естияр баланың арасында қарым-қатынасты реттеуді мақсат тұтады.

 Soul games деп аталатын жоба мектеп жасындағы балалардың ішкі жан дүниесіне тереңірек үңілуді көздейді екен. Баланың санасына психологияның қыр-сырын ойын арқылы сіңдіреді. Қазіргі тілмен айтқанда квест ойыны. Алайда ол үшін мектептегі психолог қатардағы маман емес, баланың күйзелісін көзінен танитын және дер кезінде көмек көрсетуге әзір тұратын деңгейде болуы керек. Мектеп психологы заман талабына сай білімін жетілдіріп отырмаса, күйзелісте жүрген жеткіншекке қол ұшын соза алмайды.

Жоба жетекшісінің Светлана Богатырьмен тілдескен газет тілшісі жеткіншектердің не себепті суицидке баратынын сұрап білді.

«Әдетте біз жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауын әлеуметтік ортадан көреміз. Оның ішінде мектептегі жанжалдар, сыныптастармен арадағы кикілжің, бала махабатты немесе әке-шешемен келіспеушілік мәселелері бар. Алайда мұның бәрі түбірімен қате.

Бала өлімге итермелейтін ең негізгі фактор ол – оның психологиялық әлсіздігінен туындайды. Төзімділік. Бейімділік. Мұның бәрі өткінші екенін ескермеу…

Психология тілімен айтқанда ментальді деңгейге тіреліп тұр.

Айталық мінез-құлқы дұрыс, түпкі түйсігі болмашы қиындыққа бола беріле салмайтын бала қандай, нендей жағдай болса да, мойымайды. Мәселені еңсереді. Алайда психикасы әуелден дұрыс қалыптаспаған, дамымаған бала күнделікті тіршіліктің қиындығына төзбеуі мүмкін», – дейді Светлана ханым.

Міне, осы кезде әрі-сәрі күйде жүрген жеткіншікке психолог көмекке келу керек. Өз басын әрең алып жүретін білімсіз, тәжірибесіз, тіпті баламен тілдесуге құлықсыз маман суицидке баруға іштей бекемделіп жүрген жеткіншекті «құтқара» алмайды.

Білікті психолог – баланы ажалдан арашалап қалатын ең соңғы саты. Жоба жетекшілерінің айтуынша әлбетте психологпен бірге әке-шешенің рөлі зор. Өз ісін жетік білетін психолог жеткіншекпен бірге оның ата-анасына да дәріс оқитын деңгейде болуы керек.

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕГІ ПСИХОЛОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

«Алматы қаласы бойынша қазақ мектептеріндегі психолог мамандары қайта оқытып, оларды білім мен білігіне қарай іріктеп, тиісті жұмыс жүргізетін боламыз. Soul games жобасына, ең алдымен ата-ана ретінде өзім де қатыстым. Бет алысы, бағдары жаман емес. Баланың мінез-құлқын қалыптастыруға, ата-ананың көзқарасын өзгертуге көп септігін тигізеді. Бүгінгі алмағайып технологиялар заманында баланы қалай тәрбиелеу керек, оған қандай ақыл-кеңес берген дұрыс, жол көрсеткенде неден сақ болуы қажет осының бәрі елеп-ескереді», – дейді Алматық қалалық Білім басқармасының әдіскері Венера Қоқанқызы.

Soul games жобасы 4 жыл бойы сынақтан өткен. Тәжірибе жүзінде сыналып, кем-кетіктері түзеліп, қолданысқа берілген жобаның нәтижесінде 60-тан аса психолог маман даярлықтан өтіпті.

Кәсіби білімін қазіргі күнге бейімдеп, жетілдірген олар 1 000-нан аса жанұяға психологиялық ақыл-кеңес беріп үлгерген екен.

Жоба аясында бүгінде жеткіншектер психологиясының қалыптасуына қатысты зерттеу жұмысы жүргізілуде әрі ата-ана мен мектеп психологтарына арналған онлайн-курстар әзірленіп жатыр.

«Soul games жобасының мақсаты – балаларға арасында суицидтің алдын-алу, осы бір «қауіпті дертпен» күресу.

Жоба аясында бізден дәріс тыңдаған ата-аналарға бала бағуға қатысты дәстүрлі көзқарастан арылуға кеңес бердік. Кеңес үкіметі кезіндегі принциптерді бүгінгі заманда кәдеге асыра алмайсыз. Бүгінгінің баласы бәрін білгісі келеді. Оның қояр сұрағы көп. Міне, осы себепті де үйде баламен сауатты, дұрыс әңгіме жүргізу қажет. Оның сауалына жүрдім-бардым жауап берсеңіз немесе бетін қайтарып тастасаңыз, ертең алдыңыздан шығады.

Әке-шеше баласының сұрағына анық әрі уақтылы жауап беруге дағдылануы керек, бәрі осыдан басталады. Бала мен ата-ананың арасында диалог қалыптасса, бала тұйықталмайды, іштегі жан жарасын ақтарып айтатын мінез қалыптасады, бұл өз кезегінде оны қиындықтан құтқарып қалуы мүмкін. Қиындықтан қашпайтын, өмірдің сынағына төзе білетін қасиеті бала жастан қалыптасады. Ата-ана осыны ескеруі тиіс»,  – дейді педагог-психолог Гүлнұр Қайнолдина.

Бұл жобаның еліміздегі балалар суицидінің алдын-алуға қаншалықты септесерін уақыт көрсетеді. Әлбетте, әрекет еткен жөн. Өйткені бір ғана былтырғы жылы кәмелет жасқа толмаған 180 бала суицид жасаған. 351 жеткіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ең үрейлісі бұл көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп.

Өңірлер арасында балалар суицидінің көрсеткіші бойынша Түркістан облысы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысы алда тұр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here