Былтырғы жыл жастарға арналды, «Жастар жылы» болды.  «Жастар жылында» атқарылған жұмысқа көңіл тола ма? Жастар саясатындағы олқылықтар мен кемшіліктерді бір жылдың ішінде түзетіп үлгердік пе?

Нұр-Сұлтанда өткен Жастар кеңесінің алғашқы отырысында осы мәселелер ортаға салынып, шараның шымылдығын түрген Сенатор Дариға Назарбаева жастар арасында жұмыссыздық көп екенін жасырмай айтты.

Сенатордың пікірінше, жастар арасындағы жұмыссыздық көп жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілді проблема, ауылдан қалаға келген жастарды ортаға бейімдеу мәселесі де шет қалып келеді.

Оның айтуынша, жастар саясатына жүрдім-бардым қараған жөн емес. Мемлекеттің, Үкіметтің басты назарында жүруі тиіс мәселе бұл. Неге? Себебі еліміздегі әрбір 5-інші қазақстандық 14-пен 29 жас аралығындағы жастар.

Былтырғы жыл неліктен «Жастар жылы» деп аталды?

Жастар кеңесінің отырысында көзі ашық, көкірегі ояу жас қауыммен жүздескен Назарбаева жастардың саяси-қоғамдық өмірдегі орнын баса көрсетіп, «қоғамның бұл бөлшегі елдің ертеңінің кепілі әрі алға жылжудың негізгі стимулы екенін» айтты.

«Жастар өз мүмкіндігін паш етсін десек оларға жағдай жасау керек. Ол нені білдіреді? Жақсы білім алатын, кәсіби даярлығын шыңдайтын, өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін орта қалыптастырсақ, ертең соның жемісін жейміз. Жастарға мына ел игілігі үшін еңбек ететін климат қалыптастыру қажет», – дейді сенатор.

Дариға Назарбаева бұл орайда Үкіметтің құр отырмағанын, былтырғы жыл «Жастар жылы», биылғы жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бұл жай сөз емес, жастардың бастамасын қолдауға жол ашатын, жастарға шабыт беретін бағдарламалар.

Жұрт Үкімет жұмысының нәтижесін қолмен ұстап, көзбен көру керек

Айтпақшы, осы отырыста Сенатор Үкімет тарапынан қабылданған жобалар жұртқа түсінікті болуы керектігін айтты. Түсінікті болғаны бергі жағы, ел Үкімет атқарған жұмыстың нәтижесін сезінуі тиіс.

Назарбаеваның айтуынша, бұл бірінші кезекте жастарға қатысты.

«Әзір біздің Кеңес туралы әңгіме көп. Оның жұмысын, құрылымын түсінбей жатқан жастар бар. Сондықтан бірер ауыз айта кетейін. Жастар Кеңесі Парламент Сенатының кеңесші органы. Бұдан былай жастар саясатына қатысты шешім қабылдарда осы құрылыммен ақылдасып-кеңесіп барып, бір байламға келеміз. 

Кеңестің жұмыс жоспарын, ережесін бекітіп қойдық. Бұл ұйымның құрамына үкіметтің емес, жастар ұйымдарының өкілдері еніп отыр», – деді сенатор.

Жастар кеңесі? Бұл ұйым немен айналысады?

Дариға Назарбаева Жастар кеңесінің атқарар қызметіне де тоқталды. Айтуынша, елімізде жастар саясатын жүзеге асыратын ведомстволар жетіп артылады. Ел олардың атын естігенмін, атқарар жұмысынан хабарсыз. Бұларға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді.

Жастар саясатын көсегесін көгертеді деген бірқатар бағдарламалар да қабылданған.

«Әйтсе де, елде жастарға қатысты мың сан мәселе бар. Олардың көпшілігі ұзақ жылдар бойына шешілмей, керісінше жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп келеді.

 Мәселен, ауылдан қалаға келетін жастарды қала өміріне бейімдеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Ауыл жастары қала өмірінің қарқынына бейімделіп кете алмағасын, жұмыссыздық мәселесі пайда болады.

Бейімделуі дегеніміз не? Ол қала өмірінің қым-қуытынан қалмау, өз-өзіңді дамыту, сапалы білім алуға тырысу, қолыңнан келетін істі дөңгелетіп алып кету.

Дәл қазір жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі еліміздегі ең өткір проблеманың бірі. Елдегі саяси-әлеуметтік ахуалына әсер ететін бірден-бір фактор осы – жұмыссыздық. 

Осы себепті де біз Жастар кеңесін құрдық. Бұл кеңесті әншейін ой-талқы алаңына айналдырмаймыз. Бұл кеңес тұрақты жұмыс алаңы болады.

Осы арада жастар мәселесіне қатысты көптеген түйткілдер ашық айтылып, оны шешу жолдарын іздестіреміз. Жастар саясатына жауапты билік пен заң шығару құрылымдарының, облыстық мәслихат депутаттарының есебін тыңдаймыз», – дейді Дариға Назарбаева.

Түйін

Отырысты түйіндеген Сенатор осы кеңесте сөз болған дүниелер сарапқа салынып, сүзгіден өткеннен кейін жастар саясатына қатысты заң актілеріне түзетулер еніп, аймақтағы атқарушы органдарға ұсыныстар жіберілетінін айтты.

«Бүгінгі күні «Нетворкинг» ұғымы жастарға жақын. Бұл кеңеске келгісі бар барлық жасқа есігіміз ашық. Пікір алмасып, ойын ашық айтатын, сонымен бірге жастар мәселесінің ортақ проблемасын бірлесе шешкісі келетін азаматтар үшін осы Жастар кеңесі өзіндік алаң болады деген үміттемін.

Алайда тағы бір рет қайталап айтайын, бұл кеңес құр сөзден қуырдақ қуыратын, ұраншыл дүниелер мен бос әңгімелер айтылатын ұйымға айналып кетпеуі керек. Бұл кеңестің әлеуетін еліміздегі жастар проблемасын шешуге бағыттауымыз қажет», – дейді Сенатор.

Аяулым ШАЙМАРДАН

Жастар жұмыссыз қалмасын десек…

Сенатордың сөзінен шығады. Дариға Назарбаева жастардың көпшілігі жұмыссыз екенін айтты және бұл мәселенің аса өткір тұрғанын жасырмады.

Иә, мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға тырысып бағуда. «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» дейтін бағдарламалар соның дәлелі. Әйткенмен бұлар жұмыссыздық мәселесін түпкілікті шеше алған жоқ.

Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтудың бірден-бір жолы – жастарға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беру.

Былтыр іске қосылған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бизнес бастағысы келетін жастарға шабыт береді деп үміттенемін. 

Екіншіден, арнайы орта білім беру жүйесін дамыту керек. Әсіресе жұмысшы мамандықтар қолжетімді болғаны жөн. Ауыл жастарының қала өміріне бейімделуі жұмысқа орналасқанда ғана нақты жүзеге асады.

Үшіншіден, биыл еріктілер жылы. Бұл жылы жастардың әлеуметтік белсенділігін көтеру керек Үкіметке. Бұл үшін еріктілерді материалдық тұрғыдан қолдаған жөн. Сондайда әлеуметтік жобаларды алып жүретін қабылеті бар жастарды анықтаймыз.

Серік БЕЙСЕНБАЕВ,Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here