Экология министрі қоршаған ортаны ластайтын өндіріс орындарын қалай жазаламақ? 

Экологиялық кодекстің жаңа нұсқасы күні кеше Мәжілістің қарауына жетіпті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осы құжатты қабылдаған жағдайда елдің экологиялық ахуалы дұрысталып, жөнге келеді дейді. Бұған депутаттарды сендіруге тырысқан министр жаңа құжаттың бұрынғыға қарағанда өзгерек тұстарына тоқталды. 

«Қала мен Даланың» Нұр-Сұлтандағы тілшісі қоршаған ортаның мәселесі қаузалған жиынға шолу жасаған болатын. 

Біздің елде аса өзекті, өткір екі мәселе бар. Оның екеуі де экологиямен байланысты. Біріншіден, қоршаған ортаның тазалығы (су, ауа, топырақ сапасы) және қатты тұрмыстық қалдықтар. Жыл өткен сайын қоқыстың көлемі өсу үстінде, қазірден бастап қимылдамасақ 2030 жылы қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттың көлемі айналдырған 10 жыл ішінде 1,5 есеге өсіп 3,6 млн тоннаға жетеді, – деді еліміздегі қоқыс өңдеу саласының ақсап тұрғанын меңзеген министр.

Министрлік мәселені жаңа заңнаманың және жаңа технологиялардың көмегімен шешпек. Ірі өндіріс орындарын жаңа, заманауи қолжетімді технологияға көшіру мәселесін уақыт оздырмай қалған жөн.

 Алдымен мұнай-газ, тау-кен, химия және электр энергиясындағы 50 ірі кәсіпорынның жұмысын жаңа технологияға көшіреміз. Еліміздегі зиянды қалдықтардың 80 пайызын осы 50 кәсіпорын шығарып отыр. 

2023 жылдың аяғында жұмыс процесін жаңа технологияға көшірген өндіріс орындарының анықтамасын жариялаймыз.

2024-2025 жылға қарай қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындардың жұмысын біртіндеп тежейтін боламыз. Алдағы 10 жылда еліміздегі барлық өндіріс орындары жаңа талапқа бағынып, қоршаған ортаны ластаудың көрсеткіші едәуір төмендейді, – деп сендірді министр Мырзағалиев.

Жаңа технологияны ендірген өндіріс орындары эмиссия үшін ақы төлеуден босатылады. Ал егер Үкіметтің тапсырмасын елеп-ескермей, ескі әдіспен жұмыс істер болса эмиссия үшін ақы өсе береді.

 Министрдің айтуынша, былтыр эмиссияға төленетін ақы өндіріс орындары үшін 96 млрд теңгені құраған. Бұдан бөлек, былтырғы жылы өндіріс орындары қоршаған ортаны қорғау шараларына 145 млрд теңге аударыпты. Бұл екеуін қоса алғандағы 240 млрд теңгені құрайды.

– Уақыт бар. Әлі де бар. 10 жыл ұзақ мерзім. Осы 10 жылда ел кәсіпорындары жиған-терген қаражатының есебінен жұмыс процесін жаңа технологияға көшіруі қажет. Тұтастай алғанда бұған шамамен 2 трлн теңге жұмсалады, – дейді сала басшысы.

Депутаттар алдында есеп берген Мырзағалиев экологияға қатысты тағы бір мәселенің шетін шығарды. Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықты (ҚТҚ) өңдеу жолға қойылмаған.

Елдегі 3,5 мыңнан аса полигон аузы-мұрнынан шыға толып тұр. Мұндағы қатты тұрмыстық қалдықтың көлемі 120 млн тоннадан асып жығылған және жыл сайын тағы 5 млн ҚТҚ-ға толығып отыр.

Иә, 2016 жылдан бастап Қазақстан қайта өңдеу саласының тамырына қан жүгіріп, қоқыс өңдеу көрсеткіші 2,6 пайыздан 14,9 пайызға дейін өсті.

«Алайда бұл жеткіліксіз», – дейді министр Мырзағалиев.

Осыған байланысты министрлік қалдықты өртеу және соның есебінен одан электр қуатын алатын Waste to Energy жүйесін заңнамаға енгізуге керек деген ұстанымда.  

 Бұл жүйе Батыста, АҚШ-та нәтижесін берді. Өзін жақсы жағынан көрсетті. Халыққа  қолайсыздық туғызған жоқ. Waste to Energy жүйесінің арқасында еліміздің қоқыс өңдеу мәселесі шешімін табады әрі бұл салаға жеке инвесторларды шақыра аламыз. Бұл өз кезегінде қоқыстың көлемін 30 пайызға азайтып, 2025 жылға қарай 180 млрд теңге шамасына инвестиция тартуға жол ашады, – дейді сала басшысы.

Әйткенмен, қоқыс өңдейтін өндірістің өзі қоршаған ортаға зиянды зат бөлуі мүмкін ғой? Министрлік бұл мәселені ескерді ме?

Мырзағалиевтің айтуынша, мұндайды болдырмау үшін қоқыс өңдейтін зауыттарға Батыстағыдай қатаң талаптар қою керек.

«Қоқыс өңдейтін зауыттарды лицензиялау маңызды. Олардың барлығы Үкіметтің бақылауында болады. Осындай маманданған өндіріс орындарының тізімін қазірден бастап түзей бастаған жөн», – дейді министр.

Экология туралы заңның жаңа нұсқасында министрлік «қоршаған ортаны ластаған айыппұл төлейді әрі кемшілігін түзейді» деген принципті назарға алыпты.

 Мырзағалиевтің пікірінше, жер қойнауын игерудегі қазіргі экономикалық механизм ірі өндіріс орындарынан қоршаған ортаны ластамауды жеткілікті деңгейде талап ете алмайды.

Егер осы заңның жаңа нұсқасы қолданысқа енсе «экологияны ластаған айыппұл төлейді» ұстанымы еліміздегі барлық зауыттарға ескерту есебінде болады. Олар экологияны ластағаны үшін қомақты өтемақы төлеп қана қоймай, өзі ойрандап кеткен аумақты ретке келтіруге міндетті болады.

Осылайша, ірі кәсіпорындар бұдан былай қоршаған ортаны таза ұстауға тырысады және осы бағытта арнайы шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Ұжымның принциптеріне өзгеріс енгізеді, жұмыс процесіндегі ескі-құсқы құрылғыларды жаңа технологияларға ауыстырады. Ешбірінің экологиялық айыппұл төлегісі келмейтіні анық. Ал егер мұндайға жол берсе зауыт өзі ойрандап кеткен аумақты ретке келтіруге міндетті болады, – деп түсіндірді Мырзағалиев.

Қоршаған ортаны ластау көрсеткішін бағалау жұмысына да өзгеріс енбек. Әзір белгілі бір өндіріс орнының экологияны ластағанын зерттеп-зерделеуге 189 жұмыс күні жұмсалады екен. Экология министрлігінің айтуынша, бұл тым ұзақ мерзім.

Тоқ етерін айтқанда, Экологиялық кодекстің жаңа нұсқасы қабылданған жағдайда бұдан былай экологиялық заңнамадан аттап, қоршаған ортаға қайырымсыз қарайтын өндіріс орындары қатаң жазаланады.

Әзірге еліміздегі ірі өндіріс орындары экология талаптарын сақтамағаны үшін айыппұлмен ғана құтылуда, олардың көпшілігі жұмыс процесіне жаңа технологиялар ендіруге құлықсыз.

Экология министрі экология талаптарын бұзған зауыттарға салынатын айыппұлды 10 есеге, ал егер бұл жағдай екі мәрте қайталанса 20 есеге ұлғайтуды ұсынады. Үкіметтің ескертуін елемегендер әкімшілік жазаға тартылып, 1 жылдан 3 жылға дейінгі аралықта абақтыға қамалады.

Роллан БОЛАТХАНҰЛЫ Нұр-Сұлтан қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here