Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының әкімі Ермек Сәлімовті қабылдады.
Бұл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Бұл қабылдауда тойға дайындық мәселесі пысықталып, бұдан бөлек Семейді көркейту мәселесі кеңінен сөз болды.
Президент Семей қаласына тарихи орталық мәртебесін беру дұрыс қадам болғанын тілге тиек етті.
Ал Ермек Сәлімов Мемлекет басшысына Семейдің қазіргі қал-жағдайы, халқының тұрмыс-тіршілігі туралы баяндады.
Тоқаев тоқталған тағы бір маңызды мәселе – қаланың экономикалық өміріне қан жүгірту.
«Семейде бір кезде тоқтап қалған өндіріс орындарын қайта іске қосу қажет, соның ішінде тері комбинатының жұмысын қайта жүргізуді тапсырамыз. Бұдан бөлек, қаладағы радиологиялық орталықты қолданысқа беру және жаңа мектептің құрылысы, жол құрылысы әрі көшелердің абаттандырылуы да аса маңызды», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Абайдың 175 жылдығына жеке тоқталып, мерейтойлық шараларды шашылмай, тиянақтап өткізуді тапсырды.
«Абайдың тойын шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырамын», – деді Тоқаев.
Кездесу барысында Семей қаласына тарихи орталық мәртебесін берудің басымдықтары сөз болып, мұның барлығы Семейді көркейту мақсатында қолға алынғаны айтылды. Семейдің туристік тартымдылығын арттырып, қала қонақтары үшін жайлы қалаға айналуы да аса маңызды деді Президент.
Тоқаев Ермек Сәлімовке волонтерлер қозғалысымен бірлесіп, «Семей орманы» аумағында ағаш егу жұмыстарын қолға алып, осынау акцияға жастардың қатысуын қамтамасыз ету керектігін айтты.