ҰҚҚ төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков лаңкестік қаупі асқынып тұрған аймақтардан жерлестерімізді алып шығу операциясы аяқталғанын айтты.

«Жусан» операциясының барлық сатысын жүзеге асырдық. Ирак жерінен 14 баланы аман-есен алып шыққанымыздан хабардарсыздар. Алдағы уақытта дәл мұндай іс-шара жоспарымызда жоқ, алдымен соғыс аймағында жүрген жерлестерге қатысты мәлімет жинау қажет, алайда олар жайлы әлі де толық мәлімет жоқ. Дегенмен қазірден бастап әзірлік жұмысын, консультациялық кездесулер өткізудеміз», – деді Білісбеков. 

Ол Қазақстанға оралуға ниет білдірген жерлестердің барлығы Отанына кері қайтарылғанын баса айта кетті.

«Сіздер сенбессіздер, алайда елге қайтуға тілер білдіргендердің арасында тіпті содырлар да бар. Біз бірін қалдырмай алып шықтық. Әлбетте елге оралғасын тиісті жұмыс жүргізіледі. Біздің ұстаным – қақтығыс аймағынан алдымен әйелдер мен балаларды алып шығуға тырысамыз. Қазақстанға қайтып келгендердің арасында 40 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды», – дейді ҰҚК басшысының орынбасары.

Парламент дәлізінде тілшілерге сұхбат берген Білісбековке «Қала мен Дала» тілшісі де өз сауалын қойып, бүгіндері террористік ошақ аймағында қанша қазақстандық барын сұрады.

«Қазір лаңкестік қаупі өршіп тұрған аймақтарда 100-ден аса жерлесіміз бар. Олардың басым көпшілігі Сирияда. Шамалап айтқанда, 35 ер адам және 80-ге тарта әйел адам бар. Балаларға қатысты нақты дерек әзірге қолымызда жоқ. Дегенмен Сирия ғана емес, сонымен бірге Ирак пен Ауғанстанда да қалып қойған жерлестерімізді алдағы уақытта іздестіретін боламыз», – деді Білісбеков.

«Қала мен Дала» дерегі:

Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік органдар мен шетелдік серіктестеріміз «Жусан» жобасының аясында 5 арнайы операция өткізді.

Тақырыпқа тұздық

Ерлан Қарин: «Бірінші кезекте балаларды ойладық»

«Жусан?». Бұл өзінің ауқымы мен жауапкершілігі тұрғысынан ел тарихындағы аса күрделі операцияның бірі болды. Әлбетте егемендік жылдары ҰҚК еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген шараларды қабылдады.

Дегенмен дәл бүгінгі таңда «Жусан» операциясы Қазақстанның қауіпсіздік саласындағы аса ауқымды, күрделі шаралардың бірі ретінде тарихта қалмақ. Өздеріңіз де білесіздер, лаңкестің ошағы саналатын аймақтардағы ахуал күнбе-күн құбылып отырады.

 Осыны назарға алғанда, мұндай операцияның маңызы одан сайын арта түседі. Ашығын айту керек, мұндай операцияның алдағы уақытта өтуі екіталай. Бұл операцияның басты ерекшелігі – түрлі елдің, түрлі топтың, түрлі геосаяси күштердің қақтығыс жағдайында орындалуы.

Әсіресе балалар тағдыры алаңдатты. Олар ата-анасының қателігі үшін жауап бермейді. Оларды елге қайтармасақ, ертең олар Қазақстанға қарсы шығуы мүмкін еді. Өсер ұрпақ біздің келешегіміз, біз алдымен солардың ертеңін ойладық.

Біздің жобамызды шетелдер де жоғары бағалады. «Жусанды» дер уақытында жүзеге асырдық».


Ұлттық Қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметіне берген сұхбатынан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here