Бүгінде ел азаматтарының қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып жүрген полиция қызметкерлеріне деген сенімі күн санап артып келе жатыр. Бұған 11-15 қараша күні Ақтөбе қаласында «Халық қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» республикалық шарасы кезінде көзіміз анық жетті. Осы ретте айта кетуіміз керек, бұл шараны ҚР Ішкі істер министрлігі жыл сайын ұйымдастырып, тәртіп сақшыларының бойында патриоттық сезімді дамытып келеді.

Шараға бейбіт уақытта ерлік істер жасаған полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерін және ҚР Ұлттық ұланның әскери қызметшілері белсене қатысты. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шара құқық қорғау органдарының кәсіби біліктілігін арттыруға барынша ықпал етуде.

Бұл жолғы шара Ақтөбе облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының мәжіліс залында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» тақырыбында дөңгелек үстелден бастау алғанын айта кетуіміз керек. 

Шараға ҚР Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев, Ақтөбе облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, ҰҚК өкілі Марат Ирменов, ІІО ардагерлері, БАҚ өкілдері мен еліміздің әр аудандарынан келген батыр-полицейлері қатысты.

Құқық қорғау қызметкерлерінің қоғамдық өмірімізде алатын орны ерекше. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау айтар ауызға жеңіл дүние болғанымен оның түп-тамырына ешкім үңіліп жатпайтыны анық. Қоғамдағы қауіпсіздік экономика мен бизнестің, әлеуметтік саланың өркендеуі үшін маңызды сала болып саналады.

Сол себепті еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, Қазақстанның құқықтық мемлекетке айналуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тәртіп сақшыларының еңбегін лайықты бағалауымыз керек. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, қоғамның тыныштығы үшін күресіп жүрген жандардың қызметінің мәнін түсінген абзал.  

Ақтөбе облысында өткен шара барысында жылы қызмет бабында жүріп ерлігімен көзге түскен еліміздің ең үздік 14 полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» деген ұранымен бастау алған республикалық шара полиция қызметкерлерінің қоғамдық өміріміздегі орнын айшықтап көрсетіп, жұмысын көпшілікке кеңінен насихаттағанына куә болдық.    

Осы ретте қолға алынған шара жайында аз-кем айта кетсек. Жалпы, «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акциясы көпшілік қауымның қызығушылығын оятып, қоғам тарапынан қолдау тапқан маңызды іс-шара десек артық айтқандық болмас еді.

Акцияның көздеген басты мақсаты полиция қызметкерлері арасында азаматтық-құқықтық көзқарасты, патриотизмді, антқа және қызметтік борышқа адалдықты нығайту болып табылады.

Іс-шара ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерліктері мен батырлығын насихаттауға, олардың Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухын көтеруге, халықтың құқықтық тәртіп қызметіне деген сенімін нығайтуға және Қазақстан полициясының беделін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасы ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеев өз сөзінде, қазіргі заман жағдайында мемлекет пен қоғам полиция қызметкерлеріне жаңа талаптар қоятынын, бұл ретте басты нәрсе халықтың ішкі істер органдарына деген сенімі екенін айтты. Уақыт талаптарына жауап беретін қазақстандық полиция қызметкерінің жаңа келбетін қалыптастыру бағытындағы жұмысты түбегейлі қайта құрудың маңызы зор екенін түсінгендей болдық.

Осыған байланысты, Қазақстан халқына Жолдауды іске асыру мақсатында «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», жол картасын жүзеге асыру, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2019 – 2021 жылдарға арналған идеологиялық және тәрбие жұмысының» жоспарын бекітті.

Президент өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: полиция бейнесі мемлекеттің күш құралы секілді, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін орган болатынын атап өтті.

Бақытжан Халилұлы өз сөзінде, Ішкі істер органдарын жаңғырту мақсатында Жол картасын іске асыру аясында онлайн – талқылау үшін порталда полиция қызметкерлерінің стандарты жарияланғаны атап өтті. Халықтық ұсыныстар мен тілектер жоспарды бекіткенде басшылыққа алынғанын алға тартты.

– Ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформаларды, соның ішінде полицияның қоғаммен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің өзгеруін «сервистік модельге» көшу деп атауға болады. Біз адам құқықтарының сақталуын ескере отырып, полиция жұмысының стандарттары мен алгоритмдерін қайта құрудамыз. Біз полицияның ашық болғанын қалаймыз. Қазір барлық жерде азаматтарды ашық түрде қабылдауда 239 фронт-кеңсе жұмыс істейді.

 Кездесу талқылау форматы негізінде қатысушылар арасында ашық пікір алмасуға болады, – деді Бақытжан Халилұлы.

Дөңгелек үстел соңында жергілікті атқарушы органдардың, күш құрылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З.Тұрғымбаевтың атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Батыр-полицейлер Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін №21,60,10,40 мектептері мен Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесіп, олар онда өздерінің күнделікті жұмысы және қызмет атқару кезінде қандай қиындықтарға тап болатыны туралы әңгімелеп берді. Оқушыларға полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың  адамдарды құтқару сәттерінің бейне роликтері көрсетілді.

Оқушыларда бейне роликтерді көрген соң, қызығушылық пайда болып, батыр-полицейлерге «Ерлікке барарда не ойладыңыз, қорықпадыңыз ба» деген сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.

Сонымен қатар акцияға қатысушылар Алға ауданына барып, аудан әкімімен, оқушылармен және аудан халқымен, ардагерлермен кездесу өткізді. Алматы қаласы Полиция департаментінің ансамблі аудан тұрғындарының алдында өз өнерлерін көрсетеді.

Бүгін Ақтөбе қаласында «Өнер орталығы» концерт залында салтанатты іс-шараның қорытынды бөлімі өтеді. Онда Ішкі істер министрі атынан марапаттаулар мен алғыс хаттар табыс етіліп, Алматы қаласы Полиция департаменті ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады деп күтілуде.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here