Қоғамдық тәртіпті сақтауда полицейлер өз өмірін үнемі қатерге тігіп жүретіні жасырын емес. Өйткені қылмыс үстінде қолға түскен қаскөйлер тәртіп сақшыларының құрығынан сытылып кету үшін неге де болса баратыны анық. Өкінішке орай, елімізде қандықол қылмыскерлердің қолынан біршама тәртіп сақшылары мерт болғаны да белгілі.  

Транспорттық полиция қызметкерлері қызмет бабында жүріп мерт болған әріптестерінің отбасына барып, соңында қалған әйелі мен бала-шағасына қолдан келген көмектерін көрсетуді дәстүрге айналдырған. Әріптестер бұл жолы да қалыптасқан әдетті бұзған жоқ. Полиция подполковнигі Талғат Қожабаев бастаған тәртіп сақшылары қызмет барысында кісі қолынан қаза тапқан әріптестері Мұратбек Өмірбековтің шаңырағына барып, марқұмды еске алды. Қоғам үшін жанын пида еткен Мұратбек Өмірбековтің көрсеткен ерлігін еске алып, соңында қалған отбасына қамқорлық көрсетті.

Мұратбек Өмірбеков 1992 жылы арнайы операция кезінде екі бірдей аса қауіпті қылмыскердің жолын кесіп, қызметін атқару барысында өзі оққа ұшып, мерт болған еді. Сол кезде полицейдің әріптестері аға лейтенант Мұратбек Өмірбековті көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ұсынған болатын. Оның соңында жас әйелі мен үш бірдей ұлы ботадай боздап қала берген-ді. Міне, содан бері біраз уақыт зымырап өте шықты. Бүгінде Мұратбек Өмірбековтің үлкен ұлы Ринат Өмірбеков әке жолын қуып, құқық қорғау органдарында еңбек етуде. Ол Шиелі ауданы ІІБ-де табысты да абыройлы қызмет атқаруда. 

– Қызметтік міндетін орындау барысында мерт болған полицейлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біздің департамент басшылығы қызмет барысында мерт болған әріптестеріміздің отбасына қамқорлық көрсетіп, айрықша көңіл бөліп тұрамыз. Олардың жасаған ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қызметіне адалдық танытқан әріптестеріміздің өмірі жастарды батырлыққа, патриотизмге тәрбиелеуге айрықша ықпал етеді, – деп Талғат Қожабаев өз ойын ортаға салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here