Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін полиция қызметкерлері жайында өмірде әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Қазіргідей алмағайып заманда адамның адамаға ұнауы қиын. Бірақ тәртіп сақшылары өз қызметіне адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті сақтап, ел азаматтарының құқын қорғауда күн-түн демей жұмыс істеп жүргенін мойындауымыз керек.
Түн қатып жүріп, қоғамдық өміріміздің тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары жұмыс барысында түрлі жағдайға тап болып, шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болып жататыны белгілі.
Жақында Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында көршісінің көлігінің кілтін тауып алған бір азамат ащы суды ұрттап алғаннан кейін, түннің бір уағында көршісінің көлігін оталдырып, «түнгі серуенге» шығады. Ішімдіктің қызуына бой алдырған азамат көлік жүргізе алмайтынын қаперге де алмаған.
Кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары көршісінің көлігімен «серуенге» шыққан азаматты тоқтатып, тексергенде оның ішімдікке тойып алып, бөтен көлікті айдап әкеткенін әшкерелейді.
Егер ащы судың буына мас болған азамат «түнгі серуенін» жалғастыра берсе, ол сөзсіз бір бәлеге душар болып, көлік пен өзіне зақым келтірері анық еді. Бірақ қырағы сақшылар оны құрықтап көлікті иелеріне қайтарған.
Түн ішінде полицейлер ерлі-зайыпты Гуськовтардың үйіне келіп, көлігінің кілтін ұстатқанда олар қатты таңғалыпты. Полицейлер жағдайды баяндағанда Гуськовтар отбасы тәртіп сақшыларына ризашылығын білдіріп, көлігінің кілтін тауып берген, әрі көлігін сақтап қалған полицейлерге алғыстарын жаудырыпты.
– 9 қыркүйек күні түнде безектеген есіктің қоңырауынан ояндық. Есікті ашсақ, полицейлер тұр. Алғашқыда «не болды» екен деп секемденіп қалды. Бірақ ащы суға тойып алған көршімізден машинамызды алып келгенін естігенде таңғалдық. Полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Егер олар машинаны дәл уақытында тоқтатпағанда, көлігіміз көзден бұлбұл ұшар еді, – дейді отағасы Александр Гуськов.
Тағы бір оқиға. Күні кеше ғана Петропавл қаласының зейнеткерлері де облыстық полиция ведомствосының басшысына жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Патрульдік полиция қызметкерлерінің көрсеткен ілтипаты мен қамқорлығы жанымызды тебірентті. Біз Омбы қаласына қарай кетіп бара жатқанда, көлігіміз жолда сынып қалды. Полицейлер келіп, қол ұшын созды. Бізге түсіністікпен қарап, машинаны эвакуациялауға көмектесті. Біз егде жастағы адамбыз, менің аяғым ауырады. Олар көмектеспегенде, үйге қалай оралатынымызды елестете алмаймын. Осындай жауапты, адам тағдырына бейжай қарамайтын жандардың бары бізді қатты қуантады, – деп Тамара Малышева полиция лейтенанттары Мейрам Ыбыраев пен Манат Смағұловтың экипажына алғыс білдірді.
Жазда Петропавл қаласының «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктіне кезекшілікке түскен патрульдік полиция батальонының қызметкері полиция аға лейтенанты Серік Сейпиев толғақ қысқан жас анаға көмек көрсететінін сол күні ойламағаны анық. Аққайың ауданының тұрғыны Әлімхан Смағұлов аудандық аурухананың акушерімен бірге өзінің келіншегін облыстық перинаталдық орталыққа әкеле жатып, жол бойында көлігі бұзылып, толғақ қысқан келіншегі мен акушерді бөтен көлікке мінгізуге мәжбүр болады. Келіншек толғата бастаған сәтте акушер жүргізушіге полицейлерге жүгінуге кеңес берді. Осылайша, жеті түнде олар полиция бекетіне келіп тоқтайды.
Бұдан кейін кезекшілікте тұрған Серік Сейпиев ойланбастан келіншек пен акушерді патрульдік автокөлікке отырғызып, маяктарын қосып, санаулы минутта толғақ қысқан келіншекті перинаталдық орталыққа жеткізді. Кезекшілікке бірге түскен оның әріптесі полиция кіші лейтенанты Асқар Сердалинов бекетте қалып, кезекші бөлімге болған жағдайды баяндайды. Жарты сағаттан кейін кезекші бөлім Аққайың ауданының тұрғыны аман-есен босанып, дүниеге қошқардай ұл бала әкелгенін хабарлапты.
– Перинаталдық орталыққа кетіп бара жатқанда бойымда толқыныс болды. Батальон құрамында 9 жыл қызмет атқарып келемін. Осыған дейін мұндай оқиға кездескен емес. Қызым мен ұлым да перинаталдық орталықта туған еді. Қызмет бабымен дәл осы орталыққа тағы келемін деп ойламаппын, – дейді ержүрек полицей.
Бұл патрульдік полиция қызметкерлерінің бір түндегі бастан өткерген оқиғасы. Ал мұндай оқиға елімізде күнделікті қайталанып жататыны айтпасақ та белгілі. Бірақ полиция қызметкерлері оның бәрін жұртшылыққа жария етіп, халық алдында ұпай жинап жатқанын көрмейсің.
Олар үшін бұл күнделікті қызмет барысында кездесетін үйреншікті жағдай екені анық. Бірақ осындай ізгіліктің жаршысы болған полиция қызметкерлерінің жұмысы қоғам тарапынан лайықты бағасын алмай жататын кездері болады. Бұл ретте жергілікті жерлердегі ішкі істер бөлімдерінің жұмыстарын журналистер көпшілікке жеткізіп, олардың жұмысын барынша насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрлан ӘУБӘКІР