Нұр-Сұлтанда өткен «16 жасқа дейін және одан үлкен жеткіншектер. Көкейтесті мәселелер» атты басқосуға «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып қайтты.

Бұл шараның ерекшелігі сонда, қазақ қоғамындағы кейбір табу тақырыптар ашық айтылып, шараға қатысқан сарапшылар мен кездесуге келген көпшілік осыған қатысты ойларын ортаға салды.

Гендерлік және білім беру бағдарламасының үйлестірушісі және жетекшісі Ләйлә Махмұдованың айтуынша, елімізде мектеп жасындағы қыздар мен тұрмыстағы келіншектер өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Мұның себебі көп.

«Бұл тақырыпты кейінге ысырып, жабулы қазан күйінде қалдырғаннан проблемадан қашып құтыла алмаймыз.

Қазақстандық қоғамда зорлық-зомбылық жиілеп кетті. Осындай оспадарлық негізінен, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтын үйде болып жатыр. Иә, бұл арада кейбіреулер  «ерлі-зайыптының ісіне есі ауысқан араласады» деп мін тағуы мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда осы көзқарастың өзектілігі жоғалып, мағынасынан айырылғанын мойындау қажет.

Үйдегі зорлық-зомбылық түзде жалғасып жатыр. Содан да еліміздегі әйелдер мен мектеп жасындағы қыздар өздерін үйде де, түзде де қауіпсіз сезіне алмайды», – дейді Ләйлә Махмұдова.

Оның айтуынша, елімізде әйелге деген құрметтің аздығы мен дәстүрдегі догмалар қыз-келіншектердің құқығының тапталуына әкеліп отыр.

«Қоғамда қандай жағдайда болмасын, әйелдің өзі кінәлі. Отбасы-ошақ қасының жылуын сақтау әйелдің мойнында. Күйеуінің, енесінің, туған-туыстарының көңілінен шыға алмаған болар.

Әйел деген барған жеріне тастай батып, судай сіңуі тиіс» деген көзқарас қалыптасқан. Бүгінгі әлемде бұлай ойлаудың өзі артта қалғандықтың белгісі. Ең өкініштісі, мемлекетте ер мен әйелдің құқығы тең емесін тағы бір мәрте дәлелдейтіні ащы ақиқат» дейді ол.

Ләйлә Махмұдова үйдегі, түздегі зорлық-зомбылық көбейгенінің кесірінен Қазақстанда жеткіншектер жүктілігі жыл өткен сайын жиілеу үстінде деп есептейді.

«Кәмелетке толмаған қыздар бала көтеріп қалуы мәселенің бергі жағы ғана. Мұның арты бір емес, бірнеше адам тағдырының талқандалуымен аяқталып жатыр. Көшедегі тастанды сәбилер, суицид жағдайлар соның дәлелі.

«Биыл «Жастар жылы». Жастар туралы айтқанда жеткіншектер проблемасын назардан тыс қалдыруға болмайды.

Қазақстандық жастарды өздерін физикалық әрі эмоционалдық тұрғыдан қорғауға үйрету керекпіз. Онсыз жеткіншектер жүктілігі азаймайды. Біздің қоғамда ашық айтыла бермейтін сексуалды мінез-құлық әдеттерін үйрету, соған сәйкес шешім шығаруға баулысақ, бүгінгі өмірде мұның зияны жоқ.

30 жылда бүтін бір буын алмасты.

Бүгінгі таңда бізге жаңа жыныстық және де демократиялық елдің талаптарымен үндесетін мүлде бөлек гендерлік білім керек. Қазіргі қазақстандық жастардың танымы мен талғамы, мәдениеті мен менталитеті, болмысы мен сұранысы аға буынға мүлде ұқсамайды. Алайда аға буын мұны ескере бермейді. Соның салдарынан әке мен баланың арасында түсінбеушілік туындайды.

Бүгінгі заманның жастары таптаурын дүниелерді ұнатпайды, қалыптасқан қағидалардың қамытын мойындарынан әлдеқашан шешкен. Ал бұл жолда оларға байыпты бағыт, дұрыс жол көрсету – қоғам мен мемлекеттің міндеті», дейді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here