Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитетінің басшысы Мадияр Қожахмет айтты.

PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында комитет төрағасы жұмысшы жастарға арнап салынып жатқан жалдамалы тұрғын үйлер туралы сауалдарға жауап берді.

Қожахметтің айтуынша, жалға берілетін баспананың сапасын тексеруде еліміздегі осы күнге дейін қолданылып келген тексерудің әдепкі әдістері қолданылады. Стандартты тексеру жұмыстарын әкімдіктер жүргізеді.

«Тұрғын үйдің сапасына қатысты жауапкершілікті әкімдік мойнына алады. Себебі үйге тапсырыс берген де, оны сатып алатын да – әкімдік. Әкімдіктегі тиісті органдар баспананың сапалы салынып, жастарға қалтасы көтеретін бағада ұсынылуына тиісті бақылау жүргізетін болады», – дейді Жастар және отбасы істер комитетінің басшысы.

Бұдан бөлек, оның айтып өткеніндей, жалға берілетін баспаналардың сапасын бақылауға «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңестік мүшелері, жастар арасынан шыққан белсенділер атсалыса алады.

«Олар тұрғын үйдің сапасына қатысты міндеттердің орындалуына қоғамдық мониторинг жүргізетін құқыққа ие. Бұдан бөлек, қоғамдық белсенділер осынау бағдарламаға қатысушы жастардың талапқа сәйкестігін тексеріп, іріктеу жұмыстарының әділ жүргізілуін бақылайтын болады», – дейді Мадияр Қожахмет.

Оның пікірінше, жұмысшы жастарға жалдамалы пәтер үлестіру бастамасы тәуелсіз бақылаушылар тартылғанда ғана ауыздан-ауызға таралып, жастардың үй алуға ұмтылысын ұштай түседі.

«Қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық мәселелерге сергек қарайтын белсенді жастар, депутаттық корпус мүшелері осы комиссияға кіруге ықылас танытса, әлбетте есігіміз ашық.

Бұл екі тарапқа да тиімді болмақ. Қоғам өкілдерін тарта отыра біз жемқорлық оқиғаларының алдын алып, бағдарламаның тиімді әрі нәтижелі орындалуын барлық деңгейде мұқият қадағалайтын боламыз», – дейді Жастар және отбасы істері комитетінің басшысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here