Құқықтық саясат тұжырымдамасы: 10 жылда не өзгерді?

0
2750

Кез  келген мемлекеттің іргетасы – адам. Сол секілді кез келген елдің ең қымбат қазынасы да – адам. Демократия құндылықтарына құрметпен қарайтын мемлекет адам құқығы мен бостандығын табанға таптатпайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Осыдан 10 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңымыздың негізінде «Қазақстаннның 2010-2020 жылға дейін кезеңге арналған құқықтық саясаты» тұжырымдамасына қол қойды.

Келер жылы осы тұжырымдама өзінің мәресіне жетіп, соның негізінде осы 10 жылда атқарылған ауқымды істер түйінделетін болады.

 Осы аралықта еліміздің құқықтық саясатын заман талабына сай бейімдеп, жетілдіруді көздеген көптеген іс-шаралар атқарылды. 

Оқырманды «осы уақытта құқықтық саясаттың кем-кетігі түзеліп, адам құқығын қорғауда өзгеге үлгі етер заңдық құжатқа айналды ма» деген сауал мазалайтыны анық. Біз бұған жауап іздеуге тырыстық. 

10 жылда не өзгерді?

«Қазақстанның 2010-2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясатының тұжырымдамасы» ол – ең алдымен, реформа. 10 жыл бойына заң саласын құқықтық және демократиялық елдің сұранысына сай бейімдеуде орасан зор іс атқарылды. Иә, кемшіліксіз дүние жоқ. Ағаттықтар, қателіктер де болды.

Біз бұл тұжырымдама алғашқы да, соңғы да емес, алдағы 10 жылдағы жаңа құқықтық жүйенің қалыптасуына іргетас болатын өзіндік трамплин екенін түсінуіміз керек.
Бұл тұжырымдама құқық саласындағы көзге көрінбейтін көптеген кемшіліктерді су бетіне шығарды және олардың сапалануына, оларды заман талабына бейімдеуге үлкен үлес қосты.

Ең бастысы, заң саласындағы негізгі бағыттарды межелеуге мүмкіндік берді.

Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік органдар заңның ортақ талаптарына сүйеніп, соған сәйкес шешім шығаратын. Бірақ бұл амал қазіргі заманның талаптарына сәйкес келе бермейді.

Сот-құқықтық реформаны жетілдіру үшін әрбір мемлекеттік құрылым тұжырымдаманы толықтырып, соған сәйкес өз бағытын айқындауы қажет деген талап қойылды.

Әлбетте, Ата заңнан асып ешқайда бара алмаймыз. Ата заң – ең басты бағдар әрі ең басты құндылық.

Әйткенмен бұл тұжырымдаманың маңызы туралы айтқанда, барша мемлекеттік органдар бұл құжаттың тек құқықтық құжат емесін, сонымен бірге саяси құжат екенін түсіну қажет.

Құқықтық саясатты жетілдіру, оның кем-кетігін түзеу, халықтың талап-тілегіне қайшы келетін тұстарын «тіліп» алып тастау, елді демократияның даңғыл жолына  түсіретін ең негізгі тетік. Сондықтан да бұл құжатты саяси тұжырымдама ретінде қабылдау қажет-ақ.

Құқықтық саясат дегеніміз не?

Жасырып жабары жоқ, көпшіліктің құқықтық сауаты әлі де төмен. Халық заңды жете білген жағдайда құқықтық саясаттың орындалуы да жеделдеп, тұжырымдамада жаңа талап-тілектер толығар еді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы.

Көпшіліктің тарапынан «Құқықтық саясат дегеніміз не. Оның маңызы мен мақсаты қандай. Оның жетілуінен, өзгеруінен халық қандай игілік көреді» деген сауал заңгерлер қауымына жиі қойылады.

Құқықтық саясат – мемлекеттің барлық саласын қамтитын ауқымды кешен. Құқықтық саясат –  конституциялық, қаржылық, азаматтық, кедендік, қылмыстық-атқарушылық, әкімшілік, экологиялық, әлеуметтік, салықтық, банктік, қылмыстық іс жүргізу салаларын түгелдей қамтиды.

Осы салаларды түгелдей дамытуды, жетілдіруді көздейді.

Құқық қорғау және сот жүйесінің қызметін қазіргі заман сұранысына сай өзгерту де құқықтық саясатты негізгі миссиясы.


Тілге тиек етер жайт…

Құқықтық саясат туралы айтқанда Қазақстанда жаһандық өзгерістерді есепке алуы қажет. Соның бірі – еліміздегі құқықтық жүйені әлемдік талаптарға сай ізгілендіру (гуманизациялау).

10 жыл осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарылды. Қазір Қазақстанның құқықтық жүйесін гуманизациялау бақандай 6 бөлімнен тұратын ауқымды құжат.

Оның ішіне «Құқық қорғау мен сот жүйелерiн және құқық қорғау институттарын дамытудың басты бағыттары» және «Құқықтық білім беру һәм құқықтық насихат» тармақтары барынша өзгеріп, азаматтар құқығын қорғауда арқа сүйеуге болатын негізгі бөлімдерге айналды.

Құқықтық мәдениетті қалай қалыптастырамыз?

Құқықтық мәдениет – азаматтық ар-намысыңды таптатуға жол бермеу және бұл жолда мемлекеттің қорған боларын сезіну.

Тұжырымдаманың татымды тұсы осы 10 жылда халықтың құқықтық сауатын арттыруға барынша басымдық берілді. Құқық насихаттың ауқымын кеңейту халықты талап-арызын ашық айтатын мінезге баулып, сауатын арттыруға септесті.

Құқықтық сауаты жоғары және оны күнделікті өмірде қажетіне жарата білетін азамат заң бұзылуына жол бермейді және өзінің де ар-намысын таптатпайды.

Құқықтық саясат тұжырымдамасының мақсаты да осы азаматтарға Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген талаптары мен міндеттерді санасына сіңдіру.

Полиция қашан өзгереді?


Халықтың құқық қорғау органдарына қояр сауалы көп. «Полицияны реформалау қажет» деген пікірлер көп жыл бойы айтылып келеді. Құқық қорғау қызметін бүгінгі өмірдің қағидаларымен бейімдеп, ұстанымдарымен үйлестіру қоғам мен полицияның арасындағы диалогтың негізі болмақ.

Ал бұл туралы тұжырымдамада не делінген?

«Еліміздің құқық қорғау саласы одан әрi жетілдіруді және дамытуды қажет етедi. Соған орай осынау саладағы басты басымдық мына бағыттарға берілуі керек. Бұлар: заң үстемдігін әрі қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы тұру, тұрғындардың бостандығы мен құқықтарын қорғау, кез келген қылмысқа, құқықбұзушылыққа қарсы нөлдік толеранттылық принципін қалыптастыру, қоғамның қызу талқысына ұшыраған қылмыстарды тез және толық ашу, заңсыздық жасаған азаматтарды дәлелді түрде әшкерелеу әрі қылмыстық жауапқа тарту, елдегі заңбұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күресте қоғам өкілдерімен бірлесе қимылдау» деген құқықтық саясат тұжырымдамасында.

Ұзын сөздің қысқасы


Сөзіміздің тоқетері 2010-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылатын Құқықтық саясат тұжырымдамасы – елдің келешек келбетін қалыптастыратын, болашақтағы бояу-болмысы қандай боларын анықтайтын кешенді құжат.

Осы 10 жылда тұжырымдама өзінің көздеген мақсатына жетті деп сенеміз. Бұл ненде миссия десеңіз, тұжырымдаманың басты мұраты – қазақстандықтардың әлеуметтік құқығын қорғау әрі қамтамасыз ету және де бүгінгі дәуірдің үдесінен шығатын әлеуметтік құқықты саясатты қалыптастыру.

Тұжырымдама тек заң саласымен шектеліп қалған жоқ. Қаржы, кеден және салық заңнамаларын өзгертіп, жетілдіруге өз үлесін қосты. Бұл өз кезегінде еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына оң әсерін тигізді.

Түптеп келгенде, Құқықтық саясат тұжырымдамасының көздегені де – халықтың қамы.

Заң үстемдік құрған, сәйкесінше, адам құқығы басты орында тұратын мемлекеттің іргесі шайқалмайды. Тұрғындар Ата заңды қастерлеп, әділеттілік басты орында тұратын мемлекеттің заңын құрметпен қарауға тырысады.


Дәурен ТІЛЕУІМБЕТҰЛЫ, Алматы қаласы, Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here