Медициналық қызметтің сапасын арттыру және оның қолжетімділігін жетілдіру – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты. 2016-2019 жылдар аралығын қамтыған бұл бағдарлама еліміздегі медицина саласының дамуына айрықша серпіліс бергені белгілі.
«Денсаулық» бағдарламасы бірінші кезекте орталықтан шет жатқан ауыл-аймақтарға барынша пайдасын тигізді. Арыға бармай-ақ, 2014 жылдары ауыл тұрғындары жергілікті жерде білікті маман мен заманауи медициналық құрал-жабдықтар болмағандықтан, дертіне дауа іздеп облыс орталықтары мен ірі қалаларға келуге мәжбүр болатын.
Ал қазір жағдай айтарлықтай өзгерген. Ауыл тұрғындары бұрынғыдай облыс орталықтарына сабылмайды. Ең қажетті деген медициналық көмекті аудан орталықтарынан алатын мүмкіндікке ие.
«Денсаулық» бағдарламасының арқасында ауылды жердегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайы барынша дамығанын байқауға болады. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, аудан орталықтарындағы емдеу мекемелерінің қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші 90 пайызға дейін артқан.
Сондай-ақ соңғы кездері қарапайым халықтың медициналық мекемелерге келуі де біршама өскен. Бұдан елімізде науқас жандардың қатары артты деп байлам жасауға болмайды. Қайта керісінше, елімізде денсаулығына баса мән беретін азаматтардың үлесі артып, халық арасында медициналық сауаттылықтың арта түскенін аңғарамыз.
Егер осыдан үш жыл бұрын бір дәрігерге 2200 науқастан келетін болса, ол бүгінде 1700 науқасқа кеміген. Яғни елімізде қарапайым халыққа медициналық көмек көрсететін білікті мамандардың да саны біршама артып отыр.
Осы ретте медицина саласының алға басуына аталған салада қолға алынған цифрландыру ісі де өзінің оң нәтижесін бере бастағанын көруге болады. Цифрландыру ісі медицина саласында сапалы қызмет көрсетудің жүйесін қалыптастыруға негіз болып отыр. Осылайша, биыл өз мәресіне жететін «Денсаулық» бағдарламасы халықтың денсаулығын жақсартуға барынша септесті деп нық сеніммен айтуға болады. Денсаулық саласы жыл өткен сайын дамып, жаңарып отыратынын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да толастамайты анық.
Жарбол КЕНТҰЛЫ