Мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған ІТ лагерь ұйымдастырылды

0
1670

Алматы алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жастар арналған инклюзивті ІТ лагерь ұйымдастырылды.

«Тең дәрежедегі ІТ мүмкіндіктер» деп аталатын осы шараға Dalanews.kz тілшісі шақырту алып, жаңа технологияларды игергісі келетін жастардың жұмысымен танысып қайтты.

«Шеврон» компаниясы қолдау көрсеткен осынау іс-шара «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылып, байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 24 қатысушы қатысты. Бұлардың ішінде 16 баланың мүгедектігі бар.

Осынау шара барысында олар компьютерлік бағдарламалау, сайт әзірлеу, менеджмент, маркетинг, интернет сауда, робототехника, мобильді қосымшалар жасау және жобалар презентациясын әзірлеу сияқты жұмыстардың қыр-сырымен танысты. 

Шара ұйымдастырушыларының бірі, «Ерекше Таңдау-Шелек» қорының президенті Захира Бегалиеваның айтуынша, байқауға қатысушыларға мүгедектігі бар адамдардың өмірін жеңілдететін жобалар ұсыну міндеті қойылған. 

«Бұл лагерьге тек мүмкіндігі шектеулі жастарды ғана емес, сонымен бірге аяқ-қолы сау қыз-жігіттерді де шақырдық. Мұндағы мақсатымыз екі топты біріктіру еді. Осының нәтижесінде, мүгедектерге деген көзқарасты өзгертуге тырыстық. Теңдік. Тең дәрежеде сөйлесу. Мүмкіндігі шектеулі жастарды қоғамнан бөлектеуге болмасын дәлелдегеміз келді. 

Лагерьге қатысушы жастар сонымен бірге ІТ технологиялар саласындағы, оның ішінде Microsoft, CISCO, Халықаралық ІТ университеті мамандарының дәрісін тыңдауға мүмкіндік алды. Спикерлер жастарға өз жобаларын қалай жетілдіруге болатынын айтып, жол көрсетті», – дейді ол.

«Шеврон» компаниясының БАҚ-пен байланыс координаторы Айнұр Сыдықованың айтуынша, әрбір адам өмірден өз орнын табуға ұмтылуы керек. 

– 18 млн адам тұратын Қазақстанда екі қолға бір күрек табылады. Абай атамыз, «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп бекерге айтқан жоқ. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған осы бір өсиет әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өмірде өз жолын тапқан адам – мақсатына жеткен адам.

Осынау лагерьде сіздердің жолдарыңызды ашсын. Қорқып, қобалжымаңыздар. Осы істің қыр-сырына үйреніп, өмірде табысқа жетулеріңізге тілектеспін, – деді Айнұр Сыдықова.  

Айнұр Сыдықованың әріптесі, «Шеврон» компаниясының БАҚ-пен байланыс координаторы Жанар Қошпанованың атап өткеніндей, осынау ІТ лагерь мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған. 

«Мүмкіндігі шектеулі жастар да ІТ біліммен, ІТ технологиялармен сусындауы керек. Осы саланы бүге-шігесіне дейін меңгерсе, кейіннен мүгедектердің өмір сүруін жеңілдететін заманауи жобалар жасап шығарары анық. Мүмкіндігі шектеулі жастарды еңбекке тарту, қоғамдық істерге араластыруда осындай лагерьлердің маңызы зор», – деді ол. 

Иә, бұл шараның маңыздылығы осында. Шара аясында қатысушылардың үздік шыққан жобаларына «Шеврон» компаниясының тарапынан грант бөлінетін болады. 

Шара ұйымдастырушыларының айтып өткеніндей, жобаға қатысушыларға ІТ мамандар тарапынан ақыл-кеңес беріліп, 3 айдан кейін конкурсқа қажетті әлеуметтік жобаларын ұсынатын болады. Кейіннен осы жобаны жүзеге асыруға қаржы-қаражат бөлінеді. 

Біз өз тарапымыздан осы шараға қатысқан жастармен де тілдескен едік. 

Осы лагерьде өзінің I-Dos деп аталатын жобасын таныс еткен Зәйтүн Құсайынованың айтуынша, лагерь мүмкіндігі шектеулі жастардың екінші тынысын ашып, жаңа жобалар жасауға шабыт беріп отыр. 

– Мен I-Dos деп аталатын жобаның жетекшісімін. Менің жобам ІТ хакатонда топ жарды. Дәл қазір 16 қатысушының арасында бақ сынаудамыз.  I-Dos жобасы 18-75 жас аралығындағы мүгедектерге волонтерлік көмек көрсететін қосымша. Бұл жоба еріктілер қауымын біріктіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созуға бағытталған. 

Нақтырақ айтар болсам, көмекке мұқтаж жан өзінің ұялы телефонына аталған қосымшаны көшіріп алып, еріктілерге өзінің өтінішін айта алады. Айталық, ауыр жағдайға тап болса, бұл қосымшада SOS түймесі бар. Соның негізінде жедел жәрдемді немесе волонтерларды көмекке шақыратын мүмкіндігі бар. 

Жасырары жоқ, көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар үйден шыға алмайды. Олардың қарны ашуы мүмкін, дәріханадан дәрі алу қажеттігі туындауы мүмкін. Міне, сондай кезде біздің қосымша көмекке келеді, – дейді ол. 

Тағы бір жоба қатысушысы Темірхан Ізбасқанов мүгедектерге арналған интернет-кафе ашқысы келетінін айтты. 

– Ақтөбе қаласында мұндай орындар мүлде жоқ. Бар болған күннің өзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтың қалтасына ауыр соғуы мүмкін. Мен қолға алғалы отырған интернет-кафе мүгедек азаматтар үшін тегін болады. Олар осы кафеге келіп, интернетке кіріп, өзара пікір алмасады, – дейді ол. 

Айта кетелік, жобаның келесі кезеңінде ең үздік топтарға әлеуметтік мәселе шешуге бағытталған IT ұсыныстарын жүзеге асыруға (жалпы сомасы 2 000 000 теңге) гранттар беріледі. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың жұмысқа орналасуға бәсекелестігін жоғарылататын жобаларға ерекше назар аударылады.  

Жоба «Ерекше Таңдау-Шелек» корпоративтік қоры, «Мойымайтын Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бірлестігі мен «Шеврон» компаниясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Орталық Азияның Евразия Қоры» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here