Өндірісі алға басып, шаруашылығы алға озған Шымкент!

0
2006

2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы XXI ғасырда миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарға айналды. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен былтырғы маусым айында республикалық дербес қала мәртебесін алды. Бүгінде көне шаһардың ажары айшықталып, экономикалық әлеуеті нығайып, келбеті күн санап көріктеніп келеді. Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың берген мәліметі бойынша, өткен жыл қала үшін табысты болған.

Мегаполисте былтыр бірқатар ірі индустриялық нысандар қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде қала экономикасын дамыту үшін маңызды ірі жобалар да бар.

Бірінші кезекте тартылған инвестицияның есебінен Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өтті. Соның нәтижесінде жоғары октанды жанармай  өндірісінің жылдық көлемі ұлғайып, дизельді отын мен авиациялық отын өндірісінің көлемі артқан. Бұл ірі өндіріс орнының еліміздің дамуына қосатын үлесі өте зор. Енді еліміз ашық түсті мұнай өнімінің импорты қысқартылды.

Ал «Shymkent Temir» болат өндіру зауытының іске қосылуы қала өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі десек болды. Бұл қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аймақтық жалпы өнім көрсеткіші өсіп, бюджетке түскен кіріс көлемі ұлғая түскенін айта кетуіміз керек.

«Shymkent Temir» зауыты индустрия саласындағы күрделі зауыттардың бірі болмақ. Өйткені еліміздегі ең ірі мегаполистің жанынан бой көтеретін зауытқа заманауи талаптар қойылуда. 40 тонналық индукциялық пештің қоршаған ортаға шығаратын улы заттардың мөлшері төмен болып, табиғатты ластамауына қалалық әкімдік айрықша мән беріп отыр.

Бүгінде аталған өндіріс ошағының жетекшілері экологиямен бірге кәсіпорында жұмыс істейтін қарапайым қызметтердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына да айрықша көңіл бөлуде. Бұған өткен жылы зауыт басшылығының қарапайым қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға көтергені айқын дәлел бола алды. Осындай қамқорлықты өндіріс ошағында жұмыс істейтін 500 адамның отбасы бірден сезінді.

Іргелі кәсіпорын өнім көлемін ұлғайтып, сапалы жұмыс жүйесін қалыптастыру үшін мамандардың біліктілігін жетілдіру ісіне де барынша көңіл бөлініп келеді.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласында да жағымды тенденция байқалуда, жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемінің көрсеткіштері арта түскен. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге арналған субсидия бөлінді. Бүгінде қала маңындағы қарқынды баудың да саны өсіп келеді. Сонымен қатар соңғы жылдары қала іргесіндегі заманауи жылыжайлар да көптеп салынуда.

Осындай іргелі жұмыстардың арқасында ауыл шаруашылығынан алынған өнім көлемі де өсе түскенін айта кетуіміз керек. Ал мал шаруашылығын дамыту мақсатында мал бордақылау алаңдары, жанұялық сүт фермалары көптеп ашылуда.

«Сыбаға» бағдарламасымен – ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен – уақ мал, «Құлан» бағдарламасымен жылқы алып өсіріп жатқан шаруалар өте көп. Бүгінде қала маңынан ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қосымша жер бөлініп, Агро-индустриялық аймақ құру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Арнайы аймақта ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорын және заманауи көтерме сауда орталығы ашылады деп күтілуде. Соңғы күндері Шымкентте көпбалалы аналарды қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылуда. Мегаполисте көпбалалы аналарға қызмет көрсететін орталық ашылып, олар мұнда мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және «Батыр аналар» мен І және ІІ дәрежедегі орденмен марапатталған аналар қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Бұл үшін Шымкент қаласының әкімдігі тасымалдаушы компанияларға субсидия бөліп отыр.

Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақының көлемі айтарлықтай ұлғайды. Сонымен қатар кәсіпкерлермен бірге «Сен жалғыз емессің» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында тағдыр тауқыметін тартып жатқан отбасыларға баспана салып беруге іскер азаматтар барынша қолдау көрсетіп жатқанын айрықша атап айтуға болады.

Бұдан басқа Шымкенттегі көпбалалы отбасылардың үйлеріне газ бен өрт қауіпсіздігінің алдын алатын дабыл қондырғылары орнатылуда. Аталған құрылғы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілер есебінен тегін орнатылып жатқанын айта кетуіміз керек.

Шымкенттегі билік өкілдері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстап келеді. Оларға қоларба, гигиеналық заттар алуға жәрдем беріп, инватакси тұрақты түрде қызмет көрсетеді.

Өткен жылы 1 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында бірқатар жаңа бастамалар қолға алынуда.

«Жұмыспен қамту орталығы» жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармалары және халыққа қызмет көрсету орталықтары бір ғимаратқа көшіріліп, «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетуде. Ол жерде жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер толығымен электрондық форматқа көшірілген.

Елімізде алғашқылардың бірі болып, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шымкентте құрылуы қаладағы әлеуметтік мәселелердің оң бағытта шешіле бастағанының айқын көрінісі бола алады.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы да Шымкент қаласында табысты іске асуда. Халыққа бағдарламаны кеңінен насихаттау мақсатында елімізде алғаш болып «Халықтық кеңседе» арнайы «Ақпараттандыру орталығы» ашылды.

Бүгінгі таңда көптеген азаматтарға үй алуға несие берілген.

Сонымен қатар қалада тұрғын үй құрылысы, яғни «Шымкент сити» мен әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада әлемдік деңгейде белгілі «Highvill» компаниясы мен отандық «BI group» компаниясы тұрғын үй салынатын жер телімдеріне қызығушылық танытуда.

Шымкент қаласының әкімі былтыр арнайы Сеул қаласына барып, «Highvill» компаниясының  басшысымен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, «Highvill» компаниясымен «Shymkent Сity» жобасын қаржыландыру бойынша меморандумға қол қойды. Биыл құрылыс жұмыстары басталады.

Шымкент – жастар қаласы, сондықтан мұнда Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында студенттердің жатақхана жағдайын жақсарту міндеті тұр. Осы мақсатта Тұран шағынауданында 5 мың орындық 14 жатақхана салу жоспарлануда.

Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арқылы қосымша орындық жатақхана салу үшін келісім-шарт жасалынған. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, медицина академиясы өз қаржысы есебінен қолданыстағы ғимаратты жатақхана етіп қайта жасақтады. Жалпы, Шымкентте студенттерді жатақханамен қамту мәселесі 2021-2022 жылдары толық шешілмек.

Шымкент 2018 жылы  республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Ал 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. Осыған байланысты мегаполистің туристік әлеуетін күшейтуге бағытталған бірқатар ірі жобаны іске асыру жұмыстары басталды.

Бұл ретте «SСAT» әуе компаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, желтоқсан айынан бастап «Шымкент – Дубай» бағытында тікелей әуе рейсі ашылды. Келесі әуе рейсі «Шымкент – Қазан» бағытында ашылмақшы. Сондай-ақ теміржол вокзалы қайта құрылуда, заманауи Конгресс орталығының құрылысы мен Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру жұмыстары басталды.

Биыл ескі қалашық – «Цитадельді» қалпына келтіру және Қошқар ата өзені жағалауын көріктендіру жұмыстары қарқын алмақшы. Қырғы базарды заманауи талапқа сай қайта құру мақсатында жаңа жоба әзірленуде.

Гүлнұр ЖҰМАТАЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here