Су көздерін тиімді пайдаланбай, ауыл шаруашылығы алға баспайды

0
3969

Суармалы егіншілік – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды факторы. Статистикаға назар аударсақ, елімізде 21,9 млн га болатын егістік алқабының 7%-ын ғана қамтитын суармалы егіншілік өсімдік шаруашылығы өнімі құнының шамамен 40%-ын беретінін байқауға болады. Бірақ еліміздің кейбір өңірлерінде су ресурстарының тапшылығы, суармалы егіншілікті және экономиканың басқа салаларын дамыту үшін, табиғи әлеуетті толық іске асыруға мүмкіншілік бермейді.

Қолдағы су мен суға деген қажеттіліктер арасындағы үйлесімсіздік әлеуметтік-экономикалық міндеттердің тиімді шешілуін шектеп, өзен бассейндерінің экологиялық ахуалды нашарлатып, экономиканың дамуын тежейтінін ешқашан естен шығармауымыз керек.  

Кезіндегі ҚР Су шаруашылығы министрлігінің жойылуына, су шаруашылығы нысандарының, соның ішінде бөгеттер мен суару жүйелерінің тоқтаусыз жекешелендірілуіне, суармалы егіншілік аумақтарында майда тауарлы өндіріске өтуге, суару және суландыру құрылымдарын пайдалану қызметтерінің жоғалуы бір миллион гектардан астам суармалы жерлердің жоғалуына әкеп соққаны жасырын емес. Қазіргі су ресурстарын пайдалануға қатысты бірқатар мәселелер туындап отыр. Оларға төмендегідей маңызды мәселелер жатады:

– су ресурстарын басқарудың заңнамалық базасының болмауы;

–  ұзақ уақыт бойы жөндеусіз пайдалану салдарынан, негізгі мелиоративтік қорлардың айтарлықтай тозуы, ирригациялық және кәріздік жүйелердің техникалық деңгейі мен ПӘК төмен болуы және суармалы алқаптарды суаруға дайындау;

– суаруларды жүргізу (күрделі және ағымдағы тегістеу, уақытша суару желісін кесу, жер бетімен суарудың кіші механикаландыру құралдарының пайдаланылуы және т.б.) барысында жұмыстарды механикаландырудың нашар пайдаланылуы; заманауи суды үнемдеу технологияларын пайдалану деңгейінің төмен болуы;

– егіншілік шаруашылығында ғылыми негізделген биологиялық жүйесінің және дақылдарды өсірудің агротехникалық тәсілдерінің сақталмауы;

– бәсекеге қабілетті өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, тиімділігі жоғары және басым ауыл шаруашылығы дақылдарының нашар қолданылуы;

– органикалық және минералдық тыңайтқыштарының қажетті көлемде жеткіліксіз пайдаланылуы;

– жалпы, су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігінің төмен болуы, стратегиялық жоспарларды орындаудың мақсаттары мен жауапкершілігі тұрғысынан су ресурстары жөніндегі Комитеттің мәртебесінің төмен болуы;

– су шаруашылығының кадрлық, жобалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің жоғалуы, жоғары оқу орындары мен колледждерде кадрларды дайындаудың тиімсіз ұйымдастырылуы.

Бүгінгі таңда Қазақстанның суармалы жерлерінің алқабы шамамен 1,4 млн гектарды құрайды (салыстырмалы түрде алсақ, Өзбекстанда оның көлемі 4,2 млн гектар). Бұл ауыл шаруашылығын дамыту және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.

Осыған орай, Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ жасаған есептеулері мен зерттеулерінің негізінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен су ресурстары жөніндегі комитеті бұрын айналымнан шығып қалған 610 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіріп, ауданы 1,5 млн гектар болатын жаңа жерлерді айналымға енгізіп, республикадағы суармалы алқапты 3,5 млн га дейін жеткізуді жоспарлауда. Алдын ала жасалған есептеулер бойынша мұнда өнімнің жалпы түсімі жылына 3,7 трлн теңгеден астам шаманы құрайды.

Маңызды міндеттерді шешуде суды үнемдеу технологияларын пайдалану ісіне айрықша көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта майда дисперсті жаңбырлату, тамшылатып суару жүйесі 180 мың гектар алқапта қолданылуда. Біздің ұсыныстарға сәйкес, 2021 жылға қарай мұндай алқаптардың ауданын 250 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есеге дейін арттырып, суарма суының қосымша көлемдерін алуға мүмкіншілік береді.

Суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми-техникалық қолдауынсыз шешу мүмкін емес. Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ (ҚазСШҒЗИ) Қазақстанның су ресурстарын басқару, жерлердің мелиорациясы мен суарылуы, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыздандыру және жайылымдарды суландыру, су шаруашылығының экономикасы салаларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың 60 жылдық тәжірибесі бар жетекші ғылыми ұйым болып табылады, сонымен қатар институт суарудың және мелиорацияның суды үнемдеу технологияларын, жайылымдарды суландырудың, су ресурстарының басқарылуын автоматтандырудың, суды есепке алудың, суды таратудың инновациялық технологияларын жасап, ендіруде.

ҚазСШҒЗИ су шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жасауда белсенділік танытып, қатысуда. Атап өтсек, институт қызметкерлері суармалы алқаптарды 1,5 млн гектарға ұлғайтып, жалпы ауданын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу бойынша С.А. Терещенконың ұсынысына сәйкес негізделген дәйекті есептеулер жүргізді.

Осы бағдарлама бойынша қажет болатын су ресурстары көлемінің қамтамасыз етуге мүмкін болатын және іздестірілетін барлық нұсқалары зерттелді. Зерттеулердің көрсетуінше, 1 млн гектар алқапта суарудың суды үнемдеу технологияларын ендіру барысында және осыған сәйкес Қазақстанның әртүрлі өңірлері бойынша егістер құрылымын өзгерткен кезде, еліміз бойынша орташа өлшемді суармалау нормасы (мөлшері) 8640 м3/га-дан 5050 м3/га дейін төмендейді, яғни бұл су ресурстарының күтілетін тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіншілік береді.

Бағдарлама бойынша жасалған ұсыныстар 2018 жылы күзде Үкіметте қарастыруға беріліп, желтоқсан айында 2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту жоспары бекітілді. Бұл ұсынылған көрсеткіштердің дұрыстығын және өзектілігін көрсетеді.

Суды үнемдеу технологияларын ендіруді (тамшылатып, жаңбырлатып, топырақ астымен суару) инвестициялық субсидиялау бойынша есептеулер мен ұсыныстарды негіздеу шеңберінде үлкен жұмыстар атқарылды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне аталған технологияларды пайдалануға берілетін қаражатты (субсидияны) өткен жылға қарағанда 2 есе артық көлемде алуға мүмкіншілік береді, яғни субсидия көлемі 25%-дан 50%-ға дейін өсті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суару барысындағы кең ауқымды жаңбырлатқыш машиналарын ендіру бойынша жасалған біздің жобалар Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар, Түркістан облыстарының алдыңғы қатарлы шаруашылықтарында кеңінен ұсынылуда.

Мысалы, ҚазСШҒЗИ жасалған автоматтық режимде су деңгейін үздіксіз бақылаудың ДУВ 2/0,005-10 құралы 2017-2018 жылдары Түркістан және Жамбыл облыстарының 25 гидропосттарында ендірілді. Бұл суды 22-25%-ға дейін үнемдеуге мүмкіншілік берді. Бүгінде аталған құрал мемлекеттік сынақтардан өтіп, сериялы өндіріс үшін ҚР Мемлекеттік өлшеу құралдарының реестріне енгізілді.

Сонымен қатар біздің ұжым бірегей көпфункционалды жүйек жоталық сеялкасын жетілдірді. Бұл сеялка Қазақстанның ауыр топырақтарында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жүйек жоталық және жүйек жоталық нөлдік технологиясын іске асыруға, тұқым себу мөлшерін 35-45 % дейін азайтуға, суарма суын 50 %-ға дейін үнемдеуге мүмкіншілік береді.

Бұл технология Қазақстанның оңтүстігінде жалпы ауданы 12 мың га асатын алқапта ендірілген. Еліміздің оңтүстік өңірінің фермерлерінен ҚазСШҒЗИ конструкциясының жүйек жоталық сеялкасына тапсырыс көптеп түсуде, өкінішке орай оның сериялы өндіріс мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Біздің ғалымдар су көздерін үнемді пайдалану үшін суару ұңғымасы мен тік кәріз бойынша өзекті жасалымдар технологиясын ұсынды. Бұл ұңғыма ұшын тұмшалап, су сақтағыш қабатын атмосфераның әрекетінен оқшаулап, суды құбырсыз обсадтық колонна бойымен көтеріп, ұңғымадан суды алу технологиясын әзірледі.

Қазіргі кезде бұл технология Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы тік кәріздің кейбір ұңғымаларына (ТКҰ) ендірілді. Аталған технологияны осы ауданның барлық ұңғымаларында (300 ТКҰ) ендірген жағдайда, су көтеру құбырларын үнемдеу есебінен экономикалық тиімділік 105 млн теңге құрайды.

Қазақстанның шалғайдағы жайылым жерлері минералдылығы әртүрлі болатын жерасты суларымен сипатталады. Көп жағдайда мұндай су көздері халықты ауызсумен қамтамасыз етуге жарамсыз болып табылады. Осыған байланысты біз минералданған жерасты суларын тұшыландырудың технологиясын жасап, бірқатар шаруашылықтарға ендірдік.

Аталған технология қазір фермерлерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі кезде минералданған суларды тұщыландыру қондырғылары Жамбыл облысының отарлық мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарында қолданылуда. Біздің есептеулердің көрсетуінше, Қазақстанның тек қана оңтүстік облыстарында минералданған жерасты сулары бар 400 мың гектар (100 құдық) жерде мал өсірсек, 20 млрд теңгеден асатын ет өнімін өндіруге мүмкіншілік туғызады.

Біздің институттың еліміз бен жақын және алыс шетелдердің ғылыми және ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтастық туралы шарттары мен келісімдері бар.

Айталық, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қолдауымен ҚазСШҒЗИ ҚР Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы дирекциясымен бірге гидротехникалық құрылымдардың (ГТҚ) қауіпсіздігі бойынша Халықаралық оқу орталығының (ХОО) құрылтайшысы болып табылады. Мұнда ГТҚ қауіпсіздігі бойынша халықаралық, ұлттық сарапшылардың қатысуымен семинар-тренингтер өткізіледі.

Институтта суды үнемдеу технологиялары бойынша Халықаралық оқу орталығы қызмет атқаруда. Мұнда суарудың заманауи технологиялары мен техникалық құралдарын, күш-сорғылы құрал-жабдықтарын пайдалану, суару жүйелерін пайдалану және оларды жөндеу мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің біліктілігін арттырудың семинар-тренингтері өткізіледі.

Институт жыл сайын ҚР СРК тапсырмасымен сараптамалық материалдар дайындайды, мемлекеттік қызметтер, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін, су және ауыл шаруашылығындағы ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін пайдалану мәселелері бойынша, әртүрлі конференциялар, семинарлар, тренингтер, Танап күндерін және дөңгелек үстелдер өткізеді.

Ғылым мен білім беру салаларының өзара ынтымақтастығы шеңберінде институтта еліміздің агарарлық жоғары оқу орындарының бейіндік мамандықтарының студенттері мен магистранттары өндірістік практикадан өтетінін де айта кетуіміз керек.

Біздің белгілі ғалымдарымыз магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік жасауда. Олар түрлі жобалар мен бағдарламаларға қатысып, ғылыми жұмыстармен айналысуға барынша жағдай жасалған.

Мәселен, институт Сырдарияның ағымдағы және күтілетін ағынын пайдаланып, солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайту және Арал қаласы маңындағы кемерді қалпына келтіру бойынша ұсыныстар мен негіздемелер дайындады. Жоба Дүниежүзілік Банктың сараптамасынан өтіп, қазір инвестиция күтілуде.

Бүгінде адам басына шаққандағы су ресурстарының көлемі бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша ең жоғарғы орынға (адам басына 5 мың м3 астам, салыстыру үшін – Өзбекстанда және Түрікменстанда шамамен,  – 2 мың м3, Израильде – 0,7 мың м3) ие болғанмен, дүниежүзіндегі су тапшылығы бізді де айналып өтпейтінін түсінуіміз керек.  

Орталық Қазақстандағы өсіп жатқан су мұқтажын қанағаттандыру үшін ең алдымен, бассейнаралық ағынын ауыстырып, жөнелтуді қажет етеді. Осы мәселені шешуге біздің мамандар белсене атсалысуға дайын.

Сөзімнің соңында, суармалы егіншілікті түбегейлі жақсартпай, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес екенін айтқым келеді. Егер біз қазір суды адамзаттың ең құны жетпес ресурсы ретінде бағалап, ақылға салып, дұрыс пайдалану шараларын қабылдасақ, қазіргі қолданыстағы және болашақта болатын су ресурстары жеткілікті болар еді.

Н.Н. БАЛҒАБАЕВ, Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

С.Р. ИБАТУЛЛИН, Гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігі Халықаралық оқу орталығының директоры,  т.ғ.д., профессор.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here