Гүлшара Әбдіқалықова: «Гендерлік теңдік іскер әйелдерге қолдау көрсетуден басталады»

0
2226

Күні кеше ғана еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктеріне арнайы сапармен барып, осындағы жергілікті және қазақстандық Іскер әйелдер кеңесінің бизнес форумына қатысып қайтты.

Осынау жиында сөз алған Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы байланыстың нығаюы және де экономикадағы салалар бойынша әріптестікті дамытудың маңыздылығына баса тоқталып өтті.

Өз тарапынан Әмірліктегі Іскер әйелдер кеңесінің өкілдері де қазақстандық кәсіпкер әйелдермен бірлескен жобалар дайындауға әзір екендерін жеткізді.

Бұдан бөлек, форумда іскер әйелдер дөңгелетіп отырған кәсіп түрлерінің қазіргі даму қарқыны, жаһандану жағдайындағы гендерлік саясат, әйелдер бизнесіне инвестиция тарту және туризм сияқты мәселелер де сөз болып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Екі тараптың іскер әйелдері әсіресе, туризм саласына баса көңіл бөлді.

Іс-шара аясында еліміздің туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы таныстырылғанын айта кетелік.

Мұндағы мақсат – Қазақстанға келетін шетелдік туристердің санын арттырып, жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін 8-9 процентке жеткізу.

Ал форум түйінінде тараптар – сауда, бизнес, экономика, өндіріс, теxнология салаларындағы бірлескен жобаларды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды бірлесе атқаратын болып келісіп, тағы бірнеше маңызды құжаттарға қол қойды.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова айтып өткеніндей, бұл шара екі елдің іскер әйелдерінің өзара тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік туғызды.

«Бизнесте пікір алмасу, білгеніңмен бөлісу аса маңызды. Біздің Біріккен Араб Әмірліктерінің Іскер әйелдер кеңесінен үйренеріміз көп. Бұл кеңес осыдан 18 жыл бұрын құрылған екен. Қазіргі таңда аталмыш кеңестің құрамында жалпы саны 25 мыңнан асып жығылатын кәсіпкер қыз-келіншек бар.

Әмірліктердің бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруда мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалары қолға алынуда. Бұл аса қажетті қадам. Гендерлік теңдікке қол жеткізуде кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсете білген маңызды.

Бұған дәлел – Араб Әмірліктері. Бұл елдегі заң жүйесі гендерлік саясатты сәтті жүргізуге ықпал етіп отыр», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның бұлай дегені бекер емес.

Айталық, жақында ғана қабылданған құжатқа сәйкес, 2021 жылға дейін ел парламентіндегі депутат қыз-келіншектердің үлесі 50 процентке жетуі тиіс. Айта кетейік, қазірдің өзінде мұнда 8 министрлікті әйел адам басқарып отыр

Осы шараға қатысқан «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың айтуынша, еліміздегі іскер әйелдердің белсенділігін арттыруда халықаралық деңгейдегі әріптестік орнатқан маңызды.

– Жалпы, бизнестің қарқынды дамуы үшін оның бір жерде қалып қалмай, үнемі өсіп, өзгеріп отыруы тиіс екендігі бәрімізге белгілі. Араб Әмірлігіндегі осынау форумда Қазақстан мен Әмірліктердегі бизнесте, саясатта жүрген қыз-келіншектердің қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік алдық. Форумда әйелдер бизнесіне қатысты маңызды ұсыныстар айтылды. Мұның барлығын ертең өз елімізде жүзеге асыруға тиістіміз. Ең алдымен, осы форум еліміздің 17 өңірінен келген іскер xанымдар үшін ерекше қызықты болды деп есептеймін. Олар әйел бизнесіне қатысты жаңа ақпараттарға қанығып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Мұның бәрі ертеңгі күні өз нәтижесін береді, – деді ол.

Айта кетелік, осынау форум шеңберінде Гүлшара Әбдіқалықова Федералдық ұлттық мәжілістің төрайымы Амаль Аль-Кубейси ханыммен кездесті.

Амаль Әл-Кубейси өз кезегінде, әріптестігі артып келе жатқан екі мемлекетте де гендерлік теңдік мәселесіне құмбыл көңіл бөлінетініне баса тоқталып, оның нақ мысалы ретінде Гүлшара Әбдіқалықованың Мемлекеттік xатшы қызметін абыроймен атқарып отырғанын алға тартты.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here