Отбасы құндылығын дәріптеу үйдегі тәрбиеден басталады

0
2991

Бұл туралы «Қазақстан әйелдері» қауымдастығының төрағасы Гүлнәр Байымбетқызы Астанада өткен арнайы отырыста егжей-тегжейлі айтып берді.

«Отбасы құндылығын қалыптастыру – мемлекет деңгейінде жүргізілетін жұмыс. Ажырасуды азайту, шаңырақ көтерген жастардың бойында болмашы қиыншылыққа бола морт сынбайтын шыдамдылық қалыптастыру, Құдай қосқан жарына деген құрметін өсіру тек тәрбиемен емес, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде насихатталуға тиіс жауапты жұмыс.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Тал шыбықтай қыз өсіріп отырған әрбір отбасы ертең бойжеткенде оның да ана боларын, ұл өсіріп отырған әрбір жанұя ертең ержеткенде оның да бір үйдің тізгінін ұстайтын отағасыға айналарын ескеріп жүруі керек.

Бала ата-анасына қарап өседі. Ұрыс-керістен көз ашпайтын отбасыда балалардың психологиясына үлкен соққы жасалады. Сондықтан елімізде ерлі-зайыптылардың мәселесін зерттеуді қолға алғанымыз жөн», – деді Гүлнәр Байымбетқызы өз сөзінде.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасып кетеді екен. Ажырасу белең алған қоғамда отбасы құндылықтары да өз деңгейінде дәріптелмейтіні ақиқат.
«Бұл бағытта әр кезде әзірленген заңнамаларды әлі де болса жүйелеуіміз қажет. Соңғы жылдары елімізде отбасы және гендерлік теңдік мәдениетіне баса көңіл бөлініп отыр.

Бұған дәлел ретінде айтарым, соңғы жылдардың бедерінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдар, 2030 жылға дейінгі ҚР отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.

Бұл заңнамалар Тұрақты даму мақсаттарының бірі гендерлік сезімтал қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталаған. Десе де, дәл қазіргі таңда осынау механизмдер жеткіліксіз», – деді Г.Байымбетова Астанада өткен «Бала аумағы – бақыт аумағы» отырысында.

«Қазақстан әйелдері» қауымдастығының төрағасы ажырасу салдарынан шеше мейірімі мен әке қамқорлығынан қағылған ұрпақтың ертең ата-анасының жолын қайталай ма деп қауіптенетінін жасырған жоқ.

«Әке-шешесінің бір-біріне құрметін, сыйластығын көріп өскен бала ертең есейгенде солардың ізімен жүруге тырысады. Отбасы құндылығын дәріптеу отбасыдан басталып, мемлекетпен аяқталуы керек.

Біздің қауымдастық жүргізген зерттеуге сәйкес, қазіргі күні Қазақстанда әрбір екінші шаңырақ шайқалып тынады екен. Ең өкініштісі, ажырасқан отбасылардың 80 пайызында ортақ балалары бар.

Тағы бір жүрек сыздатар жайт, бүгінгі таңда елімізде 400 мың  ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр. Көкек аналар да көп. Қазақстанда 60 мың  жалғызбасты әке бар. Отбасы құндылығын насихаттауды назардан шығарып алғанымыздың белгісі бұл», – дейді Гүлнәр Байымбетқызы.

Ажырасу неге жиілеп кетті? Оның алдын алуға бола ма? Отбасы құндылығын насихаттаудың жаңа заманауи жолдары бар ма?

Осы жиынға қатысқан өзге де сарапшылар осы сауалдарға жауап іздеді.

Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Наталья Семененконың айтуынша, қазіргі жастардың көпшілігі қиындыққа шыдамайды.

Өмірдің ыстық-суығын бірге өткерудің орнына, ажырасып кеткенді жөн көреді. Ажырасудың негізгі себебі де дәл осы тұрмыстық фактор екен.

«Жасырып жабары жоқ, ажырасушылар саны көп. Бір ғана былтырғы жылы елімізде 40 мыңнан астам ажырасу жағдайы тіркелген.

Ажырасу ұлттың тамырына балта шабатын қауіпті фактордың бірі. Бірақ оның алдын алудың жолдары бар. Отбасы құндылығын насихаттайтын іс-шараларды жиі өткізгеніміз жөн.

Мұндай шараларда шаңырағы шайқалудың аз алдында тұрған ерлі-зайыптыларға ақыл-кеңес беріліп, білікті мамандар тығырықтан шығудың жолын көрсетуі тиіс, – деді өз сөзінде Н.Семененко.

Айта кетелік, британдық «The Economist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орында тұр.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here