Ақтөбе өңірі Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Елордаға тамаша тарту жасады.
Қаланың қақ ортасында ауқымды аумақты алып жатқан, тұрғындардың демалысына қолайлы, көркі келісті «Астана» саябағы ашылды.
Осынау оқиғаға орай өз құттықтауын жеткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бұл Астанаға жасалған тартудың тырнақалды жобалары ғана. Болашақта Ақтөбе облысы Елорданы өзге де көзтартарлық жобалармен қуантпақ.
Өңір әкімі бұл ретте осыншалықты маңызды жұмыстарды қысқа мерзімнің ішінде жылдамдатып әрі сапасын ақсатпай атқарған құрылысшылар ұжымына өз алғысын білдірді.
Облысы әкімі сонымен қатар қаланың сәнін кіргізіп тұрған «Астана» саябағының облыс орталығындағы қонақтар жиі қатынайтын танымал орындардың біріне айналатынына сенім білдірді.
«Биылғы жылы 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана Қазақстанның дамуының жарқын көрінісі, еліміздің әрбір азаматының мақтанышы десе болады.
Барлық қазақстандықтар сияқты ақтөбеліктер де осынау атаулы датаны мерекелеуге барынша үлес қосуда. Осыған дейін біздің өңіріміз Тәуелсіздік алаңында орналасқан «Бейбітшілік қорғанын» орнатса, бүгін «Астана» саябағын ашып отырмыз. Бұл өте үлкен саябақ болады.
Біздің міндетіміз – оны қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті орындарының біріне айналдыру», – деді Бердібек Сапарбаев.
Қаланың көрікті жерінде орналасқан «Астана» паркінің құрылысы тамыз айының ортасында басталған тұғын. Саябақтың жалпы аумағы 4,3 гектар жерді алып жатыр.
Қазіргі таңда оның 2 га жері абаттандырылған.
Нысан жыл соңына қарай толыққанды пайдалануға берілмек. Құрылыс-монтаждық жұмыстардың құны 266 млн теңге.
Бас мердігер «Мерей Билдинг Групп» ЖШС. «Астана» саябағы Ақтөбенің сәнін кіргізетін ауқымды жасыл алқапты кешеннің бөлігі болмақ.
Саябақтың өзіндік ерекшеліктері де бар. Оның жобасын жасаушылар саябақты көрушілер оны тамашалау кезінде өздерін Астанада жүргендей сезінулерін мақсат тұтқан.
Осының нәтижесінде саябақтың 3D көрінісінде елорданың барлық танымал орындары көрініс тапқан.
Жыл аяғына дейін 3D-көріністің айналасында рекреациялық аймақ, яғни жүргіншілер жолы, шағын архитектуралық пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, мүсін композициялары, балалар алаңы сияқты нысандар орналасатын болады.
Саябақтың Есілді бейнелейтін су арнасы да бар. Ені 5-6 метр, тереңдігі 50 см болатын қолдан жасалған су арнасы саябақтағы жұрт жиі жиналатын орындардың бірі болмақ. Осы арна арқылы алдағы уақытта көпір салынады. Ал саябаққа су автоматты түрде беріліп отырмақ.
Айта кетелік, бұдан бұрын Ақтөбе өңірі елорда «Бейбітшілік қабырғасы» монументін тарту еткен.
Елбасы ашылу рәсімінде бұл монументтің маңыздылығын ерекше атап өткен еді.
«Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» – бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан», – деген болатын Мемлекет басшысы.