Алматы облысында ақын Сараның 165 жылдығына орай республикалық айтыс өтті

0
2020

Айтыстың ақтаңгер ақыны Сара Тастанбекқызының туған өлкесінде, атап айтқанда Ақсу ауданы Жансүгіров кентінде ақынның 165 жылдығына орай «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты республикалық айтыс өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен айтыс өнерінің дүлдүлдері қатысты. Ауқымды шара облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілді.

Шара алдымен ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, Сара есімін иеленген жастар мәдени орталығында жалғасты. Мұнда атақты «Біржан – Сара» операсынан театрландырылған үзінді қойылды. Басты рөлдерді мерейтойлық шараға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері, актер Сағат Жылкелдиев пен ҚР мәдениет қайраткері, әнші Гүлмайдан Сүндетова сомдады.

Мерейтойға жиналған қауымды Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев құттықтап, ақын Сараның шығармашылық мұрасының маңызына тоқталды, жыр додасында ақындарға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Сара Тастанбекқызының шөбересі Данель Тұрысбеков жылы құшақпен қарсы алған ақсулықтарға деген ризашылығын өлең жолдарымен жеткізді.

Айтыс барысында сайыстың көрігін қыздырған сөз шеберлері жеңіл әзіл, астарлы ой айта білуімен көрермендердің көңілінен шықты. Сара ақын жайлы көптеген деректер ақындар тілімен айтылды. Қоғамдағы орын алып отырған келеңсіз жайттар да назардан тыс қалмай, ой саларлық дүниелер көркем түрде жеткізілді.

Ақындардың сөз сайысына елімізге танымал қаламгерлер қазылық етті. Қазылар құрамында Халықаралық «Алаш» және Жамбыл сыйлықтарының лауреаты, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, айтыскер ақын, Талдықорған қаласындағы өнер мектебінің суырыпсалмалық өнер сыныбының тәлімгері Ханыша Райысова, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, ақын, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым бар.

Үздік айтыстың үлгісін көрсетіп, Бас жүлдеге ие болған жетісулық ақын, «Алтын домбыра» иегері Жандарбек Бұлғақов 1,5 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Бірінші орын шығысқазақстандық Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Екінші орын жерлесіміз Балғынбек Имашевқа, ал үшінші орын алматылық Сырым Әуезхан пен Солтүстік Қазақстаннан келген Мұрадым Мирлановқа берілді.

Ақсу ауданы әкімінің арнайы жүлдесі айтысқа жаңадан қадам басқан облысымыздың жас ақыны Жалғас Садырұлына тапсырылды. Астанадан келген Айнұр Тұрсынбаева, Павлодардың намысын қорғаған Қуаныш Шармонов, ақмолалық Нұрислам Әбділ, Түркістан облысының өкілі Жарқынбек Наушабековке ынталандыру сыйлықтары ұсынылды. Марапаттау рәсімін облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев атқарды.

Атап өтсек, шара аясында жастар мәдени орталығы холында ақын Сара мемориалдық музейінің жәдігерлерінен көрме қойылды. Көрмеде ақын тұтынған тұрмыстық заттар мен олардың бірқатар көшірмелері, афишалар, кітаптар, фотосуреттер, соның ішінде жуырда «НАҚ-Бірлік» қоғамдық ұйымы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бірлесіп Ресейден алып келген ақын Сараның мүсінші Маргарита Ващенко салған суреті де бар.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here