Бұдан бұрын Астана қаласының 20 жылдығына орай «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтетінін хабарлаған едік. Сол айтыс дүбірлеп өтті, ақыры.

Дүбірлі бәйгені ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болған-тұғын.

Айтыстың алдында жорналшы қауыммен жүздескен министр Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында кең ауқымды халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз.

Айтыс төл өнеріміздің төбе басында тұр. Айтысқа қашанда өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады», ‒ деп атап өткен болатын.

Ал айтыс – қазақ руханиятының темірқазығы, атадан-балаға берілген тарихи жады десек артық емес.

Тәуелсіздік алғалы айтыс қайта түледі. Өне бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге паш етті.

Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған жыр додасын айтыссүйер қауым екі күні бойы тамашалады.

Айта кетелік, республикалық шеңберден шығып, халықаралық сипат алған осынау жыр бәйгесіне Қытай Халық Республикасынан Ұларбек Минатхан, Жәмиға Дәулетқызы, Моңғолиядан Айдос Рашат, Аманжол Қуантқан, Қырғыз Республикасынан Мундузбек Усупбек Уулу, Асылбек  Маратов сынды шетелдік саңлақ ақындар мен өз ішіміздегі облыстық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары:  Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Мұхтар  Ниязов және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысқан болатын.

Екі күн бойы ақындар әсем қала Астанасын жырға қосты. Бұл айтыста бәрі айтылды, бәрі де қамтылды. Астананың арғы-бергі тарихы, еліміздің «Рухани жаңғыру», Жолдаудың маңызды тұстары, бәрі-бәрі әдемі ұйқастармен өрнектелді.

Осы айтысты басынан аяғына дейін тамашалаған көрермен, бұл жолғы бәйгенің жөні бөлек деген пікірде. Иә, көрермен пікірімен келіспеске амалымыз жоқ.

Талай бәсекеде топ жарған тарландар бұл жолы қалың көрерменінің алдында қызыл кілеммен жүріп өтті.

Әділ қазылар алқасына да әбден іріктелген, қара сөздің қадірін түсінетін  қаламгерлер жиылған екен.

Айтыстың шымылдығын түрген Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова министрдің алғысөзін оқып берді осы орайда.

– Айтыс – барша халық асыға күтетін, жоғары бағалайтын ұлттық өнеріміздің бірі де бірегейі. Додада еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден келген от ауызды, орақ тілді айтыскерлеріміз өз бағын сынайды. Баршаңызды жыр-бәйгенің ашылуымен құттықтап, айтыскерлерге сәттілік тілеймін», – деген тілек білдіріпті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Жыр арқауы – Астана» айтысына қатысқан 20 ақынның да осалы болған жоқ. Бәрі бір-бір өңірдің үміт үкілеген үздіктері. Мол сенім артқан серкелері.

Ал айтыс десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Қазақ өнерінің ішіндегі ірісі де, шоқтығы биігі де – айтыс. Айтыскер де  сол деңгейде. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін атам қазақ екі күн бойы айтыс көріп, емін-еркін жырғап қалды.

Қазылар алқасына Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет төрағалық етті. Қазылар құрамына белгілі ақын Жүрсін Ерман, Моңғолиядан келген зерттеуші ғалым Шынай Рахметұлы, Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара, Халық ақыны Әсия Беркенова, Еуразия университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп кірді.

Екі күнге созылған айтыста суырылып шапқандар анықталды. Әділ қазылардың қырағы көзі 20 ақынның ішінен оза шапқандарды іріктеп алды.

Осылайша, үш бірдей ақынға үшінші орын бұйырды. Бұлар: Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов.

Екінші орын – Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртайұлына берілді.

Ақтық сында арпалысқан екі ақын: Мұхтар Ниязов пен Ринат Заитов бір-бірін ала алмады. Ақыры, екеуі де бас жүлдеге лайық деп танылды.

Осындау дүбірлі доданы бастан-аяқ тамашалаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі ақынды бөліп-жармай, екеуіне де тең жүлде тағайындап, өз қолымен табыс етті. Екі ақыны да жүлде алғасын көрермен де дән риза болды.

Бұл жолғы жүлде қоры да қомақты болды. Бас жүлде 5 млн теңгені құрады. Тіпті ынталандыру сыйлығын алған ақындардың өзі 500 мыңнан қаламақы алды.

Әділқазылар әділ төрелік етті. Ақындардың арасынан төбе билерге арыз-шағым айтқандар болған жоқ. Осы айтысты тамашалаған көрермен де дән риза болысты. Айтысқа сусап қалған қауым ақындарға алғысын жаудырып, ал ұйымдастырушы тарапқа мұндай додаларды жиірек өткізіп тұруды өтінді.

 

 

Тақырыпқа тұздық

Арыстанбек Мұхамедиұлы:  «Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында кең ауқымды халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз.

Айтыс – төл өнеріміздің негізі. Айтысқа қашанда өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады», ‒ деп атап өтті.

«Жыр арқауы – Астана» айтысына қатысқан 20 ақынның да осалы болған жоқ. Бәрі бір-бір өңірдің үміт үкілеген үздіктері. Мол сенім артқан серкелері.

Ал айтыс десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Қазақ өнерінің ішіндегі ірісі де, шоқтығы биігі де – айтыс.

Айтыскер де сол деңгейде. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін атам қазақ екі күн бойы айтыс көріп, емін-еркін жырғап қалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here