Деструктивті діни ағымның өкілдеріне айыппұл салынды

0
787

Еліміздің батыс өңірлері теріс діни ағымдардың үгіт-насихатын тежеу мақсатында әлемжеліге мониторинг жүргізуде.

Атырау облысы Дін істері департаментінің мәліметі бойынша өңірде деструктивті діни ағымдардың жетегіне еріп, олардың ақпаратын таратқан 44 азаматқа 1,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Департамент басшысы Қайролла Көшқалиевтің атап өткеніндей, басқарма мамандары құқық қорғау органдарымен бірлесіп, әлеуметтік желіні ұдайы сүзгіден өткізіп отырады. Мониторинг нәтижесінде өз парақшасы мен түрлі топтарда қауіпті контентті таратып отырған азаматтар анықталған.

«Олар еліміздің аумағында толық тыйым салынған радикалды идеологияны насихаттаған. Біразы насихатпен ғана шектелмей, желідегі басқа да адамдарды қауіпті идеологияның қатарына үгіттеген. Мониторинг нәтижесінде бұған дәлел боларлық аудио және видео материалдарды анықтаған.

Жыл басынан басқармаға қарасты Ақпараттық талдау орталығының қызметкерлері дәстүрлі дінімізге қайшы, радикалды, экстремистік мәндегі діни ағымды насихаттайтын 150 мыңға жуық парақшаны бұғаттады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде діни ағымдардың контентін тарататын 140 мыңға тарта шағын топтарды електен өткіздік, олардың жазған-сызғанын дүниелерін толық талдап, таразыға тарттық. Соның негізінде деструктивті діни ағымдардың материалдарын таратумен айналысқан 442 паблик анықталды. Мұндағы ақпарат діни сараптама жасауға жіберілді», – дейді Қайролла Көшқалиев.

Департамент басшысының атап өткеніндей, жыл басынан бері еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірқатар бабы бойынша радикалды діни ағым өкілдерінің тарапынан 45 құқықбұзушылық тіркелген.

Жиналған мәліметтер сотқа жолданып, соның негізінде салынған айыппұлдың жалпы құны 1 млн 9 мың теңгені құрапты. Сондай-ақ экстремистік идеологияны таратуға қатысты 8 әкімшілік іс сотта қаралуда.

Е


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here