Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы 2021 жылдың басынан бері 15 350 азаматты қабылдап, 9 189 адам жұмысқа орналастырған. Оның ішінде электронды еңбек биржасы арқылы 2 978 адам жұмыс тапса, 5 347 адам тұрақты жұмысқа ие болған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық жұмыстарға – 2 620, әлеуметтік жұмыс орындарына – 179, жастар практикасына 789 адам жұмысқа жіберілген.
Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 254 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 500-ден астам жұмыс орны құрылған. Жоспар бойынша алдағы уақытта тағы да 483 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінгі таңда 503 адам жұмысқа орналасса, тағы да 291 тұрақты жұмыс орны құрылуда.
Бүгінде Халықты жұмыспен қамту орталығы қаладағы барлық жастағы азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа күн сайын әртүрлі жастағы жұмыс іздеген азаматтар, пробация қызметінде есепте тұрғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандар жүгінеді.
Жыл басынан бері пробация қызметіндегі – 47, мүгедектігі бар 574 адам жұмысқа орналастырылған.
Халықты жұмыспен қамту орталығы бүгінгі еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарға арналған курстарға жібереді.
Биыл Жұмыспен қамту орталығы арқылы 213 адам кәсіптік білім беру курстарын оқыды. Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекші мамандықтары бойынша ұйымдастырылды.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 414 бизнес идеяға грант бөлінді. Әзірге 401 грант қаржыландырылды. Грант алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Олар – көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен АӘК алушылар, 29 жасқа дейінгі жастар санатындағы азаматтар. Қазір Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін қашықтан пайдалануға болады. Осы мақсатта электронды еңбек биржасы мемлекеттік ақпараттық порталы жұмыс істейді.