Тәжістан астанасы Душанбеде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) отырысына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестікке қарсы күресті күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды «Қала мен Дала» Ақордаға сілтеме жасап.
Ауғанстандағы ахуалдың мың құбылып тұрғанын тілге тиек еткен Тоқаев осы орайда өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне барынша көңіл бөлу керектігін еске салды.
Шағын форматта өткен мәжілісте Мемлекет басшысы осынау ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестіктің актуалды мәселелері бойынша біздің елдің позициясын ортаға салды.
– Ауғанстан? Бұл мәселені ұйымның тамыз айында өткен кезектен тыс сессиясында талқылаған едік. Ауған жерінде саяси ахуал түбегейлі өзгергені рас, бұл Орта Азия үшін сын-қатер төндіретін фактор. Қазақстанның осы тараптағы ұстанымы айқын және оларды жедел түрде жүзеге асыру үшін нақты жұмыс атқаруға дайынбыз.
Лаңкестікпен күрес? Бұл мәселе бойынша Жедел мониторинг тобын құру туралы ұсыныс білдірген Тәжікстан билігінің бастамасын қолдаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды үнемі мүлт жібермей, қадағалап отыру қажет. Ол үшін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қазірден бастап іс-қимылдарын анықтағаны жөн.
Қазақстанға келер болсақ, еліміздегі лаңкестік ошақтарды ерте бастан анықтап, оларды ауыздықтау мақсатында ауқымды шараларды қолға алатын боламыз. Экстремизм мен терроризм пропагандасына қарсы ымырасыз күрес жүргізуді күшейту қажет.
Бұл іске осы ұйымға мүше барлық мемлекеттер атсалысуы тиіс. Өз басым Орта Азияның оңтүстік шекарасы саналатын Тәжікстанды, оның шекарасын бекемдеуге ҰҚШҰ-ға мүше елдер жан-жақты көмектесуі керек деп санаймын», – деді өз сөзінде Қазақстан Президенті.
Тоқаевтың пайымдауынша, Ауғанстандағы жағдай ушыға түссе, мұның соңы гуманитарлық дағдарысқа әкеледі. Бұл өз кезегінде аймақтағы террористік ошақтардың көбеюіне алып келуі әбден мүмкін.
– Сондықтан да Ауғанстанмен арадағы «Талибан» қозғалысы билікке келгелі бері үзіліп қалған экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық байланыстарды қайта қалпына келтіру маңызды. Ауған жеріндегі жаңа биліктің саяси стратегиясы мен басқару стилін де мұқият бақылап отырған жөн. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі. Біздің ел оны толықтай қолдайды, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі саналатын Ресеймен және де Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше өзге де мемлекеттер бірлескен іс-қимыл әзірлеуге ниетті.
– Ауғанстанның жаңадан жасақталған Үкіметімен өзара іс-қимылдарды үйлестіру және бұрынғы ықпалдастықты қалпына келтіру бойынша нәтиже берерлік шара қабылдауды ұсынамын.
Тәліптер қазіргі Ауғанстанның жаңа билігі. Тиісінше, бұлардың аймаққа қатысты пікірін білу маңызды. «Талибан» қозғалысы Орта Азия аймағында терроризм және экстремизмнің таралуына жол бермеу жөніндегі міндеттемесін мүлтіксіз орындауы қажет. Біз басымдықтарды қазірден бастап айқындап алуға міндеттіміз. Сонымен қатар есірткі тасымалын тоқтату өзекті мәселе. Бұлармен күрес ҰҚШҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін талап етеді, – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Айта кетелік, Душанбеде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин (бейнебайланыс режимінде), Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан халықаралық үш келісімнің қабылдануын құптады.
Атап айтқанда, юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері, ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық қолдау және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ Бітімгерлік қызмет туралы келісім Хаттамасы.