Алматының Қоғамдық кеңес мүшелері Сағынтаев командасына өз ұсынысын айтты

0
477

Жергілікті жердегі атқарушы билік орындарының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер қазір көптеген мәселелердің оң шешімін табуына барынша ықпал етіп келе жатқаны белгілі. Біздің бұл сөзімізге Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмысын атап айтуға болады. Белгілі қоғам қайраткері Рахман Алшанов басқаратын қоғамдық кеңес мүшелері жиі бас қосып, қала өмірінде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарды әкімдікпен бірлесіп талқылауды әдетке айналдырған. Күні кеше ғана Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, басқосуға Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған басқарма басшылары қатысып, кеңес мүшелері алдында есеп берді.

Жиын барысында бірінші болып сөз алған Бақытжан Сағынтаев қала дамуының негізгі экономикалық көрсеткіштері жайында айтып берді. Өз кезегінде қала басшысы пандемиядан кейін қаланың ырғақты дамуына, қалыпты жағдайға келтіру жолында көптеген жұмыстар атқарылғанын алға тартты. Оның сөзінше, соңғы жеті айда қала экономикасын арнасына түсіру үшін көптеген жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Сағынтаевтың баяндамасына назар аударғанымызда Алматының экономикалық көрсеткіші ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 109,1%-ды құрған. Осылайша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 782,9 млрд теңгені құрап, 22%-ға өскен. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 538,6 млрд теңгеге жетіпті.

Қоғамдық кеңес мүшелері Алматы қаласы тұрғын үймен қамту ең өзекті мәселе екенін айта келе, бұл бағытта атқарылған жұмыстардың есебін сұрағанда қала басшысы Бақытжан Сағынтаев жыл басынан бері Алматыда 1 189,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, алдағы уақытта 2 млн 604 мың шаршы метр баспана салуды жоспарлап отырғандарын алға тартта.

Бұдан кейін қала әкімінің орынбасарлары Ержан Бабақұмаров өзі басқаратын салалардың дамуы туралы баяндады. Ең бірінші кезекте ол COVID-19 пандемиясымен күресу шаралары туралы баяндады. Бабақұмаров жүйелі дайындықтың арқасында Алматы қаласы індеттің төрт толқынына да төтеп бергенін тілге тиек етті. Бұдан басқа ол қаланың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларының дамуы туралы айтылды.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген басқарма басшылары шағын және орта бизнесті қолдау мен халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамтуға ықпал ету шаралары мен жұмыс орындарын құру, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру, туризмді дамыту, оның ішінде Алматы тау кластері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Бұдан кейін сөз кезегін алған Қоғамдық кеңес мүшелері де қала үшін маңызды мәселелерді көтеріп, мегаполисті дамытудың түрлі бағыттары бойынша ұсыныстар айтты. Айталық, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің заңдылық пен құқық тәртібі жөніндегі комиссияның төрағасы Нұрлан Жазылбековтың мәселесі бойынша қызметтік полицияның пилоттық жобасын іске асыруда қаланың азаматтық қоғамымен тығыз ынтымақтастық орнату керектігін алға тартты. Ал Алматы қаласының жайлы ортасы жөніндегі комиссияның төрағасы Марат Шибұтов тарихи орталықта құрылысы шектеулі жаңа құрылыс ережелерінің өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Бекнұр Қисықовтың сұрағына қатысты қалада 667 қызметкер, оның ішінде мұражай, театр мен кітапхана қызметкерлері үшін ағылшын тілінің онлайн курстары басталғаны хабарланды. Сонымен қатар туризм индустриясы дамуда, тау туризмі үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау бойынша шаралар қабылданды. Т.Елеусізов қала тұрғындарын ағаш отырғызуға белсенді түрде тарту мақсатында қабырғаға мурал салуды ұсынды. Қ.Шайх азық-түлік бағасын төмендету тетіктері, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.

Қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов кеңес мүшелері алдағы уақытта да билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогқа өз үлестерін қосатынын атап өтті. Кездесуді қорытындылаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұндай кездесулердің басты мақсаты – қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру, жайлы өмір сүру үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірлескен шешімдерді әзірлеу және қабылдау екенін атап өтті. Мегаполис әкімі барлық ұсыныстардың қаралатынын, ал қойылған сұрақтарға толық түсініктеме берілетінін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here