Елімізде биылғы жылдың алғашқы ширегінде 84 мыңға жуық азамат әлемжелідегі радикалды топтардан шығарылды. Бұл жайында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті.

«Алғашқы жартыжылдықта әлемжелілерде түрлі деструктивті пабликтерде тіркелген 84 мыңға жуық жерлесімізді осы топтардың қатарынан шығарып алдық. Олар адасудың аз алдында тұрған еді. Сол пабликтерге біліп не болмаса білмей кездейсоқ қосылған азаматтарымыз бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде осындай көрсеткішге қол жеткіздік», – деді Ержан Нүкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда жыл санап діни бағыттағы радикалды контенттің саны артып келеді.

«Мәселен, биылғы жылы діни терроризм мен экстремизм идеяларын үгіттеумен айналысатын 80 мыңға жуық қауіпті материалдың көзін жойып, 300-ден астам материалды біржолата бұғаттадық. Әйтсе де аталған мәселені тек бұғаттаумен, шектеумен шеше алмасымыз белгілі.

Осы мақсатта медиа саласында сауатты жұмыс істейтін, ақпаратты сүзгіден өткізе білетін кадрлар даярлап жатырмыз.

 «Смарт Медиа» жобасы арқылы қазірде 300-ге тақау маман өздерінің медиа-біліктілігін көтеруде. Дін істері комитеті де ұдайы қосымша мәліметтер, ақпараттар жариялап отырады.

Өткен жылы осы кезеңге дейін тұп-тура 25 мың материал жарияласақ, биылғы жылы 60 мыңнан астам актуалды материал жарияладық», – деді Нүкежанов.

Соңғы рет жүргізілген әлеуметтік мәндегі сауалнаманың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 87 пайызы дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайтынын айтқан.

Осы жиында Ержан Нүкежанов елімізде дін саласындағы өзекті, өткір проблемаларды талқылайтын «YZ CLUB» атты жаңа диалог алаңы ашылатынын мәлімдеді.


«Көптеген жылдары бойы қордаланып, шешімі табылмай келген маңызды мәселе дін саласындағы маман тапшылығы проблемасы бүгінгі күні толықтай болмаса да, біршама шешімін тапты. Жылма-жыл теология, исламтану, дінтану мамандығы бойынша 500-ден астам маман әзірленеді. Алайда олармен кері байланыстың ақсап тұрғаны жасырын емес.

Жас кадрлармен ұдайы байланыс орнату үшін «YZ CLUB» атты диалог алаңын ашып отырмыз. Осынау орталық жастармен діни саладағы түрлі мәселелерді таразыға тартып, Қазақстанның дамуына серпін беретін пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді комитет төрағасы.

Бұдан сырт, Дін істері комитеті бұқарамен кері байланыс орнату үшін «Елге қызмет – маңызды міндет» атты жобаның тұсауын кескен.

«Комитет түрлі әлеуметтік желілердің көмегімен тікелей эфирге шығып, атқарылған жұмысы туралы есеп береді, елді толғандырып жүрген сауалдарға жауап қатады. Тұтастай алғанда, бүгіндері еліміздегі діни ахуал бірқалыпты, тұрақты. Осы тарапта қандай да бір түйткіл туындаса, оны жедел шешіп отырамыз. Ең негізгісі, ақпараттық идеологияға көңіл бөлу керек. Діни ақпаратты талғаммен тұтынуы керек», – дейді Ержан Нүкежанов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here