Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі – қазақстандық даму жолының ажырамас бөлшегі

0
661

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бері еліміздегі діндер мен конфессиялар арасындағы байланысты нығайтуға күш салып келеді. Дінаралық татулықты нығайтуда Қазақ елі елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырып, осыған дейін бір-біріне қырын қарап жүрген дін өкілдерінің басын қосып, ғаламдық маңызы зор істі қолға алған болатын. Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Елбасының әлемдік саясаттағы беделінің арқасында дүниежүзіндегі айтулы шаралардың біріне айналды десек артық айтқандық болмас еді. Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында дүниежүзінің 20 елінен ат терлетіп келген дін өкілдері басқосып, 2022 жылдың қыркүйек айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 7-басқосуын ұйымдастыруға бірауыздан уағдаласты.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әр үш жыл сайын ұйымдастырылып тұруы керек еді. Өкінішке қарай, 2020 жылы бүкіл әлем пандемияның құрсауында қалып, маңызды шара өтпей қалған болатын. Осы аптада дүниежүзіндегі діндердің өкілдері елордада кездесіп, кезекті құрылтайды уақыт оздырмай алдағы жылдың қыркүйек айында ұйымдастыруға уағдаласты.

Осы аптада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев кезекті басқосуды өткізудің маңыздылығына тоқталып, дін мәселесіне қатысты талқылайтын өзекті мәселелер жинақталып қалғанын жеткізді.

– Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі, – деп Мәулен Әшімбаев көкейде тұнған ойын ортаға салды.

Әлем пандемия құрсауында қалған тұста діни қақтығыстар ушығып, жаңа сын-қатерлер пайда болғаны жасырын емес. Дүниежүзіндегі геосаяси және экономикалық қиындықтар діни-әлеуметтік араздықтарды ушықтырып жіберетін жайттар да болады. Айналдырған бір айдың ішінде Ауғанстанда ресми биліктің құлап, оған Талибанның келуінен де көп жайтты аңғаруға болады. Осы жағдай Орталық Азиядағы діни келіспеушілік пен экстремистік ұйымдардың белсенді әрекетке көшуіне әсер-ықпалын тигізуі бек мүмкін. Бұл өз кезегінде Кіндік Азиядағы елдердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Сол себепті алдағы жылдың қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде Ауғанстандағы жағдай назардан тыс қалмасы анық.

Діни дүрдараздықтан туындайтын саяси қақтығыстар дәстүрлі саяси диалог алаңдарында талқыланғанымен, олары тиімділігі төмен екені жасырын емес. Осы ретте дүниежүзіндегі дәстүрлі дін өкілдерінің басқосуы діни алауыздықты шектеп, әлемдегі толеранттылықтың беделін бекемдей түседі десек артық айтқандық болмас еді. 

Дүниежүзінің әр тарабын шарпыған осындай қиын кезеңде рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастырып, әлем халықтары арасында бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім құндылықтарын жоғары деңгейде насихаттауының маңызы зор. Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі осы бағытта жұмыс істеп, мемлекеттар арасындағы қоғамдық келісімді нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауда.

Хатшылық отырысынан бір күн бұрын оның жұмыс тобының отырысы өткен болатын. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 7-съезінің жалпы және секциялық отырыстарының тақырыбы бойынша жұмыс тобы мен хатшылық мүшелерінің 49 ұсынысын жинақтау жүргізілді.

Сол отырыста ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев дінаралық және мәдениетаралық диалогтың рөлі мен маңызы, рухани-адамгершілік құндылықтар, әлемнің пандемиядан кейінгі жағдайында 7-съезд жұмысын жаңа тәсілде өткізудің маңызы зор екенін алға тартқан болатын.

– Бүгінде пандемия адам өмірінің көптеген салаларына әсер еткенін атап өтті. Осыған байланысты рухани құндылықтарды сақтауға ден қою қажет. Архиепископ Юрий Новгородов пандемия көптеген жаңа нәрселерді, соның ішінде цифрландыруды әкелгеніне назар аударды. Сондықтан діни қоғамдастықтар мен олардың көшбасшыларын қазіргі әлемнің шынайылығында адамгершілік қағидаларын қалыптастырудағы рөлі туралы мәселе туындайтындығын айтты. Біздіңше, 7-съездің жұмысы мен форматы әлемді одан да қауіпсіз, толерантты, болжамды ету үшін сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, мәдениеттер, халықтар мен діндер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тәсілін белгілеудің маңызы зор, – деді Серік Егізбаев.

Алқалы басқосуға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі екендігін айта келе, діннің осынау қуатты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құрметті арттыруға бағыттау қажеттігін баса айтты.

– Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген сөзінде үлкен мағына жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті. Расында, біз бейбітсүйгіш халықпыз және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі осыған дәлел, – деді Бас мүфти.

Захра РАШИДБЕЙГИ, Иран Ислам Республикасы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Дін мен мәдениет диалогы орталығының департамент директоры:

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның қажырлы әрі жемісті еңбегі діни жетекшілер мен саяси басшылардың арасындағы бірлік мәселесінде айқын үлгі саналады. Осы ірі отырысқа қатысып отырған түрлі діндер мен мазхабтардың құрметті өкілдері әділет және ұлттық мәдениетті таратуда ұзақ уақыт бойы еңбек етіп келе жатқаны сөзсіз. Алайда мәртебелі Назарбаев мырзаның түрлі дін өкілдерін жинап, діни жетекшілердің басын қосуы діни көшбасшылардың бірігіп, бір-бірінің қызметімен танысуына және тәжірибе алмасуына себеп болды. Алдағы уақытта Қазақстанның осы іс-тәжірибесін дамытып, діни алауыздықтың алдын алып отыруымыз керек.

Шейх-ул-Ислам Гаджи ПАШАЗАДЕ, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы:

– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі бүгінде әлем елдері асыға күтетін маңызды шараға айналды. 18 жыл бұрын қазақ халқының көшбасшысы, ықпалды әлемдік саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың діндер мен өркениеттер арасындағы диалог қағидаттары мен практикасын ілгерілету жөніндегі бастамасы өзінің маңызын сақтап келе жатқанын, ал бұл идеяның дәйектілігі мен өнімділігі уақытпен дәлелденгеніне жыл өткен сайын көз жеткізіп келеміз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ мемлекеттілігінің ілгерілеуі мен өркендеуін, дінаралық диалог пен ынтымақ саласындағы, атап айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері шеңберіндегі құнды идеяларды ілгерілету жөніндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін саяси еңбегін жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің кезекті басқосуын өткізіп, әлемде туындағын мәселелерді бірлесіп талқылауымыз қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here