Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі мәндi бастамалар айтылатын алаңға айналды

0
559

Еліміз үшін әлемдік дәстүрлі діндердiң съезі маңызды саяси шараға айналғанына ондаған жылдың жүзі болды. Ең алғаш Еуразия жүрегі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Құдайы бiр, бiрақ оны тану жолдары әрқилы дінбасылардың алқа-қотан отырысы ұйымдастырылып, ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселелерді бір үстелдің басында шешу ісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Осылайша, дәстүрлі діндердiң съезі әлемдегі маңызды саяси басқосуға айналды. Күні кеше ғана елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысы өтіп, әлемдегі қауіпсіздік мәселелері мен алдағы жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу мәселесін дүниенің төрт бұрышынан келген дін өкілдері талқылады.

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениеттер диалогына байланысты бастамасына 18 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында  дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өзінің өміршеңдігін көрсетті.

Ең алғашқы сьезд 2003 жылдың қыркүйегінде ұйымдастырылды. Сол кезеңде, яғни 2001 жылы Нью-Йорк қаласында лаңкестік әрекеттен кейін барлық дін басшыларының басын қосқан тарихи басқосу осы дәстүрлі діндердiң съезі болғаны анық.

Сьездің басты мақсаты – әртүрлі дін өкiлдерiн бiр дөңгелек үстел басына отырғызу еді. Ең алғашқы басқосуға иудаизм мен ислам дiндерi өкiлдерi келгені есімізде. Ол кездегі делегацияның саны 17 адам болған еді. Міне, содан бері съезд әрбір үш жыл сайын ұйымдастырылып тұратын тұрақты сипатқа ие болды.

Әу баста Қазақстан ұйымдастырған бұл құрылтайға дүниежүзінің дінбасылары толықтай қатысқан жоқ. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайдың жұмысы уақыт өте келе қызатынын сезіп, бұл бағыттағы жұмыстарға қатысты қарқынын бәсеңдетпеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі үш-төрт басқосудан кейін өзінің арнасын тауып, дүниежүзіндегі маңызды басқосулардың біріне айналды.  

Төртінші рет ұйымдастырылған съезд жұмысына орыс православие шiркеуiнiң патриархы Кирилл мен Ирандағы шиизм ағымының жоғары деңгейдегі өкілі қатысқаннан кейін өзге дінбасылар да бұл жиынның маңызын түсініп, Назарбаевтың бастамасына қолдау білдірді.  

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дінбасылардың тұрақты жиналатын ордасы ретінде елорда төрінде Бейбiтшiлiк және келісім сарайын салып беріп, бұл іске Қазақстанның бел буып, білек сыбана кіріскенін нақты іспен көрсетті. Осыдан кейін-ақ қазақ жерінде ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне үлкен қызығушылықпен қарайтын болды. Үшiншi съезд өткенде дiндер өзара қарым-қатынасты үш жылда бір рет емес, жыл бойы жасап тұру үшін Елбасымыздың игі бастамаларының бірі – Халықаралық діндер және мәдениеттер орталығын ашу туралы айтқаны ұмытылмас ұсыныс еді. Сол кезде әлемдік дін басылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасын қуана қолдағаны есімізде.

Елбасының сьезд арқылы өркениеттер сұхбатын халықаралық сахнада жетiлдiрудi мақсат тұтқан көшелі ойы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Назарбаев ұсынған мәдениеттердi жақындастыру ұсынысы 2008 жылы сыртқы істер министрлерінің деңгейiнде Батыс және араб елдерінің министрлерiнiң басын қосып, «әр алуандылық – ілгерілеудің үрдісі» деген тақырып аясында елордада халықаралық форум өткен болатын. Ал Ислам ынтымақтастық ұйымындағы 57 мұсылман елi әр жыл сайын өтетін сессияда Елбасымыздың осы бастамасын жоғары бағалап, өз бағаларын бергені есімізде.

Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткен жылдары ұйымның жұмысы жаңа сапаға көтерілді. Мұсылман елдерінде болып жатқан саяси дағдарыстардан шұғыл шығу жолдары ұсынылып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысы жандана түскен болатын.  

Халықаралық деңгейде айтылған ортақ пiкiрдiң өзi, съезге деген әлемдік дінбасылар мен саясаткерлердің ықыласын арттыра түскені анық. Осыдан кейін көптеген елдерде осы іспеттес дінаралық, мәдениетаралық және татулыққа байланысты түрлі конференциялар ұйымдастырылғанын білеміз. Бiрақ олардың бәрі тұрақты ұйымдастырылмай, бірлі-жарым басқосулармен шектелген болатын.  

Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтетін съезд жұмысы 18 жылдан бері үздіксіз жалғасып келеді. Тек өткен жылы өтуі тиіс басқосуға әлемдік пандемия кесірін тигізіп, форс-мажорлық жағдай орын алды.  

Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде тек қана баяндамаларға ғана емес, мәндi бастамалар да айтылып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, дiн басшыларының кеңесінде әрдайым модератор болып, дін басшыларын дінаралық татулыққа бағытталған жұмыстарға жұмылдырып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here