Сот саласында қандай оңды өзгерістер бар

0
911

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында сот жүйесін дамыту арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын дамытудың мүмкіндігі зор екенін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес қазір еліміздегі сот жүйесі үлкен өзгерістерді бастан кешуде. Нақтырақ айтсақ, Қ.Тоқаев сот жүйесінің тәуелсіз, соттардың мейлінше ашық болуын қадап тұрып айтқаны есімізде. Міне, содан бері біраз уақыт өтті. Сот жүйесін жетілдіруде қандай өзгерістер орын алуы керек екенін білікті мамандармен бірлесіп талқыласақ.

Осы ретте білікті адвокат Бақтияр Ғалымжанов сот жүйесін реформалау үшін бірінші кезекте ҚР Конституциялық кеңестің жұмысын қайта ұйымдастыру керек екенін алға тартты. Оның ойынша, ел азаматтарының қандай да бір құқығы бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа шағымдана алатындай мүмкіндігі болуы керек.

– Конституциялық соттың хаттамаларын барлық мемлекеттік органдар орындауы міндет болуы керек. Осылайша, сот іс-тәжірибесі қалыптасып, біздер адвокаттар оны халықтың заңды мүддесін қорғауға пайдалана аламыз, – дейді заң саласының маманы. Сонымен қатар адвокат еліміздің сот жүйесін жетілдіруде Еуропаның адам құқықтары жөніндегі конвенциясына қосылуы керек екенін де тілге тиек етті. Мұндай жағдайда елімізде құқығы бұзылған азаматтар Еуропалық сотқа шағымдана алатыны белгілі. Оның ойынша, бұл жағдай еліміздегі сот жүйесінің заман талабына сай жұмыс істеуіне түрткі болады.

Ал білікті заңгер Ермек Тұралиев болса сот жүйесіндегі реформаны жүзеге асыруда кадр таңдау мәселесін қамтығаны орынды болғанын алға тартты.

– Сот жүйесін жетілдіру реформасында Жоғарғы сот пен облыстық соттардың пленарлық кеңестерінің қысқарғанын оң нәтиже деп атап айтуға болады. Мұндай жағдайда судьялар сот барысында әділ шешім қабылдауына ықпал етеді.

Сот саласы қызметкерлерінің көңілінен шыққан тағы бір мәселе судьялық қызметке ұсынылған кандидаттарға қойылатын талаптардың жеңілдетілгенін атап айтуға болады. Бұған дейін судья болуды көздеген білікті мамандар 10 жылға дейін құқық қорғау саласында немесе сот әкімшілігінде жұмыс тәжірибесі болуы тиіс еді. Тағы да айта түссек, сот жүйесінде сот төрағалары жылдар бойы өз қызметін атқарып келді. Енді аудандық, облыстық соттың төрағалары бұл қызметте екі мерзімнен артық отыра алмайды. Бұл өз кезегінде сот саласында қызмет етіп жүрген жас мамандардың мансабының өсуіне біршама серпін беретіні анық. Сонымен қатар бір қызметте жылдар бойы тапжылмай отырған сот төрағалары судьялардың сот шешімін қабылдауына ықпал етіп келгенін де жоққа шығаруға болмайды. Сот саласындағы жаңа реформаның арқасында осы үрдіске тосқауыл қойылмақшы, – дейді білікті заңгер. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here