Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы ел өміріне қандай өзгеріс әкелді, нендей пайдасын тигізді? Билік пен қоғамның арасында диалог орнатуға қаншалықты үлес қоса алды? Тоқаев кеңес мүшелеріне қаншалықты арқа сүйейді? Белгілі журналист Асылбек Абдұлов осы төңіректегі ой-пікірін ортаға салған екен.
«Біздің елге бірінші кезекте халықтың өмірін жеңілдетіп, бюрократиядан арылуға септесетін заңдар қажет. Егер заң қоғам өмірімен сәйкеспесе, қоғамның құндылықтарына қайшы келсе, ендеше, өмірді емес, заңдарды өзгерту қажет», – дейді журналист.
Оның айтуынша, өркениетті елдер дәл осы ұстанымды ұстанады. Дамыған елдерде бірінші кезекте қоғам пікірі ескеріледі, заңдар да қоғамның талап-тілегі мен сұранысына сай қабылданады. Оларда адам өмірі құнды. Соған сай өмір салты қалыптасқан. Қоғамда өмір сүрудің өзіндік ережесі бар. Бұлар адамның жүріс-тұрысын қиындатпайды, керісінше жеңілдетуді көздейді.
Журналистің атап өткеніндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамды басы артық бюрократия мен формализмнен арылту мақсатында құрылған.
«Қоғамдық сенім кеңісі ел өміріне Батыстың құндылықтарын алып келді. Ал Батыс құндылықтары дегеніміз не? Ол – өмірдің жайлылығы, қолайлылық, бюрократияның жоқтығы. Батыс әлемі қағаз-құжаттың мехнатынан арылған. Ал бізде Сталин дәуірінен қалған «құжатың болмаса, адам емессің» деген түсінік басым.
Мемлекет басшысы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді араласуының арқасында қағазбастылықтың бір түрінен арылдық.
Осы күнге дейін жүргізуші куәлігін жанқалтамызға салып жүретін едік. Биылдан бастап оны үйде ұмытып кетсек те, ешкім айыппұл салмайды. Ұлттық кеңесте көтерілген мәселе заң түрінде жүзеге асты. Тоқаев жол қозғалысына қатысты ҚР Заңына қосымша толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Бұған сай жүргізушінің қолында жеке куәлігі болса жеткілікті», – дейді журналист.
…
Абдұловтың айтуынша, жүргізуші куәлігін көрсетуді міндеттеуден алып тастау бүгінгі күннің талабына сай. Азаматтар өздерімен бірге құшақ-құшақ құжат тасып жүре алмайды. Оларды жоғалту қаупі басым.
Бұған дейін жүргізуші куәлігін үйінде ұмытқандар айыппұл арқалайтын. Ендігі жерде жол инспекторы сізден жүргізуші куәлігін талап етіп, тықылдап тұрмайды. Құжатыңызды тексеру жеке куәлігіңізбен ғана шектеледі.
…
Бұл идея Ұлттық кеңестің екінші отырысында көтерілген еді. 2019 жылдың 20 желтоқсанында Ұлттық кеңес отырысында Президент Тоқаев қағаз құжаттың санын азайту керектігін айтқан болатын. Осы жиында Мемлекет басшысы көлікке қатысты кейбір құжаттарын үйде ұмытқан жүргізушілерді жазалауды доғаруды тапсырған еді.
«Халық бұл идеяны қуана қабылдады. Себебі күнделікті өмірде полициямен бетпе-бет кездесетін билік өкілдері емес, сіз бен біз секілді қарапайым азаматтар. Еліміздегі әрбір үшінші адам көлік айдайды, жүргізушілер жеке куәлігінен бөлек, техпаспорт, жүргізуші куәлігін және басқа да құжаттарды өзімен бірге «тасып» жүреді. Осы күнге дейін құжатын үйінде ұмыт қалдырған қаншама азамат бекерден-бекер айыппұл арқалады. 2019 жылдың 11 айында 80 мыңға жуық жүргізуші көлік құжатын үйінде ұмытқаны үшін айыппұл төлеген.
Ойлап қарасаңыз, бұл – нонсенс. Жүргізуші жайлы барлық ақпарат тәртіп сақшыларының планшетінде сайрап тұр. Оның құжатының бар-жоқтығын сол арадан-ақ анықтауға болар еді.
Осы себепті Ұлттық кеңестің осы бір шешімі қоғам үшін пайдалы, қоғам игілігіне жарарлық шешім болды деп айтуға негіз бар», – дейді Абдұлов.
Айта кетелік, елімізде 4,2 млн автокөлік
бар, тиісінше жаңа норма миллиондаған азаматтардың өмірін жеңілдеткені анық.
…
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің пайдалы істері мұнымен шектелмейді. Абдұловтың айтып өткеніндей, Ұлттық кеңестің белсенді араласуының арқасында журналистер мен сарапшылардың ізденуіне кедергі келтіріп келген заң нормасы алынып тасталған.
«Ұлттық кеңестің ұйытқы болуымен ұсынылған саяси реформалардың нәтижесінде Жала жабу туралы Қылмыстық кодекстің 130-бабына өзгеріс енді. Бұл заң бүгінгі күннің талаптарына жауап бермейтін еді. Заң авторлардың төбесінен төніп, кез келген журналистік зерттеуді жала ретінде қарастыратын. Мұның арты журналистің жауапқа тартылып, сотталуына дейін алып келетін еді. Мұндай жағдайда журналистиканы елдегі «төртінші билік» деп айту да орынсыз.
Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Тоқаев Қылмыстық кодекстің осы бір атышулы бабы декриминизацияға ұшырайтынын айтты. 130-бабтың мұндай өзгеріске ұшырауы халықаралық және гуманитарлық стандарттарға сай.
Президент Ұлттық кеңестің ұсынысына құлақ
асып, Қылмыстық кодекстің 130-бабын
қылмыс деп танымау туралы шешім қабылдады. Аталған заң нормасы Әкімшілік
кодекске ауыстырылды. Сәйкесінше, журналистер еркін тыныстайтын болды, осы арқылы
олардың құқығына кепілдік берілді. Ал бұған дейін аталған баб бойынша ақпарат құралдарының
өкілдерін 3 жылға абақтыға жабатын», – дейді Абдұлов.
…
Осынау заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырудың пайдасын журналистер мен сарапшылар қауымы әзірден бастап сезініп отыр.
Абдұловтың айтуынша, жаңа заң белгілі сарапшыны абақтыдан арашалап қалған.
«Былтырғы жылы белгілі қаржы сарапшысы Мұрат Темірханұлы «Самұрық Қазынаға» қарасты еншілес компанияның жұмысынан шикілік тауып, мақала жариялаған еді. Компания басшылығы автордың аргументіне қарсы уәж айта алмай, ақыр соңы оны Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабы бойынша сотқа берді.
Негізінде, сарапшының мақаласында барлығы анық дерекке құрылған болатын, алайда компания бұған үңіліп жатуды жөн көрмейді. «Автордың мақаласы компанияның абыройына нұқсат келтірді» деп қысқа қайырды. Осы екі аралықта Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыс деп танымау туралы шешім қабылданып, аталған заң нормасы Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Соның арқасында сот қылмыстық істі қарауды тоқтатты. Осылайша, танымал экономист абақтыдан аман қалды», – дейді.
…
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әлеуметтік мәселелерге барынша назар аударылған. Тұтастай алғанда, кеңес мүшелері әлеуметтік саясат бағытындағы қордаланған дүниелерді көбірек қозғады.
Асылбек Абдұловтың айтуынша, Ұлттық кеңестің 5-отырысында елдегі әлеуметтік мәселелер негізгі тақырып ретінде таңдалып алынған. Соның ішінде мүгедектердің қоғамдық өмірге кірігуіне жәрдемдесу мәселесі сөз болған.
«Бұдан былай жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота бөлуге міндетті. Бұл да адами капиталға көңіл бөлгеннің белгісі.
Кеңес мүшелері бұдан бөлек көпбабалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мәселесін де сөз етті. Соның негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Мамин Үкіметінің алдына мұндай отбасыларды ашық әрі әділ көмекпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Тоқаев мемлекеттің көмекке шын мұқтаж жандарға ғана қол ұшын созуы керектігін атап айтқан.
Сонымен бірге шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты заң нормасына да өзгеріс енді. Бұдан былай шетелдік жұмысшыларға берілетін квота айтарлықтай төмендейтін болады. Еліміздің Еңбек министрлігі әлеуметтік кикілжіңдерге жол бермеу үшін шетелдіктер мен қазақстандық жұмысшыларға жалақыны бірдей, теңдей төлеу мәселесіне араласып, мұндай мәселелердің тым көбейіп кетуіне жол бермейді», – дейді Абдұлов.
Оның айтуынша, саяси реформаларға мұқтаж біздің елге дәл осындай заңдар мен нормалар қажет. Айналып келгенде, мемлекет жұмысының түп өзегіне адамдардың тұрмысын жақсартып, өмірін жеңілдетуге құрылуы тиіс. Ұлттық кеңес осы іске қомақты үлес қосқан.
Әзірлеген Аяулым ШАЙМАРДАН