25 шілде Қазақстанда ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Осыған орай, ауылдағы ағайынға үн қатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осынау науқанның ел өміріндегі маңызы туралы айтып, барша жұртшылықты сайлауға белсенді қатысуға шақырды деп хабарлайды «Қала мен Дала”. 

«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің  Twitter парақшасында.

Өз кезегінде Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли халықтың билік ісі мен қоғам ісіне атсалысуы елдің ертеңін анықтайтын фактор екенін тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл жолғы науқан қала мен ауылдағы көзі ашық, көкірегі ояу аудитория үшін аса маңызды шара. Елдің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір азамат сайлаудан қалыс қалмауы қажет. 

Берік Уәли осы орайда «Сайлауға қатысып, өзіне ұнаған үміткерге дауыс беру – азаматтық патриотизмнің көрінісі» деп баға берген ел Президентінің сөзін мысалға келтірген екен. 

«Жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруға тиіс. Тоқаев ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалардың тұрғындарын дауыс беруге белсенді қатысуға шақырады. Мемлекет басшысы сайланған кандидаттардың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіреді», – деп жазды осы орайда Берік Уәли Facebook парақшасында.

….

Иә, елімізде бұрын-соңды мұндай науқан өткізіліп көрген жоқ. Билікке Тоқаев келгелі бірқатар саяси реформалар әзірленіп, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жайы бар. 

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы Тоқаевтың тұсында пайда болған жаңашылдық. Осынау бастаманы Мемлекет басшысы өткен жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында ортаға салған еді. 

Тоқаев бастамасын қарапайым азаматтар оң қабылдағаны байқалады. 

Бұған дәлел тұңғыш рет өткелі отырған ауыл әкімдерінің сайлауына үміткер ретінде тіркелгендердің басым бөлігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Нақты дерекпен айтқан, мұндай кандидаттардың үлесі 61,8 пайызды құрап отыр. 

«Қала мен Дала» анықтамасы: 

Ел бойынша осынау сайлауға қатысу үшін жалпы саны 2582 азамат өз кандидатурасын ұсынған, соның ішінде 2297 адам (немесе 88 пайыз) тиісті тіркеуден өткен. 

877 адам (38 пайыз) еліміздегі саяси партияның атынан кандидат атанған. 

Қазақстанда ресми тіркелген 6 саяси партияның барлығы да ауыл әкімі болуға өз үміткерлерін ұсынған екен. 

Тіркелгендердің 60 пайыздан астамы немесе 1400 адам өз-өзін ұсынған азаматтар. 

Аудандық маңызы бар қала, ауыл округінің әкімі атану үшін мемлекет тарапынан бірқатар талаптар қойылғанын еске сала кетейік. Ең біріншіден, сайлауға 25 жастан асқан Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады. Екіншіден, мемқызмет саласындағы заңның талап-шартына сәйкес келуі, яғни сотты болмаған және жемқорлық бойынша басы дауға қалмаған болуы тиіс. 

Осы жексенбіне өтетін сайлауда ел бойынша 730 әкім сайланатын болады. Бұдан өзге 45 басшы осы жылдың соңына дейін сайланады, әл-әзір олардың өкілет мерзімі аяқталған жоқ.


Халыққа қандай әкім керек? 

Nur Otan партиясының қоғамдық саясат институты дәл осы сауалды негізге алып, ел арасында сауалнама жүргізген еді. Институт директоры Мәдина Нұрғалиеваның атап өткеніндей осы күнге дейін елімізде жалғыз ғана сайланбалы лауазым болған. Бұл – Қазақстан республикасы Президентінің сайлауы. Ал алдағы сайлаудың ең басты ерекшелігі бұдан былай аудан-ауылдық деңгейдегі өзекті мәселелерді ауыл тұрғындары шеше алады. Сонымен қатар осы жолғы науқан саяси партия қатарында болмаса да, белсенділігімен танылған дербес (өзін-өзі ұсынған) азаматтар үшін оңтайлы мүмкіндік. 

«Бұл жолғы сайлаудың тағы бір назар аударарлық тұсы – бюллетеньде. Анықтап айтар болсам, сайлау қағазында «бәріне қарсымын» деген баған қосылған. Бұл да демократияның көрінісі. Демократияның жаңа үлгілерін тәжірибе жүзінде іске асырудамыз. Осы ретта баршы ауыл азаматтары өз шешімдерін салмақтап, ойланып дауыс беруге үндеймін», – деді институт басшысы. 

Институт мамандары осы науқанға орай ел ішінде арнайы сауалнама өткізген көрінеді. 

«Біз елдің пікірі негізінде ауыл әкімі болуға лайықты азаматтың бет-бейнесін жасауға тырыстық. Ауыл азаматтары ауыл әкіміне қандай талап қояды? Осы сауалды көлденең тартқанда көпшілік азаматтар әкімге қойылатын басты міндет  ретінде мемлекеттік тілді білуін негізгі талап деп таныған. 

Жалпы алғанда, сауалнамаға 3 мыңнан аса азамат атсалысты»», – дейді М.Нұрғалиева. 

Бақылаушылардың міндетіне не кіреді?

«Қала мен Дала» тілшісі осы сауалды Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділұлына қойды.

«Осы науқанға бақылаушы ретінде қатысатын біздің ұйымның басты мақсаты – тұрғындардың сайлау құқығының бұзылуына жол бермеу. Бұл жолғы сайлау аса күрделі болмақ. Сондықтан сайлауды бақылау жұмысына сайлау заңнамасын жетік меңгерген әрі өзінің бақылаушылық міндетін нақты түсінетін азаматтарды тарттық. Соның негізінде науқанға әділ баға беретін боламыз.

Сайлау күнгі барлық заңбұзушылықтар «арнайы блокнотқа» тіркеліп отыратын болады. Біз өз тарапымыздан ешкімнің сөзін сөйлемейтін, ешкімнің сойылын соқпайтын қатаң бейтараптық позицияны ұстанамыз.  

Науқан өтетін барлық учаскелерде біздің бақылаушылар отырады. Ілгеріде сөз еткен «арнайы блокноттың» ерекшелігі мұндай сайлау үрдісіне қатысы бар заң нормаларының сілтемелері енген. Дауыс беру кезінде қандай да бір заңбұзушылықты байқасақ, блокноттан заңның сілтемесін тауып, сол арқылы тіркеп отырамыз. Бұл не үшін керек? Осы арқылы бақылаушылар өзінің ескертпелерін нақты дәлелмен көрсетіп, жүзеге асыра алады», – дейді ұйым жетекшісі.

Әзірлеген Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here