Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан арнайы брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде Pfizer вакцинасының 12 жастан жоғары балаларға ұсынылу мүмкіндігіне қатысты журналистер қойған сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, қазір елімізде балаларды вакциналауға болатын екпе түрі жоқ.
Біздің балаларымыздың вакцина алуына мүмкіндік беруіміз керек. Әзірге нақты күнді атай алмаймыз. Қазірдің өзінде көптеген ата-аналар хабарласып, балаларына вакцина егуді сұрауда, өкінішке орай, әзірге Қазақстанда мұндай вакциналар жоқ. Мүмкіндік пайда болғаннан кейін біз осы негіздегі қолжетімділікті қамтамасыз етеміз, – деді Денсаулық сақтау министрі ОКҚ-да өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, балаларға екпе салу ата-ананың таңдауы бойынша ерікті жүргізіледі.
Балаларға арналған Pfizer вакцинасына келетін болсақ, ондай жағдай туындаса, балаларға вакцина тек ата-анасының келісімі бойынша салынады, – деді ол.
Журналистер сұрақты тағы нақтылай түсті: Мектепке бару үшін балаларға міндетті вакциналау енгізіле ме?
Тағы да қайталап айтамын, бізде екпе тек ата-ананың келісімі бойынша салынады, – деді Цой.
Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері 34 мың бала коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қазір 558 бала стационарда ем алып жатыр, 13 жаңа туған нәресте коронавирус инфекциясына байланысты бақылауға алынған.
Осы шарада Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят балалардың коронавирус инфекциясына жиі шалдыға бастағанын атап өтті.
«Ауыр халде төрт бала жатыр: Нұр-Сұлтан, Ақмола, Қызылорда және Жамбыл облыстарында. Олардың жағдайы мұқият бақылауға алынған», – деді Ажар Ғинаят.
Жыл басынан бері балалар арасында екі өлім тіркелді: Солтүстік Қазақстан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында.