Алматы облыстық «Элефтерия» грек этномәдени орталығының төрағасы «қазақ халқына қарыздармыз» дейді
Алматы облысының Панфилов ауданында грек ұлтының үлкен шоғыры барын біреу білсе, біреу білмес. «Қала мен Дала» осы орайда Алматы облыстық «Элефтерия» (Еркіндік) грек этномәдени орталығының төрағасы Наталья Тифанциди ой-пікірін жариялағанды жөн көрді.
Тек Қазақстанда ғана…
Бір кезгі КСРО шекпенінен шыққан елдердің көпшілігін аралап көрдім. ТМД-дағы бірде-бір елде ұлтаралық мәселеге дәл Қазақстандағыдай көңіл бөлінбейді.
Тек Қазақстанда ғана Ассамблея конституциялық орган статусына ие әрі оның 9 өкілі Парламентте отыр.
Тек Қазақстанда ғана мемлекет деңгейінде осы елде өмір сүретін ұлт пен ұлыстардың дәстүрі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған.
Тәуелсіздік біз үшін киелі ұғым
Біздің орталық Ассамблеяның ешбір шарасынан қалыс қалмайды. Біз мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларлы, қазақ халқының ұлттық мейрамдарын әркезде, әрдайым атап өтеміз. Алда Тұңғыш Президент күні мен қасиетті Тәуелсіздік күнін тойлайтын боламыз.
Биылғы Наурыз мерекесін де ерекше атап өттік.
Біздің ұжым түрлі достық фестивальдеріне белсенді түрде қатысады. Біздің ұжым Ассамблеяға қарасты ұлттық орталықтар өткізетін дәстүрлі шаралар бел ортасында жүреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан ұлттық арнасымен бірлесіп «Достық» бағдарламасына қатыстық. Осы жоба аясында Алматы облысы Томаров совхозында өмір сүретін гректердің өмірі, тұрмыс-салты туралы тамаша репортаждар жасалды.
Әлбетте, өскелең буынға ерекше көңіл бөлеміз. Ертеңіміз де, сенеріміз де сол буын. Грек ұлтының Қазақстанда ер жеткен тәуелсіздікпен тұстас жастары бүгінде еліміздің түрлі салаларында еңбек етуде.
Балаларымызға грек халқының құнды мұралары, оның ішінде аңыз-әңгімелерін әрдайым дәріптеп отырамыз. Осы мақсатты Панфилов ауданындағы № 17 арнайы қуыршақ театрын аштық. Осы театрдың арқасында ертедегі грек аңыздарының даңқты кейіпкерлерін қайта тірілттік.
Еліміздегі ырыс-ынтымақты бекіте түсу мақсатында түрлі конкурстардың ұйытқысы болуға тырысамыз. Соның бір дәлелі – «Біз қазақстандықтармыз» байқауы. Осы байқау барысында оқушылар еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың ән-биін орындап, өнер көрсетеді.
Балалар белгілі бір ұлттың дәстүрлі киімін киіп, сахнада би билейді. Мұндай шараларды шала-шарпы, асығыс-үсігіс өткізгіміз келмейді. Осы себепті байқауға 1 ай бұрын дайындаламыз.
70 жыл бұрын
Қазақстандағы грек диаспорасы осы елдің мемлекеттік тілі – қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайды. Қазақ тілі еліміздегі ондаған ұлт пен ұлысты біріктірер күш екенін мына біздер, гректер жақсы түсінеміз. Әлбетте, осындағы грек диаспорасының туған тілін ұмытпауы аса маңызды. Қазақстандағы гректерге өз тілін меңгеруге, мәдениеті мен тарихын ұмытпау, дәріптеуге барынша жағдай жасалып отыр.
Қазақ билігі Қазақстандағы грек елшілігімен тығыз байланыс орнатқан. Осының нәтижесінде еліміздегі Грек елшілігі тарапынан қажетті оқулықтар үзбей келіп тұрады. Елшілік жөнелткен материалдардың көпшілігі достық, рухани бірлік тақырыбына арналғанын атап өтуім керек.
Біздің орталықтың мүшелігіне өтіп жатқан гректердің саны жыл сайын көбейіп отыр. Бұл бір есептен үлкен өмірге араласып, қатарға қосылған осында грек жастарының есебінен арта түсуде. Дәл қазір «Элефтерия» қатарында 1200-ден астам грек бар. Қазақстанда өмір сүретін барлық гректер осы елдің өзінің екінші Отаны деп есептейді.
Қазақ халқының қайырымы мен жақсылығын біздің ата-апаларымыздан сұрасаңыз ежіктеп айтып береді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға қоныс аударған бабаларымыз қазақ халқының көп жақсылығын көрді.
70 жыл бұрын арып-ашып Қазақстанға жеткенде осындағы ел кеудесінен итермей, керісінше бауырына басты. Жылы-жұмсағын алдына тосты. Басына баспана, алдына малын салып берді. Біз мұны ұмытқан жоқпыз және ұмытпаймыз да! Бұл жайтты әжеміз әрдайым еске алып отыратын.
«70 жыл Ресейдің оңтүстік өңірлерінде өмір сүрген грек диаспорасы тар заманның қыспағына ұшырап, жоғала жаздағаны өтірік емес. Краснодар өлкесінде күн кешіп жатқан мына біздерді жүк пойызына отырғызды да белгісіз бағытқа аттандырып жіберді. Гректердің көпшілігін Қазақстан мен Сібірге жер аударды», – деген еді ол.
Жасырып жабары жоқ, Қазақстанға келгенде бірқатар қиындықтар туғаны рас. Қанша дегенмен бөтен ел, бөгде жер ғой. Оның үстіне күн райына, гректер бейімделмеген климатқа төселу қиынға соққаны рас.
Жазы ыстық, қысы суық өлкеге бірден бейімделіп кету ауыр болды. Алайда уақыт келе гректер Қазақстанның кең даласына үйренісіп, бауыр басып қалды. Сонау Краснодардан жер аударып келген гректер қазақ халқын жақын тани түскен сайын соғырлым қазаққа деген құрметі арта түсті.
Қазақ халқының қонақжайлығы, дарқандығы, бекзаттығының арқасында осы ортаға оңай сіңісіп кеттік. Қазақ халқы мінезі ұлан-байтақ даласындай мейірімді, қайырымды екен.
Қазақ тілін меңгеру қиын емес!
Ілгеріде айтып өткенімдей, Қазақстанға қоныс аударған гректерге бұл жер екінші Отанына айналды.
Білсеңіз, бізге қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгеру еш қиынға соққан жоқ. Бабаларымыз осы елге қоныс аударғаннан кейінгі аздаған уақыттың ішінде қазақ тілін үйреніп алды. Сол буыннан өсіп өрбіген кейінгі буын да қазақ тілін бір кісідей меңгерді. Мұның себебі Қазақстанға көшіп келген гректердің көпшілігі түрік тілін жетік меңгерген болатын. Себебі Грекия 450 жыл бойы түріктердің боданы болды.
Ең бастысы, өскелең буынға өткен күндердің қиындықтарын әрдайым әңгімелеп, сол бір аласапыран шақты ой елегінен өткізіп отырамыз. Қазақстандағы грек жастары қазақ халқының жақсылығын жақсы біледі.
Тәуелсіздік алғаннан уақыттан күні бүгінге дейін қазақ билігі осындағы грек диаспорасына барынша қарайласып келеді. Осының арқасында кейінгі буын өзінің ұлттық дәстүрін, мәдениеті мен өнерін ұмытпай, керісінше сонымен сусындап ер жетті.
Грек диаспорасының құлашы кеңейіп, өсіп-өркендеуі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келді. Қылышынан қан тамған Қызыл империяның дәуірінде біз бұл туралы ойлауға да қорқатынбыз. Ал қазіргі жағдай қазақша айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» уақыт.
Тәуелсіздік арқасында қазақ жерінде өмір сүретін грек диаспорасы өз мәдениеті мен дәстүрін өркендетуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік алғашқы жылдары Алматыда «Эос» деп аталатын грек қоғамы құрылды.
Кейіннен мұндай ұйымдар Алматыдан өзге де өңірлерде құлаш жайды.
Соның бірі – өзім жетекшілік ететін «Элефтерия» грек этномәдени орталығы.
Біздің ұйым еліміздегі достық пен ынтымақты сақтау осы күнге дейін көптеген пайдалы бастамаларға ұйытқы болды.
Қазақ халқына қарыздармыз
Әлбетте, өзімнің тарихи Отаным, атажұртым – әлемге танымал Элладаға деген махаббатым ерекше. Греция антикалық дәуірден беріге жеткен храмдары, толқындары тулаған телегей теңізі мен жүзім бақтары осы елге миллиондаған туристі тартатыны өтірік емес.
Алайда менің екінші Отаным бар. Оның аты – Қазақстан. Мен ғана емес Қазақстандағы грек диаспорасы қазақ халқына қарыздар!
Біздің осы күнге жетуіміз қазақ халқының арқасында ғана мүмкін болды. Осы себепті өскелең ұрпаққа қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауды әрдайым құлағына құйып отырамыз.
Қазақстандағы ұлтаралық татулық қазақ халқының бекзат болмысы мен тектілігі арқасында шайқалмай сақталып тұр.
Қазақстан қарыштап дамып келеді. Еліміздің озық, өркениетті елдердің қатарына қосылуына осындағы грек диаспорасы да өз үлесін қосқысы келеді. Президент Тоқаевтың барлық бастамаларын қолдаймыз және оның жүзеге асуына жәрдемдесетін боламыз.
Наталья ТИФАНЦИДИ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
«Элефтерия» грек этномәдени
орталығының төрағасы